Жаз таңы баяу атады.
Ақырындап жайыла түсер ақ сәуле әуелі ақтұмандай жайылып, сонан соң әрбір қарайған затқа, әрбір шөптің талына өзінше әр беріп, жер-жаһанды ақырын қозғап, көзге көрінбейтін сергек сезімдерді қалықтатып, шым-шым сылап-сипай, ақырын-ақырын тербеп оятады.
Осы мезетте аспанда: мөп-мөлдір тұнықтық шырайланып сала береді. Қуаныштан жүректері жарылардай болып шыр-шыр еткен құстар кішкентай қанаттарын шаттана шапаттап, мөп-мөлдір тұныққа сүңги бастайды. Құстардың, жәндіктердің үндері бұрынғысынан басқаша құйқылжып, шымырлай әуелеп бара жатады. Жұлдыздардың түнгі ертегісінен қалып қойған қасқыр-бұлт, қоян-бұлт, арыстан-бұлт, шал мен кемпір-бұлт, бота-бұлттар қайда тығыларын білмей сасқандай селт етпей қатып-қатып қалады. Көкжиектің ніл бояуы жайылып, ақшыл-көкшілденіп жұмсарып бара жатады. Осы мезетте жерде: шөптер сабақтарын қозғап, гүлдер бастарын көтереді. Таңғы тәтті ауа тіршілік иелерін үнсіз ғана ұғар рақатқа батырады. Жердегінің бәрі үн қата бастайды, құрақ сыбыр салады, көл беті шолп етеді, жәндіктер жыбырлап-қыбырлауға кіріседі. Жан-жануар жиілете тұяқтарын сыртылдатады. Сәлемдескен, мал айдаған адамдардың үні бәрінен айқын, бәрінен де салтанатты естіледі.
Таң тірлігі ғажап қой!
Шіркін, осы сәт қылқалам ұшына қонса ғой, осы сәт нотаға түссе ғой.
Қалалықтардың осындай сәтті көре алмайтыны қандай өкінішті!
Оларға арман осындай таңдар.
Ауыл таңы.