– Көп жаса,
Кішкентай құлыным,
Жақсылық істедің қарт үшін! –
Дейді әжем
Ақырын жымиып,
Көрсетіп сиреген сары тісін.
Санаулы тісінің қалғаны,
Сақталған секілді саулары.
Жемейді ол шекер мен алманы,
Сүйеді құймақ пен жарманы.
Кейде әжем бақшаға барады,
Қалғандай бойына әл кіріп.
Қолымнан жетелеп алады,
Қалады қайтарда алқынып.
– Әжетай,
Алайық тынығып,
Шаршадым, – деймін мен өтініп.
Әдеті бойынша жымиып,
Демалар көгалға отырып.
Жүрерде таянып таяғын,
Орнынан тұрады ол әрең.
Әттең,
Мен кішкентай баламын,
Әйтпесе, арқалап алар ем.