Жел әртүрлі болады. Кейбір желдер аса қауіпті. Олар: дауыл, тайфун, құйын.
Құйын құрлықта да, теңіз үстінде де пайда бола береді. Бұл – атмосфералық қатты жел. Ол бұлтта пайда болып, Жер бетіне діңгек түрінде түседі. Бұл діңгектің ішіндегі желдің жылдамдығының күштілігі сондай, ағашты тамырымен қопарып, ауыр мәшиненің өзін аспанға көтеріп әкетеді. Мұндай ірі құйындар Америкада болады. Оларды торнадо деп атайды. Құйындар ұзаққа бармайды, бірнеше минуттан бір сағатқа дейін соғады.
Дауыл құйынға қарағанда әлдеқайда күшті. Ол мұхиттың жылы ағысынан пайда болады. Дауыл бір аптаға созылуы мүмкін. Дауыл кезінде теңіз бетінде күшті толқындар пайда болады. Олар жағаға ұрып, маңайындағы елді мекендерді су басып кететін жағдайлар да кездеседі. Дауыл құрлыққа жеткен кезде ақырындап басылады. Дауыл әсіресе жаздың аяғында теңіз суы мен ауа қатты қызған кезде көп соғады.
Жасанды Жер серіктерінің көмегімен ауа райын бақылау қызметкерлері дауыл тұрғанын алдын ала хабарлап айта алады. Ең ірі дауылдарға ғалымдар ат қойған.
Құйын мен дауылдың қандай зардаптар әкелетіні туралы пікіріңді айт.