Бунақденелілердің тіршілік ету циклі

- бунақденелілердің тіршілік ету циклін сипаттай аласың.

Қайталау сұрақтарына жауап бер және тапсырманы орында

1. Бунақденелілердің тіршілік ету циклі туралы не білесің?
2. Адам жануарларды не үшін пайдаланады деп ойлайсың?
3. «Бунақденелілер» сөзіне синквейн құра.

Әсел жұптық жұмыс ұсынады.

Зерттеңдер

  Мақсаты: Барлық бунақденелілердің тіршілік ету циклі бірдей ме? Анықтаңдар.
  Болжам жасаңдар
  Болжамдарыңды мына сөздерден бастаңдар: «Бунақденелілердің тіршілік ету циклі …».
  Өз болжамдарыңды тексеріңдер
  1. Көбелектің тіршілік ету циклі кестесіне қараңдар.
  а) Циклдің қай кезеңдерін атар едіңдер?
  ә) Әр кезеңде не болды?
  2. Шегірткенің тіршілік ету цикліне қараңдар.
  а) Циклдің қай кезеңдерін атар едіңдер?
  ә) Дернәсіл жәндікке ұқсай ма?
  Нәтижесін дәптерлеріңе жазыңдар.
  Болжамдарың расталды ма?

Білу үшін оқы
«Инсерт» әдісін қолдан.

  Жануарлар патшалығындағы ең көп тарағаны – бунақденелілер класы. Қазақстанда олардың мыңдаған түрі кездеседі.
  Барлық бунақденелілер белгілі бір тіршілік ету циклінен өтеді. Даму типтері бойынша оларды үлкен екі топқа бөледі:
  1) толық түрленіп дамитын жәндіктер (толық метаморфоз) – қоңыз, көбелек, шыбын, маса, ара т.б.;
  2) шала түрленіп дамитын жәндіктер (толық емес метаморфоз) – дәуіт, шегіртке, тарақан, бит т.б.
  Шала түрленіп дамитын жәндік дамудың үш кезеңінен (жұмыртқа, дернәсіл, имаго) өтеді.

  Генерация (бір түрден тарау) – бұл жұмыртқадан немесе дернәсілден бастап ересек кезеңге дейінгі жәндіктің даму циклі.

  Бунақденелілердің шала түрленіп дамуы ересек жәндікке ұқсайды. Оларда әдетте қанаттары мен мұртшалары дамымаған.

  Имаго – бұл бунақденелілердің дамуындағы жоғары сатысы.

  Тарақандардың жұмыртқадан шыққан дернәсілі дене тұрқы мен тіршілік етуі жағынан өзінің ересек түрлеріне ұқсайды. Тек денесінің көлемі мен қанатының жоқтығымен ғана ерекшеленеді.

  Метаморфоз (түбегейлі өзгеруіне әкелетін құбылыс) – бұл жануарлардың тіршілік ету кезеңіндегі құрылымы мен дене тұрқының өзгеруі.

  Бунақденелілердің толық түрленіп дамуы төрт кезеңмен (жұмыртқа, дернәсіл, қуыршақ және ересек жәндік немесе имаго) сипатталады. Әдетте мұндай жәндіктердің дернәсілі құрт тәрізді.

  Мысалы, жұмыртқадан жұлдызқұрт шығады. Жұлдыз-құрт – көбелектің дернәсілі.
  Енді ғана жарыққа шыққан ол жұмыртқаның қабығымен, содан соң өсімдік жапырағымен қоректене бастайды.
  Жұлдызқұрттың көпшілігі 4–5 рет түлейді. Жұлдызқұрт соңғы түлегеннен кейін қоректенуін тоқтатады. Ол жібек жіп шығарып, оны өсімдікке бекітеді.
  Жұлдызқұрттың даму кезеңі бірнеше аптаға созылады, кейбір жәндіктердікі одан да ұзағырақ болады.
Көптеген жұлдызқұрттар піллә салады. Ол өзін ұзындығы сандаған километрге жететін жібек жібімен бірнеше қайтара орап тастайды. Жұлдызқұрт тек пілләда ғана қуыршаққа айналады. Қуыршақ кезеңі бірнеше күнге, кейде тіпті үш жылға дейін созылады.
  Егер қуыршақтың ішін жарып қарайтын болсақ, дернәсілдің ішкі мүшелерінің езіліп кеткенін көруге болады. Осы «ботқадан» ересек жәндік пайда болады.
  Метаморфоз аяқталғанда қуыршақтың қауашағы жарылып, ішінен көбелек шығады.
  Ол өзінің қанатын жазып ұшатын бос жер іздейді.
  Бунақденелілердің генерациясы әртүрлі өтеді. Ең қысқа өмір сүру циклі (жұмыртқа салудан бастап имаго шыққанға дейін) маса (бір аптадан аз) мен шыбында (9 күн).

  Кейбір бунақденелілер (мысалы, қаракүйе, тропика көбелегі) жылына 10–15 рет ұрпақ таратуға қабілетті. Қара тарақанның бір генерациясы төрт рет жалғасады.

Сабақты қорытындылау

1. Неліктен жұлдызқұртты бақшаның қауіпті зиянкесі деп есептейді?
2. Сен өсімдіктен қуыршақты көрдің бе? Оларды жою үшін не істеу керек деп ойлайсың?
3. Көбелектің негізгі атқаратын қызметі қандай?
4. Кез келген бунақденелілердің даму кезеңінің моделін жаса.

×
×

Корзина