Отан таңы (Музыкадағы таң көріністері)

1-тапсырма. Ойтолғау. Зерттеу. Талдау.

   Сен түрлі музыкалық шығармамен таныстың. Осы шығармаларды жазуға композиторларға не әсер етті деп ойлайсың? Бірінші ойға келетін нәрсе – шығармашылық шабыт, қиял және өмірге, халқына, туған жері мен табиғатына деген зор сүйіспеншілігі. Сен қалай ойлайсың?
   Туған жердің жұпар иісі, кең ауасы мен сұлу табиғаты әр адамның есінде мәңгі қалады. Қайда жүрсе де, өзіне тартады.
   Композиторлар – жаны нәзік жандар. Біз, мысалы, қоршаған ортаға, табиғатқа деген сүйіспеншілігімізді сөз арқылы жеткіземіз, ал олар музыка арқылы баяндайды. Жақсы музыканы қай ұлттың композиторы жазса да, адамның жүрегін баурайды, сезімін толқытады, мұңайтады және қуантады.

«Табиғат құбылыстары» тақырыбына қатысты үнтаспаға жазылған музыкалық екі жаңа шығарманың үзіндісін мұқият тыңда. Атаулары саған әзірге құпия.
• Көз алдыңа қандай көріністер елестеді?
• Шығармалардың басы қалай басталады (нәзік, сәл-пәл қобалжыған үн бе әлде қатты шыққан музыка басым болып тұр ма)?
• Екі шығарма бір-біріне ұқсай ма әлде айырмашылығы бар ма?
• Музыканың нақышына қарай әр шығармаға тақырып қой және не үшін олай атағаныңды түсіндіріп айт.
• Енді екі шығарманы бейнетаспадан көріп, талда, сенің тақырыбыңмен сәйкес келе ме?

Рассвет на Москве-реке («Мәскеу өзеніндегі таң»)

«Хованщина» операсына кіріспе
(үзінді)
Музыкасын жазған: М. Мусоргский

   «Мәскеу өзеніндегі таң» кіріспесінде арайлап атқан таңды бейнелейді. Бұлыңғыр күннің ашылуы, мұнаралардың біртіндеп көріне бастауы, әтештің шақыруы, таңның атқанын білдіргендей шіркеу қоңырауының үні естіледі. Күн сәулесін шашып, шіркеудің мұнараларын жарқыратып тұр. «Хованщина» операсы – Мәскеудегі мергендер көтерілісі туралы жазылған шығарма.

   Модест Петрович Мусоргский (1839–1881) – орыстың ұлы композиторы. Псков жеріндегі Карев ауылында дүниеге келген. Балалық шағын орманда, көл жағасында өткізді. Оның музыкадағы ең алғашқы ұстазы анасы болды. Анасы кішкене Модестке пианино аспабында ойнауды үйретті. Туған елінің табиғат көріністері, халық әндері бала жүрегінде ұзақ сақталып қалды. Кейін ол шығармаларында осы естеліктерді бейнеледі. Мысалы, оның «Хованщина» операсын дүниежүзі жақсы біледі.

М. Мусоргскийдің «Утро на Москве-реке » («Мәскеу өзеніндегі таң») кіріспесінің негізгі әуенін сыныбыңмен бірге, мұғалімнің дирижёрлік қимылдарына қарап, «ля» буынына салып орында.

• Әуенді қандай штрих қолдана отырып орындау керек?
• Әуен қандай екпінде және дыбыс күшінде (динамика) орындалады?
• Опера музыка жанрын қалай түсінесің?

Утро («Таң»)

(«Пер Гюнт» сюита үзіндісінің негізгі әуені)
Музыкасын жазған: Э. Григ

Э. Григтің «Утро» үзіндісінің негізгі әуенін сыныбыңмен бірге, мұғалімнің дирижёрлік қимылдарына қарап, «ля» буынына салып айт.
• Нотада көрсетілген екпін және дыбыс күшін пайдаланып, әуенді әдемі нақышта әндетіп орында.
• Әуенді, әнді орындау талаптарын сақтап, нотамен айтып көр.
• Сюита музыка жанрын қалай түсінесің?

   Эдвард Григ (1843–1907) – Норвегияның әйгілі композиторы, музыка қайраткері, пианист, дирижёр. Оның шығармашылығына ерекше әсер еткен Норвегияның ұлттық мәдениеті. Григ жастайынан музыканы жақсы көріп өсті. Анасының көмегімен пианинода ойнауды үйреніп, 14 жасында Лейпциг қаласындағы консерваторияға түсіп оқиды. Э. Григ – тек өз еліне ғана емес, бүкіл дүниежүзіне әйгілі композитор.
   «Пер Гюнт» сюитасы – әлемге танымал шығармалардың бірі. Композитор өзінің туған жерінің табиғатын, таң шапағын осы сюитаның «Таң» шығармасында музыкалық көркемдеуіш құралдар арқылы керемет суреттеген. 

2-тапсырма. Тыңдау. Ақпарат іздеу. Орындау.

Отан таңы

Музыкасын жазған: С. Еркімбеков

  Серік Еркімбеков – белгілі композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Ол осы музыкалық шығармасын «Отан таңы» деп атады.

Шығарманың екі нұсқасын тыңдап, мына сұрақтарға жауап бер:
• Композитор шығарманы неге «Отан таңы» деп атаған? Музыканың атауы саған қандай ой салды? Көз алдыңа қандай көріністер елестеді?
• Ол туған жерінің сұлулығын қандай музыкалық көркемдеуіш құралдар арқылы көрсетті?
• Шығарманың екі түрлі орындалған нұсқасын салыстыр, ұқсастығы мен айырмашылығын тауып, түсінгеніңді айтып бер.
• «Интерпретация» деген сөз қандай мағынаны білдіреді?
• Осы шығарманың негізгі әуенін сыныбыңмен бірге, мұғалімнің ән орындау талаптарына сай, «ля» буынына қосып орында.

• Негізгі әуенінде композитор қандай штрихты пайдаланған?
• Нотада үш санымен белгіленіп, лигамен берілген ноталар – «триоль» деп аталады.

3-тапсырма. Зерттеу. Талдау.

Тыңдаған үш шығармаға: М. Мусоргскийдің «Рассвет на Москве-реке», Э. Григтің «Утро» және С. Еркімбековтің «Отан таңы» шығармаларына зерттеу жүргізіп, бір-бірімен салыстыр, талдау жаса. Мына сұрақтарға жауап бер:
• Шығармалардың бір-бірімен ұқсастығы мен айырмашылығы неде? Кесте, сурет, сызба, пантомима және т.б. арқылы көрсет.
• Композиторлар туған жеріне деген махаббатын қалай жеткізген?
• Тыңдаған шығармалар саған несімен ұнады және қандай әсер қалдырды?

4-тапсырма. Ән үйрену.

Дос болайық бәріміз

Өлеңін жазған: Х. Талғаров
Әнін жазған: И. Нүсіпбаев

1. Әрқашан дос, біргеміз,
Ажырамас іргеміз,
Ілгері жүріңдер.
Достық жырын біліңдер,
Ту ғып ұстап бірлікті,
Еңбекті сүйіңдер!

Қайырмасы:
Дос болайық бәріміз,
Жарасып тұр әніміз.
Тыныштықты сақтаймыз,
Атсын күліп таңымыз!

2. Қайраттанып, қарышта,
Озып шыққан жарыста,
Батыл бас, жас ұлан!
Самға биік, алысқа,
Жұлдыздарға, ғарышқа,
Бойда күш тасыған.

Қайырмасы:
Дос болайық бәріміз,
Жарасып тұр әніміз.
Тыныштықты сақтаймыз,
Атсын күліп таңымыз!

3. Отан – біздің панамыз,
Аман жүрсін анамыз,
Нұрлы күн сөнбесін.
Бақыт болып жанамыз,
Жарық біздің санамыз,
Қара бұлт төнбесін.

Қайырмасы:
Дос болайық бәріміз,
Жарасып тұр әніміз.
Тыныштықты сақтаймыз,
Атсын күліп таңымыз!

Әнді басынан аяғына дейін тыңдап, сыныбыңмен бірге мазмұнын талда.
• Әннің көңіл күйіне, көркемдеуіш құралдарына, мәтіннің мазмұнына көңіл бөл, түсінігіңді айт.
• Мұғалім көрсеткен талаптар бойынша әнді үйрен.

   Опера – музыка өнерінің жанры. Ол вокалдық және аспаптық музыка, драматургия (хореография/балет),
бейнелеу өнері (декорация, костюм) бірлестігінен туған театр шығармасы.
   Жанр – музыкалық шығармалардың түрі.
   Операға кіріспе (увертюра) – музыкалық спектакльге аспаптық кіріспе.
   Либретто – операның жазбаша жазылған қысқаша мазмұны.
   Сюита – бір идеяға бағындырылған, әртүрлі пьесалардан құрастырылған музыкалық шығарма. Француз сөзінен алғанда «қатар», «бірінен соң бірі» деген реттік ұғымды береді.
   Аспаптық музыка – арнайы музыкалық аспаптарда орындау үшін жазылған шығарма.
   Интерпретация – музыкант-орындаушының музыкалық шығарманы орындау кезіндегі көркемдік түсіндірмесі. Латын тілінен алғанда «түсіндіру» деген мағынаны білдіреді.

5-тапсырма. Бағалау.

1. Сабақта берілген тапсырмаларды қалай орындадым?
2. Орындағанда қандай қиындықтарға тап болдым?
3. Өз дайындығымды қалай жақсартар едім?

×
×

Корзина