§45–46. Кеңестік білім беру жүйесінің жетістіктері мен қайшылықтары

Оқу мақсаты:
- кеңестік білім беру жүйесінің даму ерекшеліктерін анықтау үшін «сауатсыздықты жою», «қызыл отау», «мұғалімдер институты», «мектептегі білім беру», «кәсіби білім беру», «жоғары оқу орындары» ұғымдарын пайдалану;
- Қазақстандағы кеңестік білім беру жүйесін реформалауды талдау, жетістіктері мен қайшылықтарын анықтау.

Тірек сөздер:

  1. 1920–1930 жылдардағы Қазақстандағы сауатсыздыққа қарсы күрес: жетістіктер мен қайшылықтар. Большевиктер билікке келген алғашқы күндерінен бастап жаппай сауатсыздықты жою үшін күрес жүргізуге кірісті.

  Кеңес үкіметінің жергілікті билік органдары Азамат соғысы жағдайында мүмкіндігінше мектептер ашты. Халықты ағарту арқылы большевиктер өздерінің идеологиясын сіңіруді және қарапайым адамдардың сеніміне кіруді көздеді.

  1918 жылы шілдеде Түркістан АКСР-інде Халық ағарту комиссариаты (Наркомпрос), ал бұған дейін Қырғыз революциялық комитетінде мектеп бөлімі ашылған еді. 1919 жылы желтоқсанда В.И. Ленин «РКФСР халықтары арасында сауатсыздықты жою туралы» Декретке қол қойды.

  1920 жылдан бастап большевиктер Лениннің тапсырмаларын жүзеге асыра отырып, барлық жерде сауатсыздықты жою жөніндегі төтенше комиссиялар құруға кірісті. Олар хат танымайтындарды есепке алуды, мұғалім кадрларын даярлау, мектептер мен қысқа мерзімді курстар ұйымдастырумен айналысты. Курстарда оқу мен жазуды үйретумен шектелмей, табиғаттану, бухгалтерлік есеп, ән сабағы, сурет салу т.б. пәндерді оқытты. Белгілі бір дәрежеде идеология мәселесі де қатар жүргізілді. Осы мақсатта кеңестік билік органдары Алаш қайраткерлері мен халық ағартушыларын тартты. Мысалы, 1919 жылы Ақмола облысының Омбы уезінде ағарту курстарында жұмыс істеуге қоғамның сауатты азаматтары Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгеров, Әміре Исин шақырылды.

Пікірің қажет
«Сауатсыздық жойылсын» қоғамының қызметі елде білімді жетілдіруде елеулі рөл атқарды ма?

  2. Сауатсыздықты жою. Мемлекет ауылға жаппай мәдени жорық ұйымдастыруды жариялады. Сауатсыздықты жоюдың көшпелі пункттері, әйелдер арасындағы сауатсыздықты жою үшін қызыл отаулар, коммуна мектептері, мектеп-интернаттар, рабфактар (жұмысшы факультеттері) құрыла бастады.

  Қазақстанда сауатсыздықты жою науқаны барысында көптеген кедергілер кездесті: қаражаттың жетіспеушілігі, мектеп үй-жайы және оқулықтар мен тәжірибелі мұғалімдер тапшылығы.

Сауат ашу курсы

  Осыған байланысты А. Байтұрсынұлы жаңадан ашылып жатқан мектептерге 20 мың мұғалім керек екенін айтты. Ал бөлінген қаржы көлемі 2616 мұғалім мен кітапханашылардың жалақысына ғана жететін еді. Сондықтан ол жергілікті билік органдарын мектептерді өз бетінше ашуға, оларды ұстауға өз қаражаттарын жұмсауға шақырды.

  1921–1922 жылдары Қазақстанның барлық губернияларында аштық жайлаған кезеңде мектеп ісінің жағдайы өте ауыр еді. Республикада қараусыз қалған жетім балалардың саны айтарлықтай өсті, олар мектептен тыс қалды. Мәселен, 1921 жылы Қазақстанда 158 мың панасыз балалар болды, ал 1922 жылы олардың саны 333 мыңға жетті. Халыққа білім беру қажеттігіне бағытталған қаражат аштықтан зардап шеккен тұрғындарға жіберілді. Мұғалімдер жиі жалақы алмады. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар жетіспеді.

  Сауатсыздықты жою күресінде «қызыл отау» аталатын білім ошақтары жұмыс істеді. Олар отырықшы халық арасында оқу үйі атқаратын міндеттерді орындады.

  1924 жылдың ақпан айында «Сауатсыздық жойылсын» қоғамының қазақстандық бөлімі жұмысын бастады. 1925 жылы қоғамның 882 бастауыш ұйымында 77 800 мүше тіркелді. Сол жылдары ұлы ағартушы А. Байтұрсынұлы қазақ тілінің фонетикалық жүйесіне бейімделген араб әліпбиін жасады. 1925 жылдан бастап халық ағарту ісіне жұмсалатын қаржы мөлшері арта түсті. Барлық үлгідегі жаңа кеңестік мектептердің желісі өсті. Соның арқасында оқушылар саны ұлғайды. Кітаптар шығару жыл сайын артып отырды. 1926 жылы сауаттылық деңгейі қазақ халқында – 6,9%, орыс халқының арасында 36%-ды құрады.

Кеңестік Қазақстандағы сауатсыздықты жоюға бағытталған шаралар

  Қазақстанда кеңестік бірыңғай мектептер жүйесін құрудағы негізгі қиыншылықтар туралы мәселелер жыл сайын мұғалімдер конференциясында айтылды: мектептердің әлсіз материалдық-техникалық базасы; антисанитария; балалар арасында аурудың таралуы; білімді маман мұғалімдердің жетіспеуі; аудандық білім беру бөлімдері тарапынан мектептерге әдістемелік басшылық пен көмектің жоқтығы; оқытуда әртүрлі, ескі әдістердің қолданыста болуы; еңбек тәртібін бұзушылық жиі орын алып отырды. Оқу жоспарлары мен бағдарламалар жетіспеді, оқушылардың сабаққа қатысуы өте нашар, оқытушылардың жалақысы өте төмен болды. Оқу орындары көбінесе санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келмейтін. Сыныптардағы оқушылар саны шамадан тыс көп, кейде 45 оқушыға дейін жетті. Бұл мәселелер орыс мектептерінде, қазақ тілінде оқытатын мектептерде де кездесті. Оқытушылар халық санақтарын жүргізуге, идеологиялық іс-шаралар мен жиналыстарға қатысып, сенбіліктерге шықты. Олар республика өмірінің барлық оқиғаларында белсенді қатысушылар мен ұйымдастырушылар қатарында болды.

  «Сауатсыздық жойылсын» қоғамы жұмысына комсомол жастар белсене атсалысты. 1928 жылы олардың бастамасымен мәдени жорық ұйымдастырылды. 1930 жылы мәдени жорыққа 5 мың комсомол мүшелері қатысты.

Пікірің қажет
Кеңестік билікке «Сауатсыздықты жою» мәселесін көтеруге не себеп болды?

  Сауатсыздықты жоюға 30-жылдардың басындағы аштық та өз әсерін тигізді. Жүздеген мың далалықтар көшіп кетуге мәжбүр болды. Кейінгі жылдары бірте-бірте жағдай дұрыстала бастады. 1939 жылы Қазақстанның 50 жасқа дейінгі халқының сауаттылығы 80%-ға жақындады. Қазақ халқының сауаттылығы – 54,5%, орыс халқының сауаттылығы – 70,4% деп анықталды.

  3. Кеңес үкіметінің алғашқы онжылдығындағы жалпы білім беру жүйесінің қалыптасуы. Жаңа кеңестік билік бүкіл білім жүйесін қайта құруды талап етті. 1918 жылы Қазақстан аумағының едәуір бөлігін қамтитын РКФСР-да қабылданған «Бірыңғай еңбек мектебі туралы» ережесіне сәйкес бұрынғы бастауыш училищелер, гимназиялар, реалдық училищелер және басқа да оқу орындарының орнына 2 сатылы бірыңғай еңбек мектептері құрылды. Оның бірінші сатысында – 8-ден 13 жасқа дейінгі, ал екінші сатысында – 13-тен 17 жасқа дейінгі балалар оқиды деп бекітілді. 1918 жылғы қазандағы «Шағын ұлттар мектебі туралы» қаулыға сәйкес, барлық ұлттар, соның ішінде қазақтар өздерінің ана тілінде оқуды ұйымдастыра алады деп жарияланды.

  1920–1921 оқу жылында республикадағы мектептердің саны 2410-ға жетті (1914–1915 оқу жылында – 2011). Мектептердегі білім беру деңгейі әлі де нашар еді. Балалар мен мұғалімдерге арналған оқулықтар мен оқу құралдары тапшы болды. Әсіресе қазақ мектептерінде оқулықтар жетіспеді. Сондықтан да Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары сауатты деген ел азаматтарын қазақ мектептері үшін оқулықтар жазуға шақырды. Балалар үйіндегі материалдық-техникалық жағдай сын көтермейтін, онда тіпті ауыстыратын киімдер мен төсек-орындар жетіспейтін. Ауылдық елді мекендер уезд және губерния орталықтарынан шалғайда орналасты. Қазақ мектептерінде әліппе оқулықтарының өзі де жетіспеді. Жоғары білімі бар білікті педагогтер өте аз еді. Мысалы, 1924 жылы Ақмола уезінде жоғары білімі бар бірде-бір қазақ болған жоқ.

  Қазақтың ұлт зиялылары шығармашылық тұрғыда табысты еңбек етіп, мәдени құрылыс, халыққа білім беру саласын жеделдетуге зор үлестерін қосты. Қазақ тілінде оқулықтар жазылды. Мұндай оқулықтардың авторлары А. Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, Ә. Ермековтер болды. Алгебрадан қазақ тіліндегі мектеп оқулығын Қаныш Сәтбаев, географиядан Әлихан Бөкейхан, Қазақстан тарихын профессор Санжар Асфендиаров құрастырды. 1928 жылдың соңына қарай қазақ мектептері үшін 30-дан астам оқулық жарық көрді. 

Анықта
1920-жылдардағы мектептердің материалдық-техникалық базасының әлсіздігін немен түсіндіруге болады?

Ізден
Қазір Қазақстанда қанша мектеп бар?

  1929 жылға дейін Қазақстанда араб жазуы пайдаланылды. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктері ескеріліп, араб графикасына негізделген «төте жазу» жасалынды. 1929–1940 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпби жазу жүйесі енгізіліп, 1940 жылдан ол кирилл графикасымен ауыстырылды.

  Мектеп ісіне әліпбидің өзгертілуі үлкен қиындықтар туғызды. Азаматтарды қайта оқытуға даярлау курстары үлгермей жатты. 1930 жылы тамызда көшпелі халық тұратын мекендерде жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқу енгізілді. Алайда осы жылдары етек алған аштық мектептердің кеңінен ашылуына кедергі жасады. 1941 жылы республикада 7,5 мың мектеп жұмыс істеді, соның ішінде 5,1 мың бастауыш мектеп. Онда 1 миллионға жуық әртүрлі жастағы балалар оқыды. Жалпыға міндетті оқуға жататын мектеп жасындағы балалардың 98,9%-ы оқумен қамтылды.

  Соғыс жылдарында мектеп саны көбейген жоқ: тек 1% ғана өсті, педагогикалық кадрлар құрамы 10%-ға азайды. Бастауыш сыныптарға жоғары сынып оқушылары немесе зейнеткерлер сабақ берді. Оқушылар саны 1 138 мыңнан 792 мыңға дейін азайды. Ер-азаматтар соғысқа кеткеннен кейін, тылдағы өмірдің қиындықтары әйелдер мен балалардың иықтарына түсті. Кейбір балалар аналарына көмектесіп, мектепке бармай қалатын.

  1939 жылы жалпыға ортақ әскери міндеткерлік енгізілген соң, мектептерде әскери іс пәні оқытыла бастады. Гуманитарлық пәндер оқытуда әскери-патриоттық тақырыптарға көп көңіл бөлінді. Барлық мектептерде соғыстан жаралы болып қайтқан майдангерлермен кездесулер өткізіліп тұрды.

  4. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы арнаулы орта және жоғары білім. Большевиктер билікке келгеннен кейін республикада жоғары оқу орындары мен техникумдар ашыла бастады.

  Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі алғашқы жылдары жоғары білімі бар білікті кадрлар жетіспеді. С. Сейфуллин алғашқылардың бірі болып педагогикалық оқу орындарын дамытуға, студенттердің тұрмыс жағдайына ұдайы назар аударып отырды. Оның тікелей қатысуымен ҚазАКСР Халық Комиссарлары Кеңесі 1140 мемлекеттік стипендияны қазақ жастары үшін белгіледі. Республика Халық Комиссарлары Кеңесі қазақ мектептері үшін мұғалімдер даярлайтын Қазақстандағы бірден-бір жоғары оқу орны Орынбор қаласындағы Халыққа білім беру институтын қамқорлыққа алу жөнінде қаулы қабылдады. Қазақстан үкіметі шешімімен ана тілінде оқулықтар шығару үшін 25 мың сом бөлінді.

  1928 жылы Қазақстанда алғашқы жоғары оқу орны Қазақ педагогикалық институты ашылды. Кейін оған ұлы Абай есімі берілді.

  Кейіннен басқа да жоғары оқу орындары ашылды: Алматы малдәрігерлік институты (1929), Қазақ ауылшаруашылық институты (1930), Алматы медицина институты (1931), Орал педагогикалық институты (1932). 1934 жылы Қазақ мемлекеттік университеті ашылды. 1941 жылы республикада 20 жоғары оқу орны және 118 кәсіптік арнаулы оқу орындарында 40 мыңға жуық студент оқыды.

  Республиканың жоғары оқу орындарында жергілікті халық арасынан шыққан профессор-оқытушы кадрлар жетіспеді, көптеген институттарда қазақ студенттерінің саны аз еді. Негізгі себептерінің бірі – жаппай сипат алған аштық пен саяси қуғын-сүргін салдары болды.

ҚазҰПУ-нің алғашқы ғимараты

  Білікті профессор-оқытушы кадрлары тапшылығы мәселесін мамандарды басқа республикалардан (Ресей, Украина, Өзбекстан) шақыру арқылы шешуге тырысты.

  Соғыс жоғары мектептің өміріне өзгерістер енгізді. Алматыға КСРО-ның еуропалық бөлігінен бірқатар ЖОО-лар көшірілді. Аса көрнекті ғалымдардың Қазақстанға көшіп келуі жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін нығайтуға қолайлы жағдай жасап, жаңа ЖОО ашылуына мүмкіндік берді (Алматы шет тілдер институты, Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты, Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институты). Студенттерді тегін тамақтандыру мен жатақханада тұруды мемлекет тарапынан қаржыландыру туралы шешім шығарылды.

Ойлан
Білім беру саласындағы реформалар сол уақытта қаншалықты маңызды болды?

  1945 жылы республика жоғары оқу орындарында 45 мың студент оқыды. Қазақстанда интеллектуалды әлеуетті елеулі түрде нығайтқан арнаулы орта және жоғары оқу орындарының жүйесі құрылды.

  5. Соғыстан кейінгі жылдардағы білім беру жағдайы. 1950 жылдары жалпы білім берудің мазмұнын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп, мектептегі политехникалық оқытуға ерекше мән берілді. 10 жылдық білім беру жүйесіне көшу басталды. Мектептерде машинатану кабинеттері, оқу-тәжірибе алаңдары ұйымдастырылды. Сонымен қатар елеулі қиындықтар да болатын. Сыныптардағы оқушылар саны шамадан тыс көп болды. Үлкен қалаларда мектептер үш ауысымда жұмыс істеді. Ауылдық мектептердегі мұғалімдердің педагогикалық жүктемесі нормативтік 18 сағаттың орнына 40–42 сағатты құрады. Бұл жағдай оқушылардың үлгеріміне кері әсерін тигізді. Мектептердің едәуір бөлігі ескі ғимараттарда орналасты. 1950–1960 жылдары кешкі мектептер ашыла бастады.

  1959 жылғы санақ бойынша республикада жергілікті ұлт өкілдерінің саны халықтың 30%-ын ғана құрады. Қазақстанның солтүстік облыстарында қазақ тілінде оқытатын мектептер саны қысқарды. Облыс орталықтарында бір-бірден ғана қазақ мектептері жұмыс істеп тұрды. 1970 жылы қала халқының құрамындағы қазақтардың үлесі 17,2% ғана болды. Соның салдарынан қазақ мектептері жабылып, орыс тілінде оқытатын мектептерге айналды.

  1972 жылы республика жалпыға бірдей орта білім беруге көшті. Білім беру және тәрбие жұмысының бағдарламасына өзгерістер енгізу үшін жаңа реформалар жүргізілді. Тарих, әдебиет, биология, химия, астрономия, география, еңбек және шетел тілдері пәндері бойынша жаңа оқу бағдарламалары әзірленді, жаңа оқулықтар шығарылды. Республика мектептерінде кабинеттік жүйе енгізілді. Олар бюджеттік және демеуші ұйымдар есебінен де жабдықталды.

 

  1980 жылдары балаларды 6 жастан бастап мектепке қабылдау бағдарламасы іске қосылды. Үлкен қалаларда балабақшалардың жетіспеушілігі өзекті мәселе болып қала берді. Қалалық және ауылдық мектептердегі оқыту сапасында да айтарлықтай айырмашылықтар байқалды. Мектеп жүйесіндегі ауыр дағдарыс ауқымды деңгейде ХХ ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысында басталды.

Ойлан
Білім беру саласындағы жүргізілген реформалардан қандай кемшіліктерді байқауға болады?

1. Кеңес үкіметінің алғашқы онжылдығында Орта Азияның басқа республикаларында мектеп ісінің жағдайы қандай еді?
2. «Жаңа латын әліпбиіне көшу» атты тақырыпта пікірталас өткізіңдер.
3. Білім беру деңгейі елдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынымен байланысты ма?

Жұмысшы факультеті (рабфак) – КСРО-да 1919–1930 жылдары ересектерге арналып ашылған, жалпы білім берген оқу орындары.
Қызыл отау – Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы қыз-келіншектердің сауатын ашу үшін ұйымдастырылған киіз үй.
Сауатсыздықты жою – кеңес өкіметінде сауатсыздықты жою бағытында жүргізілген іс-шара.
Техникум – халықшаруашылығының түрлі салалары үшін мамандар даярлайтын кәсіптік арнаулы орта оқу орны.

Асфендиаров Санжар (1889–1938) – мемлекет және қоғам қайраткері, медицина саласының білікті маманы, көрнекті тарихшы-ғалым. 1935 жылы «Қазақстанның өткені деректер мен құжаттарда» атты кітабы жарық көрді.
Ермеков Әлімхан (1891–1970) – қоғам қайраткері, «Алаш» партиясы мен Алашорда қозғалысы жетекшілерінің бірі, математик, ұстаз, ғалым. «Ұлы математика курсы», «Қазақ тілінің математика терминдері» (1935) атты еңбектердің авторы.

Шығармашылық тапсырмалар.

1-тапсырма. Кеңестік білім беру жүйесінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көрсетіп, қорытынды шығарыңдар.

2-тапсырма. Берілген кілт сөздерді пайдалана отырып, Кеңестік білім беру жүйесінің дамуына қатысты пікіріңді білдір.
«Сауатсыздықты жою», «қызыл отау», «мұғалімдер институты», «мектептегі білім беру», «кәсіптік білім беру», «жоғары оқу орындары».

1940 жыл, 6–8 ақпан

ҚазКСР-і Халық ағарту комиссариаты коллегиясының қазақ әліпбиін енгізуді тездету шаралары туралы мәжілісінің хаттамасынан.

3. Тыңдады: Жаңа әліпбиді енгізуді тездету шаралары туралы. Қаулы: басшылық (директивалық) органдардың жаңа әліпбиге көшуді тездету және араб жазуынан барлық мемлекеттік және қоғамдық салаларда арылу туралы бұйрығына сүйене отырып, Қазақстанның 10 жылдығына ХАК-ның коллегиясы бұйырады:
1. ХАК-ның барлық бөлімдері мен органдарына дамуды күшейтіп, оқу-тәрбие, саяси ағарту, ғылыми, кітапхана, баспа және кеңсе жұмыстарының барлық жағы Қазақстанның 10 жылдығына дейін 100% жаңа әліпбиге көшірілсін.

Төраға Мамаев. Хатшы Соболев.

 Қазақстандағы мәдени құрылыс (1918–1932 жж.) Құжаттар мен материалдар жинағы. Т.1. Алматы, – 1965. 75-б.

Коллегия қаулысының араб әліпбиіне деген көзқарасы қандай болды?

×
×

Корзина