Баяғы заманда Асан мен Қасен деген екі дос болыпты. Екеуі де кедей адамдар екен. Асан ұлтарақтай жеріне егін егіп, Қасен өзінің азғана малын бағып, күндерін көріпті.
Бір жылы көктемде Асан егін салуға қамданып жатқанда, Қасен жұтқа ұшырайды. Қыс аяғы қатты болып, азғантай малы қырылып қалады.
Көзінің жасы көл болып, Қасен досына жылап келеді:
– Асан, сенімен қоштасайын деп келіп едім. Азғана малым қырылып қалды. Енді аштан өлместің қамын ойлап, қайыр сұрап, тентіреп кетемін де, – дейді. Бұл сөзді естігенде, Асанның да көңілі босап, көзіне жас келіп, Қасен досын құшақтап тұрып:
– Екеуіміз жан деген жолдас едік қой, мал-жанымыз бір емес пе еді? Менің егіндік жерімнің жартысы сенікі болсын. Көңіліңді жұбат. Қолыңа кетпен алып, тырбаңдап тіршілік жаса, – дейді.
Сол күннен бастап Қасен де егін салып, тіршілік етеді.
Күн артынан күн, ай артынан ай өтеді. Арада біраз жылдар да өтеді. Бір күні Қасен өзінің жерін қазып жүріп, кетпеннің шыңылдап темірге тигенін байқап таңғалады. «Бұл не ғажап екен?» деп, сол жерді тереңдетіп қазып жіберсе, ішіне толтырып алтын салған бір қара қазан көрінеді. Қасеннің қуанышы қойнына сыймай, қазанның құлағынан сүйрей, досының үйіне қарай жүгіреді.
– Сүйінші, Асан! – деп айғайлайды ол жүгіріп келе жатып, – сүйінші, бақытты болдың, үлкен олжалы болдың, мен сенің жеріңнен ішіне алтын толтырылған қазан тауып алдым, енді кедейліктен құтылдың!
Асан оны қуана қарсы алып:
– Сенің адалдығыңды білемін ғой, Қасен! Бірақ ол алтын менікі емес, сенікі. Сен оны өз жеріңнен қазып алдың ғой, – деп жауап береді.
Оған Қасен болмай:
– Мен де сенің пейілің кең, мейірімді екеніңді білемін ғой, Асан, бірақ сен маған жеріңді бергеніңмен, жеріңнің астындағы қазынасын берген жоқсың ғой, – дейді. Бірақ Асан да көне қоймайды.
– Ардақты досым, жердің асты-үстіндегі қазынаның барлығы сол жерге маңдай терін төгіп, еңбек еткен адамдікі, – дейді.
Алтынды алғысы келмей, бұл екеуі ұзақ таласады. Ақыры Асан мынадай бір байлам айтады: «Таласты қояйықшы, Қасен, біздің балаларымыз бар ғой. Алтынды соларға берейік. Тым болмаса біздің балаларымыз кіріптарлық көрмесін» дейді…
Бірақ алтынды балалары да алмайды…