Тірек сөздер:
1. Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылуының алғышарттары. ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап республикада КСРО ҒА ұйымдастырған бірқатар тұрақты және маусымдық ғылыми қоғамдар жұмыс істей бастады. Академиктер А.Е. Ферсман, А.Н. Самойлович, А.А. Григорьевтер жетекшілік еткен экспедициялар өлкеде ғылыми зерттеулер жүргізді. Олар пайдалы қазба орындары, өсімдіктер мен аңдар дүниесі және қазақ халқының тарихы мен этнографиясы жайлы құнды еңбектер жазды. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында КСРО ҒА-ның қазақ бөлімшесінде 100 ғылыми қызметкер еңбек етті, оның үшеуі ғылым докторы, 14-і ғылым кандидаты еді. Аталған ғалымдар республиканың 11 ғылыми-зерттеу мекемелері мен тәжірибе секцияларында жұмыс істеді. Картографтар мен геодезистер Қазақстан аумағының 90 %-ына жуығын картаға түсірді. Геологтар жаңа кен көздерін ашты. Іргелі ғылыми ізденістердің барысында республика хром мен ваннадий қоры жағынан әлемде 1-орын алды. Малшаруашылығы да өркендеп, қой мен ешкінің жаңа түрлері шығарылды.
Академик Қ.И. Сәтбаев, Н.Д. Оңдасынов және қазақстандық ғалымдар
1920 жылы Орынбор қаласында алғашқы ғылыми мекеме «Қазақстанды зерттеу қоғамы» құрылды. 1932 жылы Қазақстанда КСРО Ғылым академиясының ғылыми базасы ашылды. 1938 жылы база бірнеше секторлары бар КСРО Ғылым академиясының қазақ бөлімшесі болып қайта құрылды.
Есіңе түсір
Өзге ұлт ғалымдары Қазақстан ғылымын дамытуға қандай үлес қосты?
Ұлы Отан соғысы жылдарында бөлімшеде қоныс аударған КСРО-ның атақты ғалымдары И.П. Бардин, А.А. Скочинский, Л.Д. Шевяков, В. Обручев, Д.И. Прянишников, А.М. Панкратова, Н.М. Дружинин, И.И. Мещаниновтар қызмет атқарды. 1943 жылы Алматыда «Көне заманнан бүгінге дейінгі Қазақ КСР тарихы» деп аталатын еңбек жарық көрді. Басылымның дайындалуына академик А. Панкратова және тағы басқа ғалымдар атсалысты.
2. Қазақстанның Ғылым академиясы құрылуындағы Қ.И. Сәтбаевтың рөлі. Қазақстан Ғылым академиясының ұйымдастырылуына Қ.И. Сәтбаев зор үлес қосты. Ол 1941 жылы ғалым Алматы қаласында ұйымдастыру ісін қолға алды. 1942 жылы КСРО Ғылым академиясы Қазақ бөлімшесі президиум төрағасы болып бекітілді. Бұл республикамызда дербес Ғылым академиясын ашуға серпін берді. Ол Мәскеумен хат алысып, келіссөздер жүргізді. Ғалым КСРО-ның еуропалық бөлігінен уақытша көшірілген ғалым-академиктерді жинады. Болашақ Ғылым академиясына ғимарат іздестірді. Республиканың көрнекті ғалымдарының әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін жақсартуға көмектесті. Өзі жанашырлық танытып, көптеген жас ғалымдарды кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғауға шақырды.
Ғылым академиясы – кез келген мемлекеттің дамуының көрсеткіші. Ғалымның бұл орайда атқарған еңбегі ұшан-теңіз. 1941 жылы Кеңес үкіметі шешімімен Ресей және КСРО Ғылым академиясының ғалымдары Қазақстан жеріне орналастырылды. Қ. Сәтбаев орталықтан бірқатар ғалымдарды тартып, республиканың бай табиғи қорларын игеруге күш жұмылдырды. Ұлы Отан соғысы қарсаңында бір ғана Геология институты ашылса, 1944 жылы КСРО Ғылым академиясының қазақ бөлімшесінде 6 институт және 4 сектор жұмыс істеп тұрды. 576 қызметкер, оның ішінде 2 академик, 4 КСРО ҒА корреспондент-мүшесі, 27 ғылым докторы еңбек етті. Соғыс жылдары ғылыми кадрлар құрамы үш есе өсті. Соғыстан кейін тау-кен, химия, металлургия, топырақтану институттары ашылды. 1944 жылы қаңтарда Қ. Сәтбаев республика басшылығына бір орталықтан үйлестірілетін Ғылым академиясын ашу қажеттігін айтып, қазақстандық ғылымның дамуы туралы хат жолдайды. Сол жылдың соңында ол үкімет тапсырмасы бойынша ҚазКСР Ғылым академиясын ашу жұмысына кіріседі. ҚазКСР Ғылым академиясын құру бойынша Үкіметтік комиссия жасақталды. Оның құрамына КСРО ҒА-ның 11 академигі және президенті С.И. Вавилов кіреді. Қазақ КСР Ғылым академиясының құрылуына байланысты ұйымдастыру жұмыстарына сол кездегі Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Оңдасынов басшылық етті.
3. ҚазКСР Ғылым академиясы. Ұзақ дайындық жұмысынан кейін 1946 жылы маусымда Қазақ КСР Ғылым академиясы ашылды. Ғылым ордасы алғашқыда қазіргі микробиология институтының екі қабатты ғимаратында орналасты. Ғылым академиясының құрамында 18 ҒЗИ, 8 сектор, 7 тәжірибелік станция, 3 ботаникалық бақ болды. Қызметкерлердің саны 1400 адам, соның ішінде 57 ғылым докторы, 184 ғылым кандидаттары. Қ. Сәтбаев бастамасымен 11 жаңа ғылыми-зерттеу институттары құрылды.
Көп ұзамай Қазақстан Ғылым академиясы ғылыми зерттеулер көлемі мен деңгейі бойыншабүкілодақтық және украиналық академиядан кейін үшінші орынға шықты. Ғылым кандидаттары мен докторлардың саны артты.
КСРО-ның одақтас республикалармен ғылыми байланысы нығая түсті. Өндіріс орындарына ғылымның соңғы жетістіктері кеңінен енгізілді. Ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті. Бұл туралы академик Қ. Сәтбаев: «КСРО ҒА-ның қазақстандық базасын ұйымдастыру қарсаңында оның қаржылық қоры бірнеше мың санды ғана құраса, 1946 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының бюджеті 45 млн сомнан асып түсті», – деп жазды. Жыл сайын ғылыми зерттеулер мен ғалымдардың жалақысына бөлінетін қаржы қоры өсіп отырды.
Жаңа академия ғимаратының жобасын жасауда Қ. Сәтбаев өзі тікелей араласып бастама көтерді. 1951 жылы қазіргі Шевченко көшесі бойында құрылыс басталды. Алғашқы кірпішін Ғылым академиясы президентінің өзі қалады. Ғимарат белгілі архитектор Алексей Щусевтің жобасы бойынша салынып, 1957 жылы құрылысы аяқталды. Келесі жылы ғалымдар жаңа ғимаратқа орналасып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге кірісті. Д.А. Қонаев Қазақстан ҒА-ның президенті кезінде ғылымның дамуына зор үлес қосты.
4. ХХ ғасырдың 50–80-жылдарындағы Қазақстанда ғылымның дамуы. ХХ ғасырдың 50–80-жылдарында республикада қазақстандық және орталыққа бағынатын ғылыми мекемелер жұмыс істеді. Орталыққа бағынатын мекемелер тікелей КСРО қорғаныс ведомствосына қарады.
Қазақстан Республикасының Ғылым академиясы, Алматы қ.
Есіңе түсір
Қ. Сәтбаевтан басқа тағы қандай қазақ ғалымдары қудалауға ұшырады?
Қазақстан ғалымдары геология, химия, география, медицина, ауылшаруашылық және басқа да салаларда едәуір табыстарға жетті. Мысалы, 1956 жылы академик Қ.И. Сәтбаевтың басшылығымен ғалым-геологтар Орталық Қазақстанның болжамды-металлогендік кешенді картасын құрастырды. ХХ ғасырдың 60–80-жылдары мұнай кенорындары кеңінен игеріле бастады. Қазақстандық ғалымдар батыс өңіріндегі мұнай және газ кен орындарын зерттеуге қатысып, бірқатар еңбектер жариялады. Республика ғалымдары ғылыми ізденістерінің арқасында 1960 жылдары аса ірі су құрылысы Ертіс-Қарағанды каналы салынды. Бидайдың жаңа сұрыптары шығарылды.
Қоғамдық ғылымдар саласында зерттеу ауқымы кеңейтіліп, ғалымдар ірі жетістіктерге қол жеткізді. 1945 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жарлығымен Тарих, археология және этнография институты құрылды. 1961 жылы Ш. Уәлиханов есімі берілді. Институтта Ә. Марғұлан, Е. Бекмаханов, А. Нүсіпбеков, Б. Сүлейменов, Г. Дахшлейгер, Х. Арғынбаев т.б. білікті ғалымдар еңбек етті. Осы ғылыми мекемеден еліміздің тарихы, этнографиясы мен мәдениетіне қатысты іргелі басылымдар жарық көрді. 1957–1959 жылдары «ҚазКСР тарихының» екі томдығы шықты.
Ағартушы-ғалымдар Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин шығармаларын жинап, жарыққа шығару қолға алына бастады. 1958 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Философия және құқық институты, 1961 жылы Тіл білімі, әдебиет және өнер институттары ашылды. ХХ ғасырдың 50-жылдардың соңына дейін Қазақ КСР Ғылым академиясының құрамында 50 ғылыми-зерттеу мекемесі қызмет етті, 500-ге жуық аспирант оқыды. 1985 жылы республикада 40 мыңнан астам ғылыми қызметкер болды.
1940 жылдардың соңы – 1950 жылдардың басында саяси қуғын-сүргіннің жаңа толқыны басталып, ғылым идеологиялық қысымды қатты сезінді. Көрнекті тарихшылар Е. Бекмаханов, Ә. Марғұлан, Б. Сүлейменов, Е. Ділмұхамедов т.б. ғалымдарға ұлтшылдық айыбы тағылды. Олар Қазақстанның Ресей империясының құрамына енуі, ұлт-азаттық қозғалыстар т.б. мәселелер аясында әдістемелік өрескел қателіктер жіберді деп айыпталды. Қ.И. Сәтбаев та саяси қуғынға ұшырады. М. Әуезов Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Қ. Сәтбаев Ғылым академиясынан қудаланып, «Едіге батыр» жырына алғы сөз жазғаны үшін «ұлтшыл» атанды. Кадр мәселелерінде дұрыс шешімдер қабылдамады деп айыпталды. Партия қатарына қабылданған кезде шығу тегін жасырды деген де айып тағылды. Қ. Сәтбаев қызметінен босатылды. Е. Бекмаханов Кенесары Қасымұлы көтерілісін дәріптегені, «буржуазияшыл ұлтшылдық көзқарасы» үшін айыпталып, 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
1. Қазақ КСР Ғылым академиясының құрылуына қандай алғышарттар ықпал етті?
2. Қазақ КСР Ғылым академиясы ғылымның дамуына қандай үлес қосты?
3. Қазақстан ғылымының дамуында кедергілер болды ма?
Академия – 1. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын ең жоғарғы ғылыми мекеме. 2. Білімнің арнаулы бір саласымен байланысты жоғарғы дәрежелі оқу орны.
ҒЗИ – ғылыми зерттеу институты.
Нұртас Оңдасынов (1904–1989) – мемлекет және қоғам қайраткері. Ол жергілікті ұлт кадрларын дайындауға үлкен үлес қосты. Қазақ КСР-і Ғылым академиясы ғимаратының салынуына қажетті қаражат табуға көмектескен. КСРО ҒА-ның президенті В.Л. Комаровпен кездесуде Қаныш Сәтбаевты «Қазақ КСР Ғылым академиясының болашақ президенті», – деп таныстырған. Н. Оңдасынов жауапты қызметтерде жүріп шығармашылықпен де айналысқан. Арабша-қазақша, парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктер жазған.
Қаныш Сәтбаев (1899–1964) – геолог-ғалым, минералогия ғылымдарының докторы, профессор, академик. Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес одағы және Қазақстан металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик.
Шығармашылық тапсырмалар.
1-тапсырма. GREAT формуласы бойынша Қазақ КСР Ғылым академиясының құрылуының тарихи маңызын талдаңдар.
2-тапсырма. «Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылуындағы Қ.И. Сәтбаевтың рөлі» атты тақырыпта 100–120 сөзден тұратын ой толғау жазыңдар.
3-тапсырма. 2 топқа бөлініп, «Кеңестік Қазақстан ғылымының дамуындағы қиындықтар мен қарама-қайшылықтар» атты тақырыпта пікірталас жүргізіңдер.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы, Министрлер Кеңесі және Қазақстан КП(б) ОК-нің «Қазақ КСР Ғылым академиясын құру туралы» қаулысы
Алматы қ. 1946 ж. 1 маусым
Қазақстандағы ғылыми мекемелердің жемісті дамуы, кеңес жылдарында ғылыми кадрлардың өсуі мен бесжылдық жоспарға байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстары саласындағы жаңа міндеттер КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесін алдыңғы қатарлы ғылыми ой орталығы мен ғылыми кадрларды тәрбиелеу мектебі ретінде Қазақ КСР Ғылым академиясына қайта ұйымдастыру мәселесін күн тәртібіне қойды. КСРО ХКК 1945 ж. 26 қазандағы қаулысына сәйкес Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы, Министрлер Кеңесі және Қазақстан КП(б) ОК қаулы етеді:
1. Жұмыс істеп отырған КСРО Ғылым академиясының бөлімшесі негізінде Қазақ КСР Ғылым академиясын жасақтау;
2. Қазақ КСР Ғылым академиясының құрылған күні ретінде 1946 жылғы 1 маусымды бекіту;
3. Қазақ КСР Ғылым академиясы Президиумының тұрақты орналасатын жері ретінде Алматы қаласын белгілеу;
4. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы, Министрлер Кеңесі және Қазақстан КП(б) ОК барлық партия, кеңестік, шаруашылық және қоғамдық ұйымдарды Қазақ КСР Ғылым академиясына, оның шығармашылық жұмысына жан-жақты көмек көрсетуге шақырады.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы, Министрлер Кеңесі және Қазақстан КП(б) ОК ғылыми ойдың бірегей орталығына біріккен республика ғалымдарының Қазақстандағы ғылым мен мәдениеттің одан ары дамуына күш-жігерлері мен білімдерін аямайтындарына … кәміл сенімін білдіреді.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы төрағасы А. Қазақбаев
Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Оңдасынов
Қазақстан КП(б) ОК хатшысы Ж. Шаяхметов
ҚР ПА. 708-қор. 10-т. 72-іс. 6-9 пп. Түпнұсқа.
1. Деректі оқып шығып, 1946 жылға дейінгі КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесіне қандай баға беруге болады?
2. Қазақ КСР Ғылым академиясын Алматы қаласында ашудың себебі неде деп ойлайсыңдар?