Дыбыстар патшалығы
Әлдебір патшалықта немесе мемлекетте емес, тура сенің аузыңның ішінде дыбыстар тұрып жатыр. Ал олардың үйі қандай әдемі! (Аузыңды аш. Әне, көрінді.) Үйдің төбесі бар. (Тіліңді тигізіп көр, өзіңнің үйіңнің төбесін ізде. Таптың ба?) Бұл үйдің едені дегеніміз – төменгі таңдай, есігі – еріндер. Есік бекем болуы үшін қойылған сүйек шарбақтар да бар. (Ол – сенің тістерің.)
Үйдің ішіне бір айдаһар кіріп кетпегенде, бәрі жақсы болар ма еді, қайтер еді? (Тіліңнің ұшын қимылдат.)
Айдаһар өзінің зұлымдық істерін жасай бастады. Кейбір дыбыстарды емін-еркін өткізіп жіберді. Мысалы, [а], [ә], [о], [ө] … дыбыстары еріннен, яғни есіктен еркін шығып жатты. Олардың үстіне киіп алған қызыл көйлектері бар. Ал басқа дыбыстардың жолына айдаһар түрлі кедергілер жасап, есікті жауып қояды [м-м-м]. Ол [т] дыбысын төбеге жасырып қояды. Айдаһар дыбыстарды біресе пырылдауға [п], біресе ысқыруға [с] немесе қырылдауға [қ] мәжбүр етеді. Біресе итше ырылдайды [р]. (Дауыстап көр. Көзің жетті ме?)
Бұл дыбыстар ауыздан емін-еркін шыға алмайды. Сондықтан да олар үстеріне көк көйлек киіп алған. Дауыс- сыз дыбыстар көк түспен берілетіні сондықтан. Ол сендерге 1-сыныптан бері белгілі: а – • , р – •.