Ерте, ерте, ертеде бір жылдағы үш жүз алпыс бес күн бойына тырс етіп, жаңбыр тамбапты. Жер бетіндегі мәуелеп өскен ағаш та, құлпырған әсем гүлдер де, жайқалып тұрған өсімдіктердің жапырақтары да шыжыған ыстықтың салдарынан сарғайып солыпты. Бұдан былайғы жерде тірі жүрудің қиындығын білген құстар су табудың амалын қарастыру үшін көп болып жиналып, кеңес құрыпты.
Сонда құстардың бірі:
– Теңіз жағалауына барсақ, кеберсіген тұмсығымыздың суға тиюі сөзсіз ғой. Бірақ ол тым алыс, енді не істесек екен? – депті. Ақ тырна:
– Оның шарасы жеңіл! Теңіз жағалауынан шоқып, бір арық қазсақ, судың өзі ағып келеді, – депті.
Құстар бұл ақылды жөн көріп, теңіз жағалауынан арық қазуға бармақшы болыпты.
Тек бір торғай ғана «жаным қиналмасын» деп, төбе жағын аппақ қып бояп алыпты да, құстарға:
– Қылшылдаған жас емес, қырқылжыңның бірімін, басым да ағарды! Бұл жұмысқа қайтіп атсалыспақпын? – депті.
Құстар оған «қалсаң, қал» дегеннен басқа ештеңе айта алмапты.
Сөйтіп, құстар теңіз жағасынан тұмсықтарымен шоқып, арық қазуға жапа-тармағай аттаныпты. Олардың шоқи-шоқи тұмсықтары қанап кетіпті. Шыжыған ыстық күн қанаттарын күйдірердей болыпты.
Олар ыстықтан шаршап, өлуге айналғанда ғана суы бар салқын жерге барып, аз тыныстап алып, жұмыстарын қайта жалғастырады екен.
Сөйтіп, олар жеті күн, жеті түн тынбай еңбектеніп, теңіз жағасынан арық тартып әкеліпті. Су ағып өткен алқап жасыл түске еніп, гүл-бәйшешек құлпыра ашылыпты. Бұны көріп, шаттанған құстар шаттық әнін шырқап, қуаныштарын салтанат етіпті.
Басын ақ бормен бояған манағы торғай ғана ішқұса болып жабырқайды екен. Қанат қағып шарықтауға, ән шырқауға оның дәті бармапты. Басқалар мазақтап күле ме деп, басын да көтере алмапты. Қанша жуып арпалысса да, басындағы ақ борды кетіре алмапты. Сондықтан жұрт оны қазірге дейін «ақбас торғай» деп атайды екен.
«Бабалар сөзі». Жүз томдық, 73-том