СӘНДІК-ҚОЛДАН БАЛЫ ӨНЕР
Бағзы заманнан бері адамдар өз тұрмысына қажетті заттарды жасайды. Олар желден, аптап ыстық пен қатты суықтан қорғану үшін теріні илеп, оны суреттермен, өрнектермен сәндеген. Сондай-ақ қару-жарақтары мен еңбек құралдарын да әшекейлеген. Кейінірек адамдар кілем тоқып, киім тігіп үйренді. Тұрмыстық заттарды әшекейлеу арқылы сәндік-қолданбалы өнер пайда болды. Онда түс, көлем, сызық, пішін және т.б. әсерлегіш құралдар қолданылады. Бейнелеу өнерінің бір түрі ретінде сәндік-қолданбалы өнердің әлем мәдениетінде алатын өзіндік орны бар. Халқымыздың бейнелеу өнерінің қалыптасуында қолөнер түрлерінің маңызы зор. Қолөнер бұйымдары алуан түрлі ою-өрнектерімен, құлпырған айшықты бояу түстерімен белгілі. Шебердің ісмер қолдары дорба мен ыдыстарды, қару-жарақтар мен аспаптарды тартымды етіп әшекейлеген.