Мәдениеттің қоғамдағы қарым-қатынастық қызметі мен міндетінің сан алуан қыры бар. Ал біздің өркениеттілігіміз жаппай компьютерге көшумен сипатталмауы керек, мәдени диалогтің түрін жасап, оны сақтай білу қабілетімізбен көрінуі керек. Тек жоғары деңгейде мәдениеті бар өркениет ғылым мен техниканың дамуындағы теріс салдарларды жоя алады. Егер біз ғылым арқылы шындықты ашсақ, өнер арқылы әсемдікке ұмтыламыз, ал құндылықтар арқылы жақсылық пен жамандықты айырамыз.
Адамдардың қарым-қатынасы, мәдениеттер сұхбаттасуы – әлеуметтік шындықтың басым көрінісі. Қазіргі құндылықтар белгілі бір әлеуметтік-мәдени қауымның немесе халықаралық қауымдастықтың қандай да бір құндылықтарды насихаттауы барысында қалыптасады. Онда адам ерекше бір өрісте – қарым-қатынас өрісінде болады. Руханилық пен ізгілік, әдемілік пен жақсылық тербелісі адамды нәзік тормен қоршаған; қоғамдық өмірде тек зат пен тауар ауысуы ғана емес, ең алдымен идеялар, мамандық, шеберлік тәжірибелерімен, сезімдік үлгілерімен ауысу толастамақ емес.
Мәдениеттің өзекті бөлігі – өнер. Әр халықтың шығармашылық рухынан туған сұлу дүниелерсіз, өнер әлемінсіз, қандай мәдениеттің болсын рухын сезіне алмаймыз. Өйткені өнер – мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі. Өнер – адамның әсемдікке, сұлулыққа ұмтылуы. Осыған дейін қарастырылған анықтамалардан бір түйінді ой айтуға болады: мәдениет – адам әлемі. Мәдениет көріністерінде адамдық парасат, ақыл-ой, ізгілік пен әдемілік заттандырылып, игіліктер дүниесі, құндылықтары құралған.
Мәдениет – адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Әл-Фараби айтқандай, адам – мәдениетке құштар тіршілік иесі. Адам саналы әрекетінің арқасында өзінің мәдени деңгейін көтереді. Әрекеттену – жалпы адам мен қоғамның өмір сүру тәсілі, тіршіліктің тірегі. Мәдени әрекет деп, әдетте, мәдениет игіліктерін өндіруге, таратуға, тұтынуға бағытталған мақсатқа сәйкес әлеуметтік іс-қимылдарды атайды. Мәдени игіліктердің толассыз жасалуы нәтижесінде ғана адамзаттың өзінің де мәдени деңгейі көтеріледі. Осы әрекеттің қайнары, түпкі қозғаушы күші ретінде ғылым адамның талап-мұқтаждарын, мәдени қажеттіліктерді бөліп қарастырады. Олардың қатарына мынадай адамдық қажеттіліктер жатқызылады: өмірдің мәні мен мағынасын іздеу, өмірден өз орнын табуға ұмтылу, шығармашылыққа талпыныс, альтруизм, гумандылық және тағы басқалары.
Биік талғамға сай келетін өнер мен шынайы мәдениет жалпыадамзаттық игілікке айналады. Ол жеке бір ұлттық құндылықтан адамзатқа ортақ ізгілікке ұласады. Мысалы, қазақтың қаршадай баласы Димаш Құдайбергеннің өнері осыған дәлел.
(С. Нұрсейітқызы)