Қазақстан жануарлар дүниесінің алуантүрлілігі

- өзің тұратын өлкеңдегі жануарларды жіктей (классификациялай) аласың.

Қайталау сұрақтарына жауап бер және тапсырмаларды орында.

1. Не себепті кейбір жануарлар артқы аяқтарына тұрады, жүгіреді, секіреді, ұшады, ал кейбір жануарлар бұларды жасай алмайды. Түсіндір.
2. Балық сусыз тіршілік ете ала ма?
3. Өзің тұратын өлкеңде жануарлардың қандай түрлері бар?
4. Жұмбақтарды шеш.
  а) Мүйізінен таралған,
      Жанға шипа дәрі алған.
  ә) Түнде жортады,
      Жарықтан қорқады.
  б) Сұрғылт тартқан түсі бар,
      Ақсиған көп тісі бар,
      Тыным таппай жүгіріп,
      Сілекейі шұбырған,
      Қыстау маңын ториды.

Олжас жұптық жұмыс ұсынады.

Зерттеңдер

  Мақсаты: Қазақстанда қандай жануарлар өмір сүретінін анықтаңдар.
  Болжам жасаңдар
Болжамдарыңды мына сөздерден бастаңдар: «Қазақстан аумағында мына …».
  Өз болжамдарыңды тексеріңдер
1. Қазақстанның физикалық картасына зер салып қараңдар (қосымша 2-ні қараңдар).
2. Қандай табиғи аймақтарды көріп отырсыңдар?
3. Әр аймақтарда қандай жануарлар өмір сүре алады? Неліктен?
4. Жануарларды тіршілік ету ортасы бойынша орналастырыңдар.
5. Қай жануарлар қалып қойды? Неліктен?
6. Нәтижесін дәптерлеріңе жазыңдар.
7. Болжамдарың расталды ма?
  Тапсырма
1. Картадан өздерің тұратын жерді табыңдар.
2. Өздерің тұратын өлкелеріңде жануарлардың қандай түрлері мекендейді?
3. Сендер картада оларды дұрыс орналастырдыңдар ма?

Білу үшін оқы
«Инсерт» әдісін қолдан.

  Қазақстанның жануарлар дүниесі бай әрі алуан түрлі. Қазақстанның аумағында таулар, далалар, шөлдер, ормандар, өзендер мен көлдер бар. Біздің еліміз өте кең аумақты: батыстан шығысқа дейін 3000 км, солтүстіктен оңтүстікке 2000 км-ге дейін созылып жатыр. Климаттық ерекшеліктері әртүрлі. Қыста еліміздің солтүстігінде –50°С аяз болса, оңтүстігінде жылы температура көрсетіп тұрады.
  Қазақстанда түрлі жануарлар бар. Қазақстанның солтүстігінде бұлан, елік, қоянды көруге болады. Шөлейтті аймақтарда сарышұнақтар, қосаяқтар, ақбөкендер, қарақұйрықтар, дала сілеусіндері жиі кездеседі.
  Шөл далаларда әртүрлі кесірткелер мен жыландар тіршілік етеді.

  Алтай тауының ормандарында марал, арқар, бұлғын, тау барысы мекендейді.
  Қазақстанның көптеген өзендері мен көлдері қаздардың, аққулардың, үйректердің, шағалалардың, қоқиқаздардың, бірқазандар мен суқұзғындардың мекеніне айналған.

  Балықтардың бірнеше түрі кеңінен таралған. Олар: сазан, көксерке, мөңке, жайын, бақтақ, табан.
  Қазақстан аумағында сүтқоректілердің 180 түрі, құстардың 500 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 52 түрі, қосмекенділердің 12 түрі, 100-ден астам балық түрі, 50 000-нан астам омыртқасыздар түрі кездеседі.

Мәтін бойынша тапсырманы орында. Диаграмманы толтыр.
«Қазақстанның жануарлар дүниесі»

1. Сүтқоректілер
2. Балықтар
3. Құстар
4. Қосмекенділер
5. Бауырымен жорғалаушылар
6. Омыртқасыздар

Сабақты қорытындылау

1. Қазақстанның жануарлар дүниесі туралы не айта аласың?
2. Қазақстанда неге піл жоқ?

×
×

Корзина