ЖАЛҒАН ДҮНИЕ
(жалғасы)


Оқу мақсаттары:
  11.2.1.1 әдеби шығарманың композициясын, жанрлық ерекшеліктерін айқындап, уақыт пен кеңістік тұрғысынан талдау.
  11.2.2.1 автор бейнесінің шығарманың негізгі идеясымен байланысын айқындау.
  11.2.3.1 шығармадағы көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарының қызметін талдай отырып, автор стилін анықтау.
  11.2.4.1 көркем шығармадағы ғаламдық тақырыптарға креативті ой қосып, шығармашылық жұмыс (эссе, әдеби және еркін тақырыптарға шығарма) жазу.
  11.3.1.1 шығарманы ғаламдық тақырыптармен салыстырып, тарихи және көркемдік құндылығын бағалау.

  Тірек сөздер: елес бейне, Хансұлудың ойы, өмір кезеңдері.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – автор бейнесін көрсететін негізгі ойды анықтау;
  – көркемдегіш құралдарды ерекше қолдану арқылы автор стилін саралау;
  – уақыт пен кеңістікті оқиға желісі бойынша анықтау.

3

  Төсек тартып әл үстінде жатқан Хансұлудың дүниені шарлап сарсылған санасы түн ортасы ауа бере, шалдығып, сансырап, саябыр тапқандай болды. Сабылған ойы өстіп шаршаған тәрізденгенімен, сезім-түйсігі әлі сергек жатыр. Жібек орамалдай үлбіреген түн лебін сезеді. Таң алды суырылған қоңырсалқын еспеге төс керген шөл өлкесінің ұйқылы-ояу маужырауын сезеді. Көз алдында далиған айлы-жұлдызды түпсіз тұңғиық көк аспан көгі. Соны көріп жатыр. Өзінің әлі жарық дүниеде жатқанын сезеді.

  Хансұлу, кенет, жанына келіп сүмеңдеп отыра берген бір шалдың елесін байқады. Тарғыл бет, басында жапырайған қарасұр тақиясы бар, иығына көнетоз шапан ілген, төртбақ, көкшіл көзді шал. Ждақай. Ждақайдың неге келгенін іші сезе қойды. Тағы да кешірім сұрау ниеті. О, жәдігөй! Шегенің басын жұтқан кәззап. Сібірге Шегені бір емес, бірнеше рет айдатқан кәззап осы. Хансұлудың өмірін дозақ еткен жәдігөй. Баяғыда 43-жылдың күзінде осы Ждақай соғысқа аттанғанда, Хансұлу бұ кәззапқа сол қаптаған жау оғы да дарымас деп топшылап еді. Ойлағаны келді. «Жаңа жолдан» соғысқа аттанған ер-азаматтардың ішінде ауылға жеті мүшесі сау оралған жалғыз осы Ждақай болды. НКВД-ға домалақ қағаздарды боратып, талайдың басын допша домалатқан бұ кісәпірге, сөйтіп, немістің оғы да дарымады. Бірақ Ждақай соғыстан өзгеріп оралды. Басына тақия, үстіне шапан киіп, қолына Құран ұстап, мүләйімсіген молда кейіпке түсіп келді. Молда атаулыны кешегі отызыншы жылдары өз қолымен отаған Ждақайдың бұл тақуалығына жұрт сенсе де, Хансұлу сенбеді. Хансұлуды көрсе, Ждақайдың құты қашатын. Именшектеп не істерін білмей, өзінен-өзі абдырайтын. Бұл тақуа Ждақай, баяғы жылдары басқа шауып, төске өрлеген, белсенді Ждақайдың көлеңкесі іспетті еді. Елуінші жылдардың ортасында «Жаңа жолды» тастап, Хансұлу осы Жетісуға көшкелі жатқанда ойламаған жерден сап етіп, осы Ждақай жетіп келді. Есік ашылып, шоқша сақал, шапанының өңірін қаусыра қымтаған Ждақай үн-түнсіз, сүметіліп, табалдырықтан аттай берді. Бұл үйдің табалдырығын Ждақай аттар деп күтпеген Хансұлу оның бұл келісінен жаман тіксінді. О, ұқсамасаң тумағыр! Хансұлу дәл осы сәт есік алдында Ждақайды емес, Ждақайдың әкесі – баяғы Жорға Күреңді көріп тұрғандай болды. Шақырылмаған қонақ бүгежектеп келіп, төрге домалаң етіп отыра кетті. Төмен қарап тұқшиып, шоқша сақалын тұтамдап, біраз үнсіз қалды. Содан кейін:
  – …Хансұлу! – деді, жүзін көтермеген күйі. – …Сенің алдыңда кінәм Қаптың тауындай… Енді қайтып… бұ фәниде көрісе аламыз ба… жоқ па… Кешіре алсаң… кеш! – деді.
  Хансұлу не айтарын білмей, біразға шейін ашуға тығылып, тырсиып отырды да:
  – Ждақай! – деді сазарып, қаздиып қалған қалпы. – Мен кештім не, кешпедім не, болар іс болған соң… Жауабыңды енді… Алланың алдында берерсің! Бәріміздің де барар жеріміз… сол ғой!..
  Осыны айтып, Хансұлу қаздиып отыра берді. Орнынан тұрып, қонақ алдына дастарқан жайып, қызмет жасамады. Әңгіме осымен біткен еді. «Халық жауының әйелі» Хансұлу, сөйтіп, атажұртты артқа тастап, сонау жер арқасы қияндағы Жетісуға жалғыз үй көшті де кетті. Одан бері де, мінеки, жүйткіп 30 жыл өтіпті. Бірақ Хансұлу өткен күндердің елесінен әлі де құтыла алмай келеді. «Бір аяғы көрде, бір аяғы жерде» жатқан Хансұлудың жанына Ждақайдың елесі сүметіліп тағы келді, мінеки. Жерге қарап, шоқша сақалын тұтамдай береді. Тіс жарып ештеме демейді. Айтпаса да, неге келіп отырғаны түсінікті. Кешірім сұрайды. Істеген зұлымдығы үшін енді Құдай бетін көруге қорқады. Бұл ұзынды-қысқалы өмірінде Хансұлу талайды кешірген. Бірақ… Ждақай сенің… кішкентайдан құлын-тайдай тебісіп қатар өскен Шеге мен Хансұлуға жасағаныңды кешіре алмас! Екі дүниеде кешіре алмас! Аулақ! Аулақ! Әзәзіл!
  Елес ғайып болды. Содан Хансұлудың тынысы кеңейіп сала берді.
  Бірақ тұла бойын басып, жаншып жатқан бір зіл батпан бар. Енді қайтып жаздырмас бір шойын шеңгел бар. Бұрын-соңды қанша ауырса да, бүкіл денесін жер суыра тартып көрмеп еді. Аяқ, қолы өзінікі емес, бір ауыр кеспелтекке айналған. Басы да қозғалар емес, қорғасын құйып қойғандай. Бар бойында жандыдан тірі қалған тек, сансыраған санасы ғана, қалжыраған жүрегі ғана тәрізді. Иә, тағы да жылтырап жатқан жанары еді. Кең дүние келбетіне қарауын қояр емес. Шығыс етегі қылаңыта бастаған таңғы аспанды шарлауын тыяр емес назары. Көкті тесіп, әр тұстан сирек жұлдыздар сығыраяды. Өңі солғын тарта бастаған Ай төбеден әлдеқашан ауып кеткен. Бір кезде байқаса, көзі жұмылып барады екен. Өң мен түстің арасындағыдай бір баянсыз күйді бастан кешіп жатқанда, жанына жақындап Шеге келді. Үстінде үшінші рет ұсталарда болған ескі күпісі, шыбықтай аурушаң Шеге. Қабағында кірбің. Жалаңаяқ. Тек құр сүлдері. Жүзін көтермей ілбіп келеді. «Ойпыр-ай, тірі екен ғой!» деп, жүрегі лүпілдеп қоя берді Хансұлудың. Шеге неге қуанбайды? Үйіне осынша жылдан кейін оралып тұрғанда, неге жүзін көтермейді? «Шеге!» деді Хансұлу ерні күбірлеп. Дыбысы шықпады. Астапыралла! Шегенің теріс айналып кеткені не болғаны? Бұның шақырғанына келмегені несі?! Өңі ме, түсі ме осы көріп тұрғаны? Хансұлу дал болды ештеңе ұға алмай…
  Ауладан шығып, Ай астына қарай жылжып кете берген әлгі сұлба ақырындап көзден ғайып болды.
  Таң қараңғысын жамылып, Ай астына қарай алыстай берген ол жұмбақ сұлба Едіге болатын. Тақта үстіне салынған кең төсектің астынан су шыққандай дөңбекшіп-дөңбекшіп ұйықтай алмай, ақыры таң алдында киініп тұрып кеткен еді. Жанындағы Түгелхан әлдеқашан ұйықтап қалған. Жатардың алдында Едіге ұйықтататын дәрі ішті. Бір емес, ерегісіп екі түйірін ішті. Жобалауынша әрі кетсе, 15 минуттың ішінде тырапай асуға тиіс еді. Бірақ олай болмады. Санасын сары масадай талап сапырылысқан ойдан сонда да құтыла алмады. Іші иттей ұлып, көз іле алмай түн ауғанша жатты да, ақыры, түрегеп кетті. Көз алдынан сол бір көрініс кетер емес. ЦК-ға барғаны, қалың бет Хатшы даладай кең үстеліне қос білегін төсеп, иегін көтеріп, қазық жұтқандай қаздиып отырды. Салтанатты мәжілістердің төрінде Хатшының өстіп, қаздиып отырғанын талай көргені бар-ды. Шаршы топтың алдында Республиканың идеологиялық сарбазы өзін-өзі осылай ұстауы керек шығар деп ойлайтын, партияның оң көзі болғандықтан да… оң көз қалғымауға тиіс қой. Партия қырағылығын көрсету үшін әдейі істейтін шығар деп ойлайтын. Сөйтсе, «Қалың бет» өз кабинетінде де дәл сол күйі отырады екен. Алдындағы Едігеге емес, сонау маңдайшадан көз алмай ойланады. Әлден уақытта:
  – Балқаш комбинатының тарихы туралы бір фильмге госзаказ бар. Сіздердің бастықтарыңызға тапсырылды… – деді.
  Едігенің есіне түсті. Рас, бастығы Едігеге негізгі кейіпкері Үлкен кісі болуға тиіс Балқаш комбинатының тарихы туралы сценарий жазуды ұсынған еді.
  – Ие. Айтқан… – деді Едіге, Хатшының әңгіме тақырыбын өзгертіп жібергенінен секем алып. Хатшы бұ тұста толық денесімен бұған қарай бұрылғандай болды.
  – Ендеше сол… кезек күттірмейтін тақырып! Сценарийді тездету керек, – деді бұ жолы Хатшы Едігеге кішкентай түйме көзін қадап. Сұғы тікенектей өткір екен.
  – …Тездету керек! – деді тағы да жұмсақ қоңыр үнмен. Едіге тамағын кенеп қозғалақтай берген. Хатшы:
  – Түсініп отырмын. Кітабыңыздың жайы ғой!.. – деді.
  Едіге болмашы бас изеді.
  Хатшы тіктеліп отырып, тағы да маңдайшаға қарап қаздиды. Осы бір үнсіздік… жылдай созылған тоңторыс… Едігенің үмітін біржола үзіп тынды. Маңдайы жіпсіп сала берді.
  – …Қолжазбаңыз туралы… естігем… Ол бір… Халық басына түскен қасіретті жылдар ғой… Оны айтар мезгіл… емес қой!.. – деді, әрбір сөзі ернінен әрең үзіліп. Маңдайшаға қадалған Хатшы қасын керіп, тағы үнсіз қалды. Әңгіме осымен біткен еді.
  – Рақмет! – деп Едіге серпіліп орнынан тұра берді.
  Хатшы бұған жалпақ алақанын ұсынды.
  Едігенің күн-түн қатып, 4–5 жыл жүріп жазған кітабының тағдыры осылай бірер минутта біржолата шешілді.
  Бұл кітабының тағдыры шамамен осылай болатын шығар деп жобалайтын өзі де. Бірақ кітап цензурадан өтіп кетер деген үміті де жоқ емес-ті. Сол үшін, яғни сауысқандай сақ редакторларды шатастыру үшін, кітапта біраз түлкібұлтақтар жасаған. Тіптен цензорлар мен редакторлардың құлағына майдай жағатын Ленин есімін де бір кейіпкерінің аузына салып, марапаттап қойған. Ленинге малданған редакторлар мен цензорлар кітаптың қалған кінәсін кешер деп ойлаған. Ондай «башна-башқа» бармаса, ашаршылық туралы кітаптың бүгінде еш жерден өтпейтіні белгілі еді. Оны білмейтіндей Едіге бала емес. Бірақ кітапты оқыған редакторлар Едіге күткендей аңқау болмай шықты.
  Жұмсақ ұйыған таң қараңғысын жамылып, баяу аяңдап, ауылдан шығып барады Едіге. Болмашы қылаңыта бастаған шығыс аспан етегінде семсердей сүйірленіп, қарауытқан бұлт көрінеді. Мөлдір түз ауасы, аспан астын жайлаған жайбарақат тыныштық қазір адам жанын әлдилеп, риясыз рақатқа бөлесе керек еді. Бірақ Едіге жаны тыншым таба алар емес. Бір үлкен майданда, бүкіл ғұмырын бәйгеге тіккен әдебиеттегі күрес майданында тағдыр бұны оңдырмай омақастырып, шалқасынан түсірді. Қайдан қателескенін білмейді. Қолдан келмейтін шоқпарды беліне қыстырған бұның қателігі ме, әлде бұның қолындағы шоқпарды қағып түсірген партияның қателігі ме? Білмейді. «Отыз екінші жылдың оқыған азын-аулақ қаламдастары» кітапты түгелдей саяси қателіктен тұратынын да айтқан. Бетіне басып-басып айтқан. «Бекер шаршап қайтесің, бұдан да басқа тақырып толып жатыр емес пе?» деп, мүсіркеп кеңес берген. Едіге кезінде айтылған сондай ақыл-кеңестерді алмады. 4–5 жыл өмірін сарп етіп, ойға алған шығармасын жазып шықты. Енді бүгін сол жанашыр қаламдастарының айтқаны келді. «Шаршайсың!» дегендері расқа шықты. Жұрттың көзінде, әсіресе әйелінің көзінде бұл бір бас пайдасын білмейтін, құрғақ қиял қуып, өзін де, өзгені де босқа әурелеп жүрген әпенді көрінді. Жай әпенді емес, қашан маңдайы тасқа тигенше ақылы кірмейтін тоңмойын әпенді көрінді. «Маңдайың ақыры тасқа тиді ме, бәлем! Саған керегі де сол» деушілер де аз болмас. Соның бірі – өз әйелі. Жұрт сияқты қопыратып ақша тауып, алдымен отбасының жағдайын жасап алмай тұрып, шықпайтын кітапқа 4–5 жыл жұмсағанына күйінеді әйелі.
  Күйінбегенде қайтсін, қуансын ба, Құдай қосқан қосағының бар үміт артқан еңбегінің еш болғанына. Өмір шындығы Едігенің «қырық кісі ақылын тыңдамаған қыңыр кісі» екенін дәлелдеді. Сонымен, «қырық кісі» жеңді. Қыңыр кісі жеңілді. Едіге жеңілді. Аяқасты болды. Езілді. Тапталды. Тапталғаны сол, Едіге енді жақын болашақта жазушы ретінде ес жиып, еңсе көтере алмақ емес. Қайта қалам ұстай алмақ емес. Ол анық. Осыны ойлағанда қараптан-қарап тұрып тынысы бітеледі. Жағаға шығып қалған балықтай аласұрады. Аузымен ауа қармайды. Қазір де солай болды. Бусанып маңдайынан тері шықты.
  Жүзін көтеріп, алға көз жіберіп еді… тік жар тәрізді ұйып, тұтасып тұрған қараңғыдан өзге түк көре алмады.
  …Хансұлу таң алдында талықсып жатып ұйықтап кетті. Түс көрді. Түсінде студент болған Бөпенайын көрді. Түн екен дейді. Қала екен дейді. Той ма, ойын-сауық па, әйтеуір, қаланың қарақұрым халық жиналған бір алаңында салтанат өтіп жатыр. Шуылдасып ойын-сауық құрып жатқан өңшең қылқандай жастар. Арасында Бөпенай жүр. Өрімтал қыз-бозбала қол ұстаса жүгіріп, дөңгелене билейді. Хансұлудың жүрегі жарылардай қуанды. «О, Жасаған! Қызының қатарға қосылғанын көретін де күн бар екен ғой! Жаным-ай! Күнім-ай! Құлыным-ай! Енді өліп кетсем де, арманым жоқ!».
  Ет-бауыры езіліп кетті Хансұлудың. Көзден аққан бақыт жасы омырауын жуды. Бірақ қуанышы ұзаққа созылмады. Алаңда ойын-сауық құрып жатқан жастар салтанатының, кенет, табан астында тас-талқаны шықты. Солдат па, мелиса ма, әйтеуір, бір қара шоғыр қарулы топ, әлгі жастар құрамын бықпырт тигендей қылды. Шетінен ұстап жатыр. Қолдарын қайырып жатыр. Сүйрелеп әлдеқайда әкетіп жатыр. Осы ойдан жаны мұрын ұшына бір-ақ тақалды Хансұлудың. Көз алдында әнеки солдаттар қашқан жастарды қым-қиғаш қуалап жүр. Хансұлу Бөпенайын ойлап иманы тас төбесінен шықты. «Ойбай!», «Ойбай!» деп сарнады. Жаны қыдырып бебеулеп кетті. Сөйтсе, Бөпенай аласапыран жұрттың арасында аңырып, жан-жағына жалтақтап қарап тұр. Үстінде ақ көйлегі. Осы биыл мектеп бітірерде киген ақ көйлегі. Жай тұрған жоқ, екі езуі екі құлағында, мәз болып тұр. «О, сорлы болған аңқау балам-ай! Ойбай, қашсайшы!» Жан ұшырып ұмтылды Хансұлу, өз аяғына өзі сүрініп мұрттай ұшты.
  – Ойбай, қаш! – деп айғайлады. Дауысы да шықпады тұншығып. Көз алдында, сөйткенше, екі мелиса қызының екі қолтығынан шап беріп ұстап алып, дырылдатып сүйрей жөнелді. Бөпенай сонда ғана бұлқынды. Қызының:
  – Әже!!! – деп шырқыраған үні шыққанда Хансұлу:
  – Ай! Ай-и!!! – деп жанпәре ышқына ұмтылды. Бірақ Хансұлудың үні шықпай, болмашы ғана қорқырады. Екі қолын ербеңдетіп алға созған қалпы, төсегінен жартылай шығып барып «дүрс» етіп етпетінен түсті. Сол-ақ екен, көз алды лап етіп аппақ жалын шашты. Не болып, не қойғанын түсіне алмады. Жаны балдай шырын ләззат күйін татқандай болды. Ащы ішектей шұбатылған қараңғы қуысқа зымырап түсіп алып, өзінің бір шоқ сәулеге айналып ағып бара жатқанын байқады. Ін-үңгірдің арғы тұсында теңгедей жарқырап дөңгеленген шығар ауыз көрінеді. Солай қарай сынапша сырғып құйыла зымғайды. Бірақ қараңғы қуыс таусылар емес. Бір кезде жарық ауыздан зымғап шыққан пәруана жаны далиған жайқын аспанға көтерілді.
  Ауру-сырқат, қайғы-қасірет мүжіп, кеміріп, әбден ит жыртқан терідей тозығы жеткен байғұс денесі, әнеки төменде, кішкентай үй ауласында қанатын жайып, жер құшып жатыр.
  Шыбын жаны шымшықша құлдырап, азат кеңістікті бойлай ұшып, әуелеп барады. Жер бетінің бұйығы таң қараңғысын артқа салған шыбын жан, қырмызы шапақ керелеген таңғажайып нұр мұхитын шарлап кезеді.
  Бұрын-соңды болмаған бір мамыра-жай ләззат күй кешеді. Рас, бұндай жеңілдікті, бұндай жан толған шаттықты Хансұлу Хансұлу болғалы Жер бетінде бастан кешкен емес. Адам жанының бұншалықты тазарып, бұншалықты фәни дүние тауқыметінен ада болып, қиялдай құйқылжып, ғалам кезіп кетерін білмеп еді. «Бұ неткен құдірет!» деп таңғалу Хансұлуда жоқ. Осылай болуы керек тәрізді. Адам жанының өстіп сұңғыла сұлу сезімге бөленіп, мәңгі тыншым табуы табиғи да заңды құбылыс тәрізді.

ТНКВД – «Народный комиссариат внутренних дел» деген орыс тіліндегі анықтаманың қысқартылып алынуы. Халықты бақылаушы орган.
Фәни дүние – өткінші, жалған мағынасында қолданылып, бұл дүниенің мәңгі еместігін анықтайтын ұғым.

1. Хансұлу өмірінің соңғы күндерінде түсінде кімді көрді?
2. Хансұлудың жанына елес болып келген Ждақай кім? Қандай бейне?
3. Неліктен Едігенің көз алдынан ЦК-ға барғандағы және қалың бет Хатшымен даладай кең кабинетте кездескендегі көрініс кетер емес?
4. Едіге мен Хатшы арасында әңгіме қалай өрбіді?
5. Хатшы бейнесі арқылы жазушы өмірде кездесетін қандай адамдарды бейнелеген деп ойлайсыңдар?
6. Едігенің күн-түн қатып, 4–5 жыл жүріп жазған кітабының тағдыры не болды?


1. Үзіндідегі Ждақай бейнесін топпен бірге талдаңдар.

2. «–…Қолжазбаңыз туралы… естігем… Ол бір… Халық басына түскен қасіретті жылдар ғой… Оны айтар мезгіл… емес қой!.. – деді, әрбір сөзі ернінен әрең үзіліп. Маңдайшаға қадалған Хатшы қасын керіп, тағы үнсіз қалды» деген үзіндіден көрінетін автор бейнесіне қатысты ойларыңды бүгінгі күнмен байланыстырып жазыңдар.
3. Үзіндіні тыңдап, көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарының қызметіне талдау жасаңдар. Уақыт – 10 минут.


1. Хансұлудың көрген түсі қандай тарихи оқиғадан хабар беріп тұр деп ойлайсыңдар?

2. Үзіндідегі ғаламдық тақырыптарға креативті ой қосып, шығармашылық жұмыс жазыңдар.


1. Романның тарихи және көркемдік құндылығы неде деп ойлайсыңдар?
2. Романда көтерілген мәселенің қазіргі замандағы өзектілігіне баға беріңдер.

Кері байланыс. «Жинақтау парақшасының индексі» (Екі жағында да көрсетілген тапсырмалары бар парақтар таратылады).
1-беті: бүгінгі тақырып бойынша негізгі идеяларды атап шық.
2-беті: бүгінгі тақырыптан нені түсінбегеніңді анықта.

×
×

Корзина