Ақ жаңбыр бір тамбайды, бір басталса, тәулік бойы тынбайды. Үнсіз тұрып, төге береді, төге береді. Мұны көрген Өткінші жаңбыр Ақ жаңбырға «Жалқау жаңбыр» деп ат тақты.
– Бұл не?! – деді ол. – Болбырап, ыбылжисың да тұрасың. Ішің де пыспайды екен. Жаусаң, астан-кестеңін шығару керек қой! Міне, былай! – деді де, сатырлатып құя жөнелді. Көшедегі арықтарға су толып, лайланып аға бастады. Жүргіншілер ықты паналап жүгірісті. Әлгінде ғана бір қалыпты тып-тыныш тіршіліктің астан-кестеңі шыққандай болды. Оған қарап жатқан Өткінші жаңбыр жоқ, өз-өзіне мәз болып, «Әне, солай!» дегендей болып, қырқадан асып та кетті. Іле-шала бұлт ыдырап, жарқырап күн де шықты. Жаңбыр суы сай-саламен ағып кетті. Самал есіп, өсімдіктерді тербетті. Шөп біткен бастарын шайқап:
– Шөліміз қанбай қалды-ау! Өткіншінің мұнысы несі? Ұшып-қонып келді де, кетті! – деп ренжісті.
Сонда бір кәрі Қурай тұрып:
– Қиналып қайтесіңдер?! Одан да Ақ жаңбырға жайларыңды айтыңдар, – деді. «Әй, бұл да дұрыс екен-ау!» деп, шалғындар Ақ жаңбырға бұйымтайларын айтты.
Ол тыңдап болып:
– Мақұл, – деді.
Сол-ақ екен, Ақ жаңбыр аспай-саспай, тәулік бойына жауып еді, жер үсті еркін сусындап, көк жайқалып, құлпырып сала берді.
Жәнібек Кәрбозин