АДАМЗАТ ӘЛЕМІ ЖӘНЕ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

1. Суреттерге қара. Олардың қайсысын құндылық деп санайсың? Ойыңды дәлелде.

2. Төмендегі үзіндіні оқып, осы тарауда қандай мәселелерге назар аударылатынын болжап айт. Мәтіндегі тірек сөздердің мағынасын таратып түсіндір. Басқа тілден енген терминдерді тауып, олардың жазылу ерекшелігіне көңіл бөл.

   Құндылық – бұл қандай да бір нәрсенің мәнділігі, маңыздылығы, қалаулылығы, пайдалылығы және қымбаттығы. Ол қашанда бір нәрсенің бағалылығын, яғни объективті болмысты және сонымен бір мезетте оның әлдекім (немесе әлдене) үшін құндылығын, яғни субъективті бағалау деңгейін білдіреді. Дүние құндылыққа толы: материалдық (заттар, әшекей бұйымдар, алтын мен асыл тастар, ақша, меншік және т.б.), табиғи (күннің атуы мен батуы, теңіздер мен таулар, гүлдер және т.б.), көркем (әдебиет пен өнер туындылары) және адами (сұлулығы мен ізгі қасиеттері) құндылықтар.
   Бір нәрсені екіншісінен артық көру – жалпы тірі табиғатқа тән қасиет. Аң екеш аңның өзі төлін қызғыштай қорғайды. Дегенмен құндылықтың антропогенді, яғни адамға тән екендігін баса айту қажет, өйткені барлық жаратылыстың ішінде адам ғана табиғи және мәдени туындыларды, идеялар мен амал-әрекеттерді, жалпы басқа адам мен қоғамды, сондай-ақ өзін-өзі бағалауға қабілетті. Құндылықтар адамның әлеуметтік болмысын айқындайды. Адамзат баласы құндылықтарға мүдделі әрі мұқтаж.


(Әлеуметтік сөздіктен)

3. Салыстыр. «Құнды», «құндылық», «жалпыадамзаттық», «ұлттық» сөздерінің мағынасын қалай түсінетініңді тұжырымдап жаз. Өз пайымдауларыңды «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегі» осы сөздерге берілген анықтамалармен салыстыр.

4. Ойшақыру. Жұптық жұмыс. Мәтін бойынша және өздерің құндылықты тағы қалай түсінетіндеріңді ойланып, диаграмма мен кестені толтырыңдар. 1, 2-жұптар кестені, 3, 4-жұптар диаграмманы толтырады. Жұмыстарын алмасып, салыстырады.

5. Тірек сөздерді оқы. Осы сөздер қатысқан мәтінде не туралы айтылуы мүмкін деп ойлайсың? Пікірлесіңдер.

Тірек сөздер: жіктеу, адамзаттық, ұлттық, құндылық, қалып.

6. «Құндылық» сөзін бірнеше сын есім сөздермен тіркестіріп жаз. 3 минутта ең көп сөз тіркесін жазған сыныптасыңды анықта.

Үлгі: рухани құндылық, …

   Конспект – тыңдалған немесе жазылған мәтіндегі ақпараттың барынша ықшамдалып, қысқартылып жазылуы.        Конспектіде сөйлем құрылымының толық сақталуы шарт емес, бірақ түсінікті болуы маңызды.
  Конспектіде сөйлемдер өзгертілмеген қалпында немесе жазып отырған адамның қалауына қарай қысқартылып, қарапайым түрде жазылуы мүмкін.

7. Мәтінді мұқият тыңда.

8. Мәтінді тыңдай отырып, конспект жаз. Мәтін мазмұны бойынша тірек сөздерді анықта. Олардың мағынасын түсіндір.

9. Тыңдалған мәтін мазмұны бойынша күрделі жоспар құр. Ол үшін төмендегі тақырыптарды ретпен қойып жаз.

Гуманистік аксиология.
Құндылықтардың жіктелуі.
Қазіргі заман құндылықтары.
Адам – ең басты құндылық.
Құндылық және қалып.

Интонацияның құрамдас бөліктері:
әуен, әуез, тембр, қарқын, кідіріс

    Әуен, әуез, қарқын, кідіріс, тембр – интонацияның негізгі компоненттері. Оны басқаша просодикалық тәсілдер депте атайды. Интонацияның аталған компоненттері сөз ағымында бірімен-бірі тығыз байланысты болып, көркем сөйлеудің негізін құрайды. Бұл компоненттер негізінен тілдегі сөйлемдерді айтылу мақсатына қарай ажыратуға қатысады. Олар сөйлеу ағымында жеке-жеке емес, тұтасып, бір-бірімен бірігіп, кейде біреуі басым түсіп, кейде барлығы бірдей деңгейден көрініп, сөйлемді ұйымдастырып, безендіріп тұрады. Просодикалық тәсілдер арқылы кез келген сөйлеу үдерісінде, шығарма тілінде, мәтінде, тіл дыбыстарында стилистикалық бояу анық байқалады.
   Интонацияның маңызды да белгілі компоненттерінің бірі – пауза немесе кідіріс. Сөйлеу ағымында болатын үзілісті пауза дейді. Кідіріс акустикалық жағынан дыбысталудың тоқтағанын, физиология тарапынан артикуляцияның тыйылғанын білдіреді.

10. Даналар айтқан сөздерді оқып, мағынасын түсін.

Б. Шоу: «Жазу тілі грамматикалық жағынан қанша жетілсе де, интонацияның сан түрлі қызметін бере алмайды. Мысалы, айтуда «иә» деген сөзді 50 түрлі тәсілмен, ал «жоқ» деген сөзді 500 түрлі тәсілмен беруге болады. Ал жазуда бұлай болуы мүмкін емес».
М. Горький: «Біз өз сөзімізді сөзден де артық интонация арқылы түсіндіреміз».
В. Всеволодский-Гернгросс: «Адамның жан дүниесінің қанша құбылысы болса, соның бәрін интонациямен беруге болады».
Қ. Жұбанов: «Адамның көңілінің түрлі күйіне сөздің түрлі әні сәйкес келеді».
А.П. Чехов: «Әр сөздің айтылуына қарай мың мағынасы бар».
К.С. Станиславский: «Штамптан қате жақсы».

11. Тілдік бағдар бойынша интонациялық компоненттердің сөйлеу ағымындағы маңыздылығына сәйкес топтастыру сызбасын толтыр.

12. Сөйлемдерді оқу барысында интонацияның негізгі компоненттеріне мән беріңдер. Сынып бойынша үздік дауыс иесін анықтаңдар.

  Жас бала – жас шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең сындырып аласың. «Баланы бастан» деген сөздің мәнісі осы.


(М. Жұмабаев)

13. Мәтінді оқы.

   Құндылықтарға байланысты ой-тұжырымдар адам туралы ілімдердің барлығында қамтылып отырады. Өйткені адамның мәні оның құндылықтарға деген қатынасымен өлшенеді. Философия ғылымында құндылықтар туралы ілім аксиология деп аталады. Бұл ғылым саласы өзінің бастауын құндылықты адам игілігі деп қарастырған ежелгі гректерден алады.
   Ғылыми еңбектерде құндылыққа мынадай анықтама берілген: «Құндылық – мәдениеттің құрамдас бөлігі. Мәдениеттің құрамдас бөлігі болуы себепті құндылық адамдардың өзін ұстауын реттейді, олардың шынайы тәртібін айқындайды. Мәдениет құндылықтары, тиісінше, материалдық және рухани болып бөлінеді». Осы ойдан туатын түйін: құндылықтар – адамның бойына шынайы кісілік қасиеттерді сіңіретін, оларды ізгілікке бастайтын, қоғамдағы өз орнын саналы түрде иемденуге, адамзат баласын бірін-бірі, өзі өмір сүріп отырған ортаны, ғаламды сүюге, құрметтеуге ықпал ететін рухани қайнар көз. Ғалымдар құндылықтарды финалдық, құралдық, туынды деп бөліп көрсетеді.
  Финалдық құндылықтар – ең жоғары құндылықтар мен идеалдар. Олардан артық ештеңе жоқ. Адамдардың өмірінің мәнін құрайтын, оның ең басты мүдделері мен бағдарларын айқындаушықұндылықтар (өмір, еркіндік, сұлулық, адалдық, бақыт, махаббат, ар, гуманизм, денсаулық және т.б.). Философтар мұндай құндылықтарды «өзінен-өзі туындап жататын нәрселер, олар басқа бір мәселені шешу үшін емес, адамның өзі үшін қажет» деп бағалайды. Кімнің бойында осы құндылықтар бар болса, ол одан әрі ұлғая береді де, басқа бір өмірлік жетістіктерге жеткізетін әрекеттерді жүзеге асыруға қажетті іргетас қалайды. Бірақ финалдық құндылықтарды адам басқа бір әрекеттерде жемісті болу үшін емес, оларсыз өз өмірінің мәні тереңдейтінін сезінгендіктен меңгереді.
  Құралдық құндылықтар – финалдық құндылықтарға қол жеткізу үшін қажетті құралдар мен жағдайларды айқындаушы құндылықтар. Мысалы: әдемі бұйымдар, талғамды киімдер, көркем туындылар – сұлулыққа тамсану үшін керекті құралдар. Сол сияқты спортпен айналысу – денсаулық секілді финалдық құндылыққа жетудің жолы. Оқу – болашақта адамның өміріндегі нақты мақсатқа қол жеткізудің шарты, мүмкіндігі, құралы болып саналады. Құралдық құндылықтарға пайдалы болу тән. Олар неғұрлым нақты бір мақсатқа қол жеткізуге пайдалы болса, соғұрлым құнды болады. Сонда тіл де – құрал, оқу да – құрал. Екеуін қатар жетілдіру олардың бірімен бірін ажырағысыздай етіп өру – құндылықтарды қалыптастырудың негізі.
   Туынды (производные) құндылықтар басқа бір құндылықтардың нәтижесі немесе соларды білдірудің символдық, белгілік мәні болып саналады. Мысалы, сыйлық – құрметтің, достықтың, махаббаттың туынды құндылығы. Медаль – адамның мәртебесін өсіруге қажетті құрал.
  Құндылықтар ұдайы бір-бірімен сәйкес келе бермейді. Кей жағдайларда адамның бір құндылықты таңдауына тура келеді. Мысалы: Өмір – Ар; Достық – Махаббат; Білім – Демалыс.


(«Мәдениеттану негіздерінен»)

14. Мәтін мазмұны бойынша сұрақтарға жауап бер.

1. Мәтіндегі тірек сөздерді айт. Мәтіннің стилін анықта. Ойыңды дәлелде.
2. Финалдық, құралдық, туынды құндылықтардың ең маңыздысы қайсы? Осы терминдерді басқаша қалай атауға болады?
3. Мәтінде өзің үшін тосын ақпарат кездесті ме? Ол мәтіннің қай бөлігінде айтылған?
4. Мәтін мазмұны бойынша ойтұжырым жаз.
5. Мәтінге қандай ат лайық? Неге?

15. Жұптық жұмыс. Мәтіндегі финалдық құндылықтар жайлы пікірді парталасыңмен бірге талдап, сызбаны толтыр.

16. Мәтіннен үндестік заңына бағынбай жазылған сөздерді тауып жазып, себебін түсіндір.

Үлгі: құндылық – құндұлұқ.

17. Мәтінге сүйеніп, құндылықтардың жіктелуі мен олардың адам өміріндегі мәні туралы өз тұжырымыңды төмендегідей көрнекі сызба түрінде жаз.

18. «Аквариум». Жағдаят: Төменгі сыныпта оқитын інің/сіңлің «құндылық» деген сөздің мағынасын түсіндіріп беруіңді сұрады. Диалогті парталас досыңмен бірге сынып алдында көрсетіңдер. Сынып ауызекі сөйлеу стиліне тән заңдылықтар мен сөз әдебі нормаларына сай келетін үздік диалогті анықтасын.

19. Өлеңді үндестік заңын сақтай отырып, мәнерлеп оқы. Білге қаған, Күлтегін туралы білетініңді айт. Жыр мазмұнына сүйеніп, құндылықтарды ата. Мәтіндегі қарамен жазылған сөздердің орфоэпиялық және орфографиялық нормалары туралы айт.

Түркі халқы үшін
Түн ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым.
Інім Күлтегінмен бірге,
Екі шадпен бірге
Өліп-тіріліп жерді ұлғайттым.
Сөйтіп, Тәңірі жарылқады:
Бағым болғандықтан,
Сәті түскендіктен,
Өлімші халықты тірілттім.
Жалаңаш халықты тонды,
Кедей халықты қоңды қылдым.
Аз халықты көп қылдым.
Тату елге жақсылық қылдым.
Төрт бұрыштағы халықты,
Бәрін бейбіт қылдым,
Тату қылдым….
Төбеңнен Тәңірі баспаса,
Астыңнан жер айырылмаса,
Түркі халқы, ел-жұртыңды кім қорлайды?

(«Білге қаған–Тоныкөк» ескерткішінен)

20. Полилог. Тыңдалым мәтінінде айтылған «Қазіргі қоғамда адамды ең жоғары құндылық ретінде тануға назар аударылып отыр» дегенді қалай түсінесің? Өзің жүрген ортада осы ұстаным қаншалықты сақталады деп ойлайсың? Пікір алмасыңдар.

21. «Шығу парағын» пайдаланып, төмендегі сұрақтарға жазбаша жауап бер.

1. Бүгін не үйрендің?
2. Сабақ бойынша қандай сұрақтарың бар?
3. Келесі сабақта қандай мәселелерге баса назар аудару керек?

×
×

Корзина