1. Көбею аймағы – бұл жерде митоз жүреді, жыныс бездерінің диплоидты жасушалары көбірек болады.
2. Өсу аймағы – митоз бен мейоз аралығындағы интерфаза кезеңі, бұл кезеңде ДНҚ матрицалық жолмен өздігінен көшірмелену әдісімен екі еселенеді. Осы фаза соңында әрбір диплоидты жасуша бөлінуге дайын, яғни екі хроматидтен тұратын хромосомалар болады.
3. Пісіп-жетілу аймағы – мейоз жүреді, соның нәтижесінде жыныс бездерінің диплоидты бастапқы жасушасынан қосылуға, яғни ұрықтануға қабілетті хромосома жиынтығы бар 4 гаплоидты жасуша қалыптасады.
4. Қалыптасу аймағы. Сперматозоидтердің құйрығы қалыптасады, ядро жасуша ұшына орын ауыстырады, ядро алдында жұмыртқа жасушасының қабықшасын еріту үшін лизосомалар жинақталады. Құйрық негізінде оның қозғалысын АТФ-тің жеткілікті мөлшерімен қамтамасыз ететін митохондриялар жинақталады. Жұмыртқа жасушасында қабықша түзіліп, жасуша цитоплазмасында қоректік заттар қоры жинақталады. Қоректік заттардың бір бөлігі нәруыздар мен күрделі липопротеидтердің бөлігі түрінде бауыр жасушаларында түзіледі. Содан кейін жұмыртқа жасушасы құрамына түсу үшін аналық безге жеткізіледі. Бұл заттар егер ұрықтану жүрсе, болашақ эмбрионның қорек негізі болуы тиіс.
Жыныс жасушалары дайын болғанда ұрықтану жүреді. Жұмыртқа жасушасының ішіне тек сперматозоидтің ядросы енеді, ал жасушаның көп бөлігі (цитоплазма мен құйрығы) сыртта қалады. Ұрықтану соңынан жұмыртқа жасушасы мен сперматозоидтің ядролық материалы зиготаның ортақ бір ядросына бірігеді. Кейде жануарларда бірден гаметалардың бірнеше жұптары қосылуы мүмкін. Мысалы, балықтар мен қосмекенділерде осылай жүреді. Аталықтар шәует шашқаннан кейін сперматозоидтер бірден көптеген уылдырықтарға кездеседі. Мұндай үдерістер іштей ұрықтану кезінде де болуы мүмкін. Жыландар мен кесірткелер әдетте бірнеше жұмыртқа салады. Ірі ұрықжолдастыларда осындай үдеріс сирек, ал ұсақ жануарларда жиі жүреді. Пілдер, әдетте, екіден бала тумайды, ал тышқантектес кемірушілер бірден көп бала туады. Адамда да бір жұмыртқалы (әр жынысты немесе бір-біріне ұқсамайтын) егіздер туылуы мүмкін.