Қазақ оркестрінің алыбы – Ахмет Жұбанов

1-тапсырма. Әңгімелесу.

   Ахмет Қуанұлы Жұбанов (1906–1968) – композитор, дирижёр, қазақ музыкасын зерттеуші, көрнекті ғалым. Ақтөбе облысында дүниеге келген. Алғашқы қазақ оркестрін ұйымдастырушы, дирижёрі. Оның «Би күйі» мен «Қарлығаш», «Ақ көгершін» әндері
әлемге танымал.

• А. Жұбанов жөнінде ақпараттар іздеп, толықтыр.

2-тапсырма. Музыка тыңдау.

Би күйі

Музыкасын жазған: А. Жұбанов

А. Жұбановтың «Би күйін» оркестрдің орындауында тыңда.

• Күйден қандай әсер алдың?
• Күйді әуендетіп орындауға бола ма?

3-тапсырма. Зерттеу және орындау.

   Оркестр – орындаудың ұжымдық түрі. Музыкалық шығарма әуенінің ноталары әр аспапқа арнайы жазылады. Оны «партитура» деп атайды. Партитура арқылы бір мезгілде барлық аспаптарда орындалып жатқан дыбысты қадағалауға болады.

«Би күйінің» әуенін нотаға қарап орында.

• Берілген әуенді ырғақтық партитураға лайықта.
• Әуенді бір топ орындайды, екінші топ ұрмалы музыкалық аспаптарды қолданып, ырғақтық сүйемел жасайды.

4-тапсырма. Ән орындау.

Ақ көгершін

Өлеңін жазған: Н. Баймұхамедов
Әнін жазған: А. Жұбанов

Ақ көгершін, көгершін,
Қолғанат құс сен едің.
Бар, кезіп қайт, ел үшін
Кең дүниенің көлемін.
Әділеттің құсы деп ,
Көз алмастан жолыңнан.
Бақыт болып қоншы деп,
Ұшырамын қолымнан.

Қайырмасы:
Ел тілегін алып ұш
Адамзаттың бағына.
Қара бұлтты жарып ұш
Мұхиттың арғы жағына.

   Көгершін – дүниежүзінің көптеген халықтары үшін бейбітшіліктің белгісі.

• Әннің сөзіне, мағынасына зейін қой.
• Асықпай, орташа екпінде орында.

×
×

Корзина