Мен бессайысшы боламын
Апасы Темірді маңдайынан иіскеп, еркелете бауырына қысты.
– Әлгі мылтығың не, түсіндіріп айтшы, – деді ол Темірге қарап.
– Апа, біз бүгін бірінші рет тирде мылтық аттық.
– Ат спортын қойдың ғой?
– Жоқ, оған да қатысамын.
– Мүмкін, онда суға жүзуді тоқтататын шығарсың! – деді таңдана.
– Неге? Оны да тастамаймын. Мен бессайысшы клубына барып жүрмін ғой.
– Сонда осының бәріне баруға уақытты қайдан табасың? Әр нәрсенің басын бір шаламын деп жүріп, ақырында бәрінен жұрдай боларсың. Оныңды қой. Оқуыңды оқы, спорттың бір түрімен айналыссаң да жетер.
– Апа, бір әңгіме айтайын, тыңдаңызшы, – деді Темір қиыла өтініп.
– Ал, айта ғой, – деп, апасы баласына сынай қарады.
– Ерте, ерте, ертеде ме, әлде біздің осы заманымызда ма, бір жерде соғыс болып жатыпты, – деп, Темір сәл жымия сөйледі. Ол әңгіме айтқанды да жақсы көретін. – Сонда әскердің шағын бір тобы жау қоршауында қалып қойыпты. Бір офицер атысып-шабысып жүргенде астындағы аты мерт болып*, өзі өзеннен малтып өтіп, одан әрі жаяу жүгіріп, әскердің негізгі тобына хабар жеткізеді. Осыдан кейін спорттың бессайыс деген түрі пайда болыпты.
– Сенің де сондай болғың келеді ғой, шамасы, солай ма?
– Иә.
– Жарайды, балам, «Талапты ерге нұр жауар» деген, талабыңа жет, – депті апасы.