АБАЙ ЖОЛЫ
(үшінші кітап)
АБАЙ АҒА


Оқу мақсаттары:
  11.1.1.1 әдеби шығарманың сюжеттік-композициялық құрылымын талдау арқылы көтерілген ғаламдық мәселелерді терең түсіну.
  11.2.2.1 автор бейнесінің шығарманың негізгі идеясымен байланысын айқындау.
  11.3.1.1 шығарманы ғаламдық тақырыптармен салыстырып, тарихи және көркемдік құндылығын бағалау.

  Тірек сөздер: көш, қайым айтыс, Еңлік–Кебек тарихы, бәсеке ақындар, әділқазылық.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – үзіндінің сюжетін талдау;
  – композициялық жүйесін анықтау;
  – автор бейнесін білдіретін сөздерді табу;
  – автор идеясын анықтау;
  – тарихи және көркемдік құндылығын саралау.

1

  Күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Таң салқыны қазір күздің суық желіне айналған. Маңайда қызарып солған қурайлар көп көрінеді. Бүрінен айырылған тобылғы да қуқыл реңді. Ұзарып сарғайған селеу мен бозғыл көде, жусан – бәрі де жел лебінен қалтырайды. Бас шұлғып, елбек қағады. Қара жел қуған қаңбақ кең жазықта көп бұлыңдап, тынымсыз кезіп, жосып өтеді. Таң жаңада атқан. Салқын түннің қалың шығы жүргіншілердің аттарының тұяғын жылтыратып, шашасына шейін суландырған.
  Ералының кең жазығына жаңа келіп ілінген жүргіншілер – ерте көшкен ауылдың ер-азаматы. Көшіп келе жатқан Абай ауылы мен көрші ауылдар. Сол көштің алдында ұзаңқырап кеткен мынау бір топ аттылар – Абай мен оның жас достары, кей ақын-әншілер. Топтың алдыңғы қатарында Абай, Көкбай, Шұбар – үшеуі өзгелерден озыңқырап, оңаша әңгімелесіп барады. Артқы топ Ақылбай, Мағаш, Кәкітай, Дәрмен болатын. Бұлардың артында Ербол мен Баймағамбет бір бөлек келеді.
  …Кейінгі топтың жол ұзақтығын, мезгіл жүдеулігін елемей, көңілді күлкімен келе жатуына қазірде де себеп болған сол іліп-қақпа өлеңдер. Бірін-бірі ет ауыртпайтын әзілмен мысқылдап, өнерге бәсекелеседі, құрбылық әзілде де дамылсыз тайталасады. Енді бір кезекте Мағаш ат үстінде құныса түсіп, Кәкітай мен Ақылбайға қарап, тағы бір төрттіктің алғашқы бір жолын оқыс бастады:

– Күз жетті ме, батыр-ау, неге тоңдым, –

дегенде, бағанадан кезек қағысып, шапшаңдыққа өздерін қайрағандай боп келе жатқан ақын жігіттер тегіс елең ете қалысты. Бірақ алдымен іліп әкеткен Ақылбай болды:

…Тоңғаның рас, бозарып түсің де оңды.

  Ендігі кезекті Дәрмен айтуға бейімделді. Ол – бұлардың ішіндегі ең шапшаңы және тапқыр айтқышы. Дәрмен бағанадан бергі дағдысымен төрттіктің соңғы екі жолын тағы өзі бітіруге ыңғайланғанда, Мағаш қатарында келе жатқан Дәрменнің тізгінін ұстап күліп тұрып, әзіл айтты:
  – Дәрмен, сен шабытыңды ірке тұр. Бағанадан бері есеміз мына Кәкітайда кетіп барады. Бұл неге қосылмайды? Осы айтсын. Айт, кәне, шапшаң! – деп Мағаш көзін сығырайта күліп, өзінің үнемі қатты қалжыңдасатын құрдасы Кәкітайға қарады. Ол да осындай бір шабуылды тосқандай екен. Жолдастарын таңғалдырғандай оқыс өжеттік көрсетті. Өзінің шарылдаған қатты үнімен дауыстап тұрып, іле жөнелді:

– Бірің тоңып, бірің оң, жұмысым жоқ,
Ойына түк кірмейді Кәкітай шоңның! –

деп қатты күліп жіберді.
  Ақылбай баяу мінезімен таңырқаған бойында Кәкітайға бұрылды да, «шоңның»… деп, соңғы ұйқасты қайталап:
  – Бұл не деген ұйқас!? – деді.
  Дәл осы сәтте Мағаш пен Дәрмен Кәкітайды мысқыл етіп, Ақылбайдың күдігін қостап, күле жөнелісті.
  – Қысылғаныңа көрінсін, Кәкітай, «шоңның» деген сөз жоқ. Өлең айтса, Кәкітайдың бір орға жығылатынын білуші ем. Барып шыққан жерін қарасаңшы, – деп Мағаш күліп келеді, Дәрмен де ақсия күліп:
  – Бұл қайдан алған ұйқасың, қазақ естімеген сөзді қайдан сүйреп әкелдің, Кәке-ау? – деді.
  Кәкітай олардың күлкісін біраз еркіндетіп жіберіп, екі көзі күлімдеп, өзі де лекіте күлді де, енді жауаптасып, дауға кірісті:
  – Өлеңнің сөзі Мағаш пен Дәрмен айта беретін, күндегі көптің құлағына сіңген сөз бола ма екен? Кейде айшықты сөз әлдеқайда алыстан кеп, осылай таңырқатып та кетуі керек. Мен білсем, осы төрттікті өлең ғып тұрған жалғыз менің жаңағы ұйқасым, – деді.
  Бірақ жолдастары, бастығы Ақылбай болып, Кәкітайға қарсы жабыла дау айтты. Қатты күлкілерін естіген соң, топқа енді Баймағамбет пен Ербол кеп қосылды. Оларға да Мағаш өзінің сөзін мақұлдатпақ. Өлеңдерін қайталап айтысып, бәрі де жасы үлкен аға Ерболдың төрелігін тілесті. Кәкітай айналадағының қаңқуы, әжуасы көбейген соң, көп күлкіні ауырламаса да, өзінің ісі дұрыстығын Ерболға қуаттатқысы келді, оған жалынғандай шағынып сөйледі.
  – Ербол аға, мыналардың орынсыз күлкі, жалған сықағын тыйыңызшы! Арашашы тіледім сізден! Құдай ақы, «шоңның» деген қазақ сөзі бар деп айтып беріңізші мыналарға! – деді.
  Ербол төреші болғандықтан, енді жұрттың бәрі жаттап алған төрттікті өзі тағы бір айтып, аз ойланып, бас шайқады. Кәкітайға жолдастары әлі күліп келе жатыр. Ербол оған жаны ашығандай қабақ білдірсе де, жігітті қостай алмады.
  – Айналайын Кәкітай, дауысың шырылдағанда жазықсыздан күйіп бара жатқандай көрінесің-ақ! Бірақ мен өлең сөзде әділ би болатұғым. Баяғыда Абай мен Қуандықтың айтысында Абайды Қуандыққа жығып бергем-ді. Сен арыз айтқаныңмен, зорлық етіп тұрсың. Қазақта «шоңның» деген сөз жоқ! Бұл өңірде арғы-бергіде біз естімеген сөз, – деді.
  Кәкітай ендігі қалған Баймағамбетке жабысып, тағы да бұрынғысынан да дауысын қатайтып, шырылдай түсіп:
  – Ойбай-ау, мына жұрт не дейді, Бақа!? Естімеген сөзің жоқ, кәрі құлақты өзің ең. Өзің айтшы! – деп, содан үміт қып еді, Баймағамбет бағанадан «шоңның, шоңның» деген сөзді қайталап, күбірлеп, қабағын түйіп айтып келе жатқан. Қазір ол өзінің тура кететін бірбеткейлігімен:
  – Кәкітай, сенікі теріс! Ешбір ертегі-хикаяда «шоңның» деген сөз жоқ. Мұндай өлеңді есітіп көргенім жоқ! – деді.
  Жұрт Кәкітайдың күйгелек мінезінен тағы бір оқыс нәрсе күтіп, даурыға түсті. Бірақ ол әлі мойындаған да, жасыған да жоқ. Атын тебініп жіберіп:
  – Ой, тәңір-ай, жеріне жетпей Кәкітай жығылмайды. Анау Абай ағама жүгінемін. Жүр, білгіштеріңді сонда көрермін, кәне! – деп жорта жөнелді.
  Қалған топтың барлығы да сар желіп отырып, Абайларды қуып жетті.
  Өзгелерден бұрын жеткен Кәкітай жаңағы қызу үстіндегі ащы үнімен Абайға дауларының жайын мәлімдеп келеді. Дау «шоңның» деген сөздің айналасында екенін білгенде, Көкбай күліп жіберді. Ол бірдемені білетін сияқты. Кәкітай соған дәмелене қарады. Артқы аттылардың барлығы қатарына жеткен соң, Абай Ербол мен Баймағамбетке бұрылып:

  – Мағашқа сен екеуің де қосылып, Кәкітайды жығып бердіңдер ме шынымен? – деп еді. Ербол қалжыңдап:
  – Мен Кәкітай ғана емес, әділетіне келгенде сені де сан жерде жығып бергем. Сонымды айтқам жоқ па! – деді.
  – Жығып беру оңай ғой. Ұтымды төрелік айтсаң, жыққаның – жыққан. Ал Кәкітайдікі дұрыс болса, қайтесің? – дегенде, жаңағы желпініп келген аттылардың барлығы да аңырып қалды. Кейбіреулері сәл тоқтап, Абайдың аузына қадалды.
  – Қазақта «Шоң» деген кісі аты да бар. Кісі болғанда Шоң, Торайғыр деген ағайынды екеуі – бірдей суырылған шешен. Сүйіндік ішінен шыққан қос өркештей адамдар болған. Олар айтты деген нақыл-тақпақ исі Орта жүзге мәлім. Ал сол «шоң» деген сөздің түп төркіні, мен білсем, қазақ сөзі емес. Мына Ұлы жүз, Үйсін ақындарының, шешендерінің ескі ырғақтарында да ұшырап отырады. Осы сөздің асыл түбі қырғыздан ба деп топшылаймын. Қалайда, Кәкітай бәріңді қирата жеңіп отыр. Шынында, «тоңдым», «оңдымдарыңа» ақын болып қайратты ажар берген Кәкітай! – деп Абай әзіл етті.
  Жеңген Кәкітай да, жеңілген ақындар да, оларды құптаушылар да Абайдың зілсіз мысқылына мәз бола түсті.
  …Абай ақырын ғана атын бұрды. Семіз қоңыр төбел ат жай ғана басып, тізгін соза бас изей түсіп, жүріп келеді. Өзгелер де қозғалған. Топ қатар келе жатқан. Орталарында екі қаршыға дүр-дүр сілкіністі. Екеуі де жүргіншілердің алдыңғы жағына қадала қарап, қомағай көздерінен ұшқындаған шабыт шашады.
  Әлі де желісі үзілмеген ой соңында келе жатқан Абай жастарға тағы бір сөз тастады:
  – Жә, сол Еңлікті буындырған арқан түйінінде тұншығып кеткен шер бар емес пе еді? Ең болмаса, бүгінгі күн осы мола мен сол жүрек сырын ел-жұртқа дат ететін шақ жетпеді ме?! Еңлік үнімен қыз жүрегі сыр айтса, Кебек тілімен ұл арманы, ер ашуы, ұлан жоғы жоқталса болмас па?! Ақынсыңдар ғой. Мынау күздің түнерген күнінде, түңілткендей күй мен саз келеді ескіден! Мен айтсам, шабытты тек шаттықтан таппай, елдің, ердің күйкі жүдеу күйінен де таппақ шарт! Жыр шындықпен туысса, шыңнан аққан бұлақтай алыс өріс табады. Ендеше, осы естіген, көрген жайдан жыр туғызса нетеді? Қызығатының бар ма? – деді.
  Абайдың аңғарын жақсы түйген Дәрмен бір байлауға бекініп те қойған екен. Сонысын енді айта бергенде, бұның алдына түсіп Шұбар сөйлеп кетті:
  – Абай аға, дәл осы жайды мен жазамын!
  Өзінен бұрын айтушы болса да, Дәрмен тоқтаған жоқ:
  – Абай аға, менің аузымдағы сөзімді Шұбар айтты. Мен де жазамын!
  Шұбар жақтырмай, тыжырынып күле түсті:
  – Сенің аузыңдағы сөзіңді айтқам жоқ. Өзімнің ойымдағы байлауымды айттым. Сенің жазатыныңды менің айтатыным не? Өзім айттым – өзім жазам!
  – Жоқ, мен жазам!
  – Сен емес, мен жазам, – деп екі жігіт жарыса таласып, қызу үстінде тоқтай алмағанына Абай бастаған барлық топ қызығып қалды. Дәрмен өзінің дәлелін ойланып алып, көпшіліктің төрелігіне шаққысы келді:
  – Екеуіміздің таласымызға байлауын көп айтсын,– деп еді. Бұнысын Мағаш мақұлдап, бас изеді. Шұбар ол сөзді қағытып, қалжың етті.
  – Рас, жеңер ақынға бұл сөздің де орайы бар шығар. Бірақ әділетіңді өзің айтшы, Дәрмен! Сен ол жерде өз жаныңнан бір ауыз сөз айттың ба? Абай ағамның өлеңін ғана айтпадың ба? Ал жазамын дегенді бұрын айтқан менмін.
  – Сен тілмен айтсаң, мен ділмен, жүрекпен айттым! Сол Абай ағамның ғашықтық өлеңін өлі аруақтарға бағыштап айтқан жерде-ақ сазым менен сезімім соларда екенін танытқам! Тәңірі-ай, біз ақын емеспіз бе? Үнемі сөзбен ұғындырып беру керек пе, емеурін де жетпей ме!? – деп Дәрмен тағы да ұтымды дау бастады.
  Бұл екеуінің таласына Ербол даурыға күліп келе жатқан. Енді ол екі жігіттің сөзін бөлді. Өзі алдағы қыраттау бір тұсқа көз салып келе жатыр еді. Қазірде сығырая түсіп күн салып қарап, бір нәрсені болжап алды да, үнді дауысымен көтеріле сөйледі:
  – Уәй, жігіттер! Сендердің өлең жазамын деп қырқысқан таласың тіпті жақсы. Қандай ғанибет! Бірақ осы жерде кімнің жазатынына билікті мен айтайын ба?! – деп сәл тоқтай берді. Екі жігіт:
  – Айт! Айтыңыз! – десіп кідіре қалды.
  – Айт десең, мынау! Сонау қазотының қалың жерінде, анау қыратта бір топ дуадақ отыр. Қаршығаларың көріп келеді. Қазір алыс та болса, екеуің де құстарыңды сол тұрғыға қатар жіберіңдерші! Шабыттың бәйгесін шабыт айырсын! – дегенде, Абай «бәрекелді» деп Ерболды тез қостады. Ербол соңғы кесімін тағы айтты. Дуадақ жайы айтылғалы аңшы жігіттер ақырын сөйлесуді белгі етіп, іркіліп қалған-ды. Ербол да дуадақтың сақтығын еске алып, енді ақырын ғана, дабырсыз айтты:
  – Кімнің құсы бұрын барып, дуадақ ілсе, «Еңлік–Кебек» жыры сонікі болсын!
  …Абай бұл жерде бар топқа ойда жоқ, бір оқыс сабыр көрсетті.
  – Ерболдың байлауы дұрыс! Бірақ менің тағы бір шартым бар. Құстарың ана дуадақты барып ілгенше, бір-бір ауыз тың өлеңді екеуің шауып келе жатып, қатар айтыңдар! – деді.
  Бұл кезде барлық аттылар желе жөнеліскен. Шұбар мен Дәрмен Абайдың екі жағына шығып алған. Абайдың жаңағы байлауын Шұбар тез қостады.
  – Жарайды, Абай аға, қаршыға жайында ма?
  Барлық жастар саят қызығына қызумен берілсе де, Абайдың ендігі ақындық бұйрығын анталай тосты.
  Абай Шұбарға қарап:
  – Жоқ, қаршыға емес! Сын болған соң, қысас сын болсын. Мен қапысыз шапшаңдықты тілеймін. Тапсыратыным, – деп саспай анық етіп, жарыс өлеңнің жайын айтты. – Қысқы аязды түнде, гуілдеп соққан жел үніне күй қосып, кәрі әже немересін қандай сөзбен жұбатады? Соны шапшаң жыр етіп беріңдер. Ал айт! – деді.
  …Дәрмен жұрттың тегіс ықылас аударғанын танып, желе-жортып, шапшаң өлеңді соқтырып келеді. Абай ақсия, сүйсіне күліп, тымағын қолына алып, Дәрменге қарай қисая құлап, тыңдап қапты. Шабытты ақын жосыта жырлап келеді:

– Талай да талай шашаң бар шығар-ды,
Үлгі етер, шапшаң жырым қаршығамды.
Ақ түтек, ың-шың, у-шу аяз түнде
Кәрі әже дәл былай деп зар шығарды:
Қорқытпа менің баламды,
Гулей соққан ақ боран!
Балам әже қойнында,
Келе алмайсың сен бұған!
Ұйқысынан айырма,
Кезе бер ессіз далаңды.
Ұйықта, бөпем, оянба,
Әлдилеймін баламды!
«Әлди, бөпем, әлди-ай», –
Деп жырласын кәрі ана!
Ұйқыға барсын сол бала,
Тілесе тағы жырласын
Жүз жыл бойы сол ана… –

деп көзін алға қарай тастап жіберіп, сүйсінген жұрттың барлығына естірте, өлеңнің соңын айтады:

– Қаршығам жемін іліпті,
Абай аға, бері қара!

  Дәрмен енді атына қамшы басып, құйықтыра жөнелді. Абайдың Дәрменге анық сүйсінген жолы осы еді.
  – Бәсе! Шіркін, ақын болсаң, осындай бол! – деді.
  Барлық топ енді түгел шапқан күйінде құстардың соңынан кетті. Озып барған Мағаш еді. Лақтай бір дуадақты сары ала жүнін жарқылдатып басып қалған бір қаршығаның үстіне ағызып жетті де, тымағын бұлғап, арттағыларға айғай салды. Кейінгілер де тақау еді.
  – Дәрмен! Дәрмен! Шүйінші! «Еңлік» жыры сенікі, – деді Мағаш. Дәрмен шауып келе жатқан күйінде атынан домалай түсіп, құсына ұмтылды…
  …Осы кезде күздің баяу күні көтеріле түсіп, қызғылт сәуле берді. Шапшыған ақ бедеудің үстінде талпынған қаршыға ұстап, күліп тұрған нұрлы жігіт қызғылт күннің шұғыласына малынды.
  Әрі шабыт шалған, әрі күн шұғыласы шалған, шапшыған жігіт Абай көзіне ақ мәрмәрдан ойылған, әсем біткен тас тұлғадай көрініп еді.

  Селеу – шөл далада өсетін, басында үлпілдек қылтанақтары бар ақ шөп.
  Көде – селеуге ұқсас, жайылымдық шөп түрі.
  Шоң деген сөзді Арқа қазағы білмейді. Зор, үлкен деген мағынада қырғыз бен оңтүстік қазағы қолданады.
  Дуадақ – тырнатәрізділер отрядына жататын шөл және шөлейт жерлерде мекен ететін құс.

  1. «Абай жолы» роман-эпопеясының үшінші кітабы қандай тараулардан тұрады?
  2. Үзіндіні оқып, бөлімдерге бөліп, жоспар құрыңдар.

  3. Тарау неліктен «Абай аға» деп аталған?
  4. Абайдың дәстүрін жалғастырушылар ретінде жазушы кімдерді суреттеген?
  5. Абай айналасындағы өнерлі, білімге құштар жастарға Еңлік–Кебек моласының басында қандай аманат жүктейді?
  6. «Еңлік–Кебек» оқиғасын жырлау бақыты кімге бұйырады?
  7. Тарауда көшіп келе жатқан Абай ауылының көш бастаушыларының алдыңғы қатарына автор неге Абай, Көкбай, Шұбарды шығарған?


  1. Үзіндідегі жастар бейнесіне, ішкі жан дүниесіне талдау жасап, баға беріңдер.

  2. Жазушы кейіпкерлердің қозғалыс, қимыл-әрекеттерін қалай сипаттаған? Айшықты сөздерді қалай қолданған? Өз пікірлеріңді «ПОПС формуласы» арқылы жеткізіңдер.

Ү л г і :
Менің ойымша, …
Мен оны … деп түсінемін.
Мен оған … деген деректер, мысалдар келтіре аламын.
Мен … қорытынды шешімге келдім.
  3. Оқулықтағы сурет үзіндідегі қай эпизодты бейнелеген деп ойлайсыңдар? Сенің ойыңша, алдыңғы қатарда кімдер бейнеленген? Суретке қарап, үзіндінің идеялық мағынасын айқындауға бола ма?


  1. Абайдың Еңлік–Кебек моласы басындағы монологін тыңдаңдар. Монологтен Абайдың жан дүниесіндегі сырт көзге көрінбейтін қандай қасиеттерін тани алдыңдар? Оның ішкі қасиеттерін жазушы қалай мінездеп жеткізуге ұмтылған деп ойлайсыңдар?
  2. Үзіндідегі әдеби-тарихи деректерді жинақтаңдар. Тапсырманы орындау үшін тараудың толық нұсқасын пайдаланыңдар. Дерек атауларын толықтырып, жоба жасаңдар.


  1. Үзіндінің тарихи және көркемдік құндылығын саралап, «Т кестесін» толтырыңдар.

  2. Жазушының тарихи құндылық пен көркемдік құндылықты жеткізе білудегі шеберлігін зерделеп, тұжырым жасаңдар.
  3. Шығарманың жаңашылдығы мен құндылығына баға беріңдер.

  Кері байланыс. «5-5-1».
  1. Үзінді туралы 5 сөйлем жазыңдар.
  2. 5 сөйлемді 5 сөзге дейін қысқартыңдар.
  3. 5 сөзді 1 сөзге қысқартыңдар.
  4. Тұйінді сөзді сыныппен бөлісіңдер.


  «Абай» эпопеясы – творчествоның тылсым сырына, өмір мен өлеңнің өзара байланысына терең бойлаған туынды, ақын мен поэзия жайлы әлем әдебиетіндегі ең шоқтығы биік үздік шығарма.

Михаил Луконин

×
×

Корзина