Ескерткіштер не үшін керек? «Естелік», «ескерткіш» сөздеріне қатысты сөйлем құра.
Өте ерте заманда адамдар ұрпақтан ұрпаққа қалатын тарихи дүниелер жайлы ойламады. Тұтас мәдениеттер ізсіз жойылып кеткен замандар болды. Уақыт өте келе адамдар ескерткіштердің мәнісін түсіне бастады. Соның арқасында айтулы оқиғалар мен ұлы адамдар туралы естеліктер сақталды. Ескерткіштер еліміздің тарихына құрметпен қарауға тәрбиелейді.
Суреттерге қара. Тарихи-мәдени ескерткіштердің қандай түрлері бар?
Суретте Түркістан, Алматы, Орал, Семей қалалары мен облыстарындағы тарихи-мәдени ескерткіштер бейнеленген. Саған таныс ескерткіштерді атап көр.
Өткенге құрмет – бұл өлкеде өмір сүріп, өз Отанын, жерін, елін сүйген адамдарды есте сақтау.
Өзіңді экскурсия жүргізушісімін деп ойлап көр.
Сыныптастарыңа өз қалаң, ауылың жайлы экскурсия жүргіз. Төмендегі сұрақтарға әңгіме құрастыр: – Қалаңның (ауылыңның) құрылғанына қанша жыл болды? – Қалаңда (ауылыңда) қандай тарихи-мәдени ескерткіштер бар? Ол ненің құрметіне немесе қандай оқиғаға байланысты қойылған?
Тақырыбы «Менің сүйікті ескерткішім» . Кез келген ескерткішті (еліміздегі, қаладағы, ауылдағы) таңдап, ол ескерткіштің саған неге ұнайтындығы туралы 7–8 сөйлем жаз.
Даналардың айтқан сөзі бар: «Болашағын ойлаған адам ескерткіш орнатады». Сен осы пікірмен келісесің бе? Мысал келтір.
«Жер бетінде мәдени және тарихи ескерткіштер сақталу үшін не жасай аламын?» деген тақырыпта жадынама жаз.