Табиғаттың заңы

Кейіпкерлердің іс-әрекетіне өз көзқарасымды білдіремін.

1. Салыстыр. Сызбадағы сөздермен байланыстыр.

жеті қазынаның бірі

үйір болып жүреді

бөлтірік

адамның досы

күшік

жыртқыш

2. Түсініп оқы.

Көксерек

  …Көзін ауылға келгесін екі күннен соң ашты. Жұрт асырауға көнеді десті. Кішкене Құрмаш Көксерек деп ат қойып алды. Ертелі-кеш айналасынан шықпайды. Өзіне жеке асқұйғыш – итаяқ әзір болды. Бауырын көтеріп, тырбанып жүруге айналған соң, мойнына жіп тағылды.
  Үй ішінен шықпайды. Түн баласына Құрмаш қасына алып жатады. Сол үшін кәрі әжесінің қойнынан да шығып кетті. Бөлек жатады. Қасында, не аяқ жағында, көрпенің астында Көксерек жатады.
  Жаз ортасына жақындаған кез болды. Көксерек үлкейді. Семіріп жонданғандай да болды. Бірақ үлкейісі даладағыдай емес, бәсеңдеу. Ауылдағы өзі сияқты күшіктерден онша үлкен емес.
  Бұл уақытқа шейін Көксерек ауыл итінен көресіні көрді. Бірде-бір ит мұны дос көрмеді, маңына жақындатпайды. Қасқырға шабатын батыл төбеттер бұны талап та тастайды. Өзге көп ит те ырылдап үріп, кейде тап беріп, әр жерінен тістеп тартып кетеді.
Құрмаш қасында болғанда таяқ жемейді. Бірақ ержете бастаған сайын бұдан иесі көз жазып қала берді. Сондай кезде Көксерекке ылғи жау иттер кездеседі.
  Бір уақыт үлкен үйдің үлкен қара ала төбеті оңашада бұны алып соғып, көп езгіледі. Бұны талап жатқанын көріп, өзге иттер де шабынан алып, борбайынан созғылап өлтіруге айналып еді. Шаң-шұңмен балалар, үлкендер жиылып келіп, иттерді ұрып, зорға айырып алды.

  Бірақ Көксерек әлі күнге ешбір уақытта «қаңқ» етіп ауырсынған дыбыс шығарған емес. Талаймын деп ит ұмтылса, жота жүні үрпиіп, үдірейіп тұрып алады. Тісі батып, қинап бара жатса, дыбыссыз ғана езуін ыржитады.
  – Кәпір, қырыс, тағы емес пе! Кеудесін бермейді, жасымайды, – деп ауыл аңыз қылады.
  Сонымен қатар Көксерек жайында ауыл-үйдің әйелдері әр алуан өсек те таратып жүрді.
   – Ұры. Асырасаң да, мал болмайды. Тұқымы жау емес пе! – десті. Кейбіреулер: «Түнде қозының құйрығын иіскелеп жүреді. Қойды үркіте береді. Түнде даланы жақсы көреді. Иттен қорыққанда ғана үйде жатады», – деседі. Құрмаш бұл өсектің бәрін елемейді.
  Шынында Көксерек тамакқа өлгенше ашқарақ еді. Алдына құйып қойған асты әлі күнге қасында кісі қадалып тұрса, жаламайды, жемейді. Егер қарны ашып кетсе, өзіне бермеген асты да жеп қояды. Көрнеу ши ішіне кіріп кетіп, керегеге асулы түрған ет болса, жас тері болса, қазанда іркіт, қатық болса – барлығын да өзінің ыдысына құйып қойғандай көріп, иіскелеп жалап, жеп кетеді.

  Кейде сондай жерде ұсталып, таяқ та жейді. Талай рет оқыста төбесіне таңқ етіп тиген оқтау бойын тызылдатып, шыпыртып тиген қамшыны тартты. Бұның жауабы – езуін ғана ыржитады.
  Құрмаш қанша төрбиелесе де, Көксерек ұрлық пен адал астың айырмасы не екенін ұға алмады. Біресе өздері беріп тұрып, «же» дейді. Біресе сондай тамақты өзі тауып алып жеп жатса, ұрып салады. Сол себепті кей кездері алдына дайындап қойған тамақты да жемей, көзінің астымен жалт-жұлт қарап жатушы еді.
  Қалай да болса үзіп-жұла жүріп, Көксерек аш болмайтын. Күніне екі мезгіл тамақ ішу мұның шарты болып алды. Екі рет қолдан ас құйылмаса, ол күні Көксерек өз бетімен барып, бірдемені жеп жататын.

  Осымен жүріп жаз ортасы ауған кезде Көксерек зіңгіттей көк шолақ қасқыр болып шықты. Жота жүні үрпиіп, көздері жалындап, бар тістерін көрсетіп, аузын ақситып ашып жіберіп, тап бергенде талай бұралқы төбет, бы-жыл қаншық қыңсылай, шәуілдей қашатын болды.
  Мұндай кезде Құрмаштың өзі де қорқақтай барып, қой-қойлайтын еді.

Мұхтар Әуезов

семіру.

қырсық.

жабайы.

май шайқағанда қалатын қалдық сүт.

үлкен.

3. Автор туралы әңгімеле.

Мұхтар Әуезов
1897–1961

  • «Абай жолы» романы 200 томдық әлем әдебиеті кітапханасы топтамасына енді.
  • Шығармаларында пейзаж бен кейіпкер бейнесін байланыстыра суреттейді.
  • «Кемеңгер, ұлы жазушы қазақ халқының әлемдік мәні бар асыл туындылар бере алатындығын алғаш рет жария еткен».

Рымғали Нұрғалиев

4. Көксерек туралы ауыл адамдарының пікірін тауып, теріп оқы.

5. Мәтінге сүйеніп, өз пікіріңді айт.

6. Көксеректің мейірімді қасқыр болуына Құрмаштың қамқорлығы жете ме? Пікір білдір. Осы әңгіме бойынша түсірілген көркем фильммен салыстыра әңгімеле.

7. «Кейіпкерге хат». Құрмашқа хат жаз. Сабақтың тақырыбына мән бер. «Құрмаш, сен мейірімдісің» деп бастауыңа болады.

×
×

Корзина