Жел неге соғады?

- желдің не екенін түсіндіре аласың.
- желдің пайдасы мен зияны туралы мысал келтіре аласың.

Қайталау сұрақтарына жауап бер және тапсырмаларды орында

1. Ауа қызған кезде не болады? Ауа суыған кезде не болады?
2. Ауа құрамындағы қай газ тірі ағзалар тыныс алу үшін керек?
3. Неліктен Жер шарының барлық жерінде оттек бар екенін болжап айт. (Тіпті өсімдіктер аз немесе мүлде жоқ жерлерде де.)
4. Жұмбақты шеш.
  Ағаштарды шайқайды,
  Көзге көрінбейді.
  Шарлағанда сай-сайды
  Бір сәт ерінбейді.
5. Жұмбақтың шешуіндегі сөзге кластер құрастыр.

Олжас топтық жұмыс ұсынады.

Зерттеңдер

  Мақсаты: ауаның қозғалу себебін анықтаңдар.
  Болжам жасаңдар
  Ауа үнемі қозғалыста болады.
  Болжамдарыңды мына сөздерден бастаңдар: «Ауа қозғалады, себебі …».
  Өз болжамдарыңды тексеріңдер
  Сынып бөлмесіндегі ауа температурасының қандай биіктікте екенін анықтаңдар:
  а) еден үстінде; ә) көзіміздің тұсында; б) төбе маңында.
  1. Таяққа термометрді жіппен бекітіңдер. Таяқты резеңкемен төбеге қарай көтеріңдер, 1–2 минуттай ұстап тұрыңдар. Содан кейін термометрді тез түсіріп, температураны анықтаңдар.
  2. Бөлме ішіндегі ауа температурасы туралы қорытынды жасаңдар.
  3. Майшам мен сіріңкені алып, майшамды абайлап тұтатыңдар.
  4. Жанып тұрған майшамды жабық есікке қарай жақындатыңдар. Не болды?
  5. Енді есікті аздап ашыңдар. Майшамның жалыны қалай жанды?
  6. Қорытынды жасаңдар.
  7. Нәтижесін дәптерлеріңе жазыңдар.

Білу үшін оқы

  Үстел үстіне бірнеше қағаз қиындыларын қой. Қолыңа дәптеріңді алып, қағаз қиындыларының үстінен желпі. Не болды? Жел қалай пайда болады? Түсіндір.

  Жел – бұл қозғалысқа түсетін ауа.

  Ауа неге қозғала бастайды?
  Күн топырақты, құз-шыңдарды, көл, теңіз, мұхит суларын қыздырады. Олар осы жылуды айналасындағы ауаға таратып, атмосфераны қыздырады. Су мен құрлық біркелкі қызбайды, сондықтан олардың үстіндегі ауа да әртүрлі. Өзен үстіндегі ауа тасжол мен құмның үстіндегі ауаға қарағанда әлдеқайда салқын.
  Жылы ауа суық ауаға қарағанда жеңіл. Жылы ауа жоғары көтеріледі, ал суық ауа ауырлау, сондықтан жерге қарай төмен түседі. Температураның түрлі болуынан ауа үнемі Жерді айнала қозғалып жүреді. Осылайша жел пайда болады. Жел күшімен электр энергия қуатын мол өндіруге болады.
  Қатты жел (дауыл, тайфун) қоршаған орта мен адамзаттың тіршілігіне өте үлкен зардап әкеледі.

Зертте

  Мақсатты анықта, болжам жаса, болжамыңды тексер.
  Ауа температурасының қалай өзгеретінін анықта:
  1) жерүстінде, тасжолда; 2) таңертең, күндіз, кешке.
  Зерттеу нәтижесін жаз. Жасаған жұмысыңды сыныптастарыңмен талқыла.

  Сызбаға қара. Құрлық пен сулардың үстіндегі ауа қызып, қалай қозғалатынын анықта.

Қызықты деректер

• Жел екпініне қарай әртүрлі болады. 1996 жылы 10 сәуірде Австралия маңындағы Барроу аралындағы ауа райын болжау стансысы 408 км/сағ желдің екпінін тіркеді.
• Оңтүстік мұхитта ең қатты және ең үлкен желдер соғады.
• Жел Жер бетінде ғана соқпайды. Күн жүйесіндегі ең қатты жел Нептунда тіркелген. Мұндағы желдің жылдамдығы секундына 325 метрге жетеді.

Сабақты қорытындылау

1. Жел деген не?
2. Ауа қай жерде қаттырақ қызады?
3. Жел қай кезде қатты соғады? Күндіз бе, түнде ме? Болжамыңды айт.

×
×

Корзина