ҚАРАМА-ҚАРСЫ ТҮСТЕР

      Түстер өзара қарама-қарсы қатынаста болады. Түс шеңберіндегі бір-біріне қарама-қарсы тұрған түстер қосымша түстер деп аталады. Олар қатар тұрғанда бір-бірін күшейте түседі. Мұндай түстер үйлесімі ерекше айқын болады. Оларды қарама-қарсы немесе контраст түстер дейді.
     Сабырлы, бірқалыпты көңіл күйді түс шеңберінде қатар тұрған түстермен берген дұрыс. Олар жақын түстер деп аталады.

      Жарық пен қараңғыны, мейірімді адам мен зұлымды бейнелеу үшін ақ және қара түстерді пайдалануға болады. Олар қарама-қарсы болғандықтан, бір-бірін өзара күшейте түседі.

      Кәне, қарама-қарсы түстердің қасиетін анықтап көрейікші. Қызғылт сары түсті қағаздан екі бірдей шеңбер қиып ал. Одан кейін өлшемдері бірдей шаршы қи. Оның бірі қызыл түсті, екіншісі көк түсті қағаздан болсын. Қызғылт сары дөңгелектерді шаршының бетіне қойып, мұқият қара.

Басқа түс жұптарымен де осылай жасай аласың.

Дөңгелектер қай фонда (негізтүсте) айқын көрінеді? Қорытынды жаса.

Қарама-қарсы түстердің үйлесімі жақын түстердің үйлесіміне қарағанда қанық көрінеді. Егер сен жақсы, көтеріңкі көңіл күйді бергің келсе, қарама-қарсы қатынастарды пайдалан.

×
×

Корзина