Қорқыныштың көзі ала деген рас-ау.
Кеше ме, әлде алдыңғы күні ме екен, жердің астынан шыққандай боп қапыда кезіккен қазақтар кезеніп келе жатқан бердеңкенің шүріппесін басуға мұрша бермей тым-тырақай қуғанда, өлген жерім осы шығар деп еді. Солдаттарға бұйрық беріп те үлгерген жоқ; есінде бар қалғаны: Сарапхананың Ташкент жақ қапталындағы жайдақ сайдың ішінен ат ойнатып шыға келген жасыл шапан, ақ қалпақтарды көргенде астындағы айғырдың жалт бергені. Тізгін сол қолда, құлыбы қайырулы мылтықты аш мықынынан оң қолына ұстап келе жатыр еді; өкініш пен қорқыныш лүпілдеп жүрегін қабат кеп сыққан ендігі бір сәтте ақжал айғырдың танауы парылдап тауға қарай салып келе жатқанын байқады. Тықыр шым бүркенген төскейден ағаштың түбіріндей дөңбек-дөңбек тас көрді. Арыны қатты ақжал айғыр біріне болмаса, біріне соғып мұрттай ұша ма деп тіксінген Иноземцев атының басын оңға, бекініске қарай бұрғысы кеп жалғыз қолмен тізгін тартты. Сыңар езу тың айғыр алайда қалтылдаған жалғыз қолдың қимыл бұйрығына құлақ асқан жоқ. Иноземцев сонсоң қызыл дүм бердеңкені тастай беріп тізгінге қос қолдап жабысты да, оқыс оңға, еңіске қарай бұра шапты. Рабат пен екі ортадағы бәкене қырқаның алқымына тырмысып қалған шағын топ қолды сонда көрді. Көрген сәт екі ұрты айқай-боқтыққа толып қалды – осы жаңа ғана құрдай жорғалаған солдаттардың, мынандай пышақ үсті қатер сәтте, тобын жазбай түріле қашқанына боқтық түгіл оқ арнауға болғандай еді. Соңдарында бірақ қуғын жоқ екен.
Ойдан өрге лекіп соққан самал ендігі сәтте ақжалдың құлағын көтерді, жасыл шапандар бірақ осы бойы қарсы алдында жарты шеңбер боп жазылып қадау-қадау қақшиып қалыпты. Арты тау, алды қазақ; бесатардың қай қойтастың түбінде қалғанын білмейді, Иноземцев сонсоң ақжал айғырды езулеп барып өрге қайта салды да, аяңға түсірді. Каратель отрядты қылыш тағынып, мылтық асынып бастап жүрген апта жарымнан бері сағынған жауымен қоян-қолтық беттескені осы еді. Ол жаумен бірақ жыраға тығылып тас жастанып, эскадронға үйреткендей ат шөкелетіп атыса да, аңдыса да алған жоқ. Ақжалдың езуінен сабын көбікті бір-бір тамызып, жасыл шапандардың қолына түсті. Өлген жерім осы болардың екінші оянғаны да сол, етекке қарай ақжалды жетектеген еді. Ташкенттегі маузер байланған көп офицердің ішінде қазақшаға жүйрігі Крейгель екеуі болатын. Бұл жақындаған сайын жарты шеңберді бүтін шеңбер ғып жазып ап, мұны қоршалап келген он шапанға алайда дым тауып айта алмады. Бұлардың сәлемқұмар жұрт екенін білуші еді, бірақ тұтқын сөз – тұзсыз дәм: он аттылы ат тұмсығын тірердей боп түйіліп келгенше сәлемге құлқы шаппай-ақ қойды. Қазақ атаулыны ылғи да табанында тауып үйренген ақ патшаның жас офицері және де погонын көргесін, көп шапан қалайша дір етпес екен деген күшікей үмітке малданды. Алайда шапандар тарапынан тілге келген ешкім болған жоқ, сонсоң әлгі үміттің орнын мыналар қамшы үйіріп кете ме деген қауіп басты – Иноземцев екі иығын құлағына дейін көтеріп ұялып алды, қамшы бірақ ысқырынған жоқ. Қарсы алдынан түйе жүн ақ шекпен киіп, Қарала мінген аққұба шалды көрді. Иноземцев сосын иығын түсіріп бір қадам алға шықты да:
– Ассалаумағалайкүм, – деді.
Тізгінді қоя беріп, қос қолын қабат ұсынды да, Қараланың үстіндегі құндыз бөрік шал мұның алақанына екі бүктеген қамшысын сұқты. Қазақтардың сәлем үстінде сілкілеспесін білетін Иноземцев қамшыны жеңіл ғана қысты да, қоя бере салды. Ақ сары шал сосын иегін көтеріп атыңа мін дегендей ым жасады, шөңге саусақ біреуі сап-салқын шүберекпен, жібек-ау шамасы, көзін таңды. Қатты тартып еді, собака – құлағымнан миым шығып кете ме деп тіксінгені де есінде. Көз байланған сол сәттен бері жарық атаулыны көрген жоқ. Ақжалдың үстінде кеңсірігі майысып келе жатып тағалы аттың тасқа тиген тақ-тақ тұяқ тасырын, «пысқыртпа», «оңға-оңға қарай», «кісінеп жүрмесін» сияқты шолақ бұйрықтар естіп еді. Сонан бері мал-жанның дауысымен де біржола қош айтысқандай. Тас метім суға тізесін көмдіріп сарқырама өзеннен өткен бір тұс есінде қапты; өзеннен кейін де шамасы алты-жеті шақырым аяңдаған шығар. Көзін сонсоң шешіскен, алайда түк көрген жоқ. Алғашында ұзақ таңылған көзге осылай қара бояу құйылатын шығар деп еді, кейін білді – әкеліп үңгірге қамаған екен. Бір замандары су ағып шыққан ба – табаны жарма бидайдай қиыршық тас. Тау суы сүйек-сүйегіне өтіп кетті. Ағараңдап келген көлеңке киіз бергенше тісі тісіне тимей қойды. Жаны киізбен тыншыды. Сонан бері уілдеген қарынға ұйқыдан басқа ас таппай бір оянып, бір қалғи беріп еді; мана тағы да ұйықтап кеткен екен – содан оянып отырғаны осы.
Әлдеқайда төбеден тас жақпарлаған қайланың дауысын естіді. Әрі өзегі талып, әрі ұйқы өтіп мәңгіріп қапты – қайланың дыбысына елтіген жоқ. Осы сәт ағараңдаған көлеңке қайтадан көрінді.
Бесатар – 7,62 мм калибрлі винтовка. Оқсауытына 5 патрон салынатындықтан, «бесатар» аталып кеткен.
Кісәпір – өз құлқынын ғана көздейтін, арам пиғылды адам.
Бердеңке – оқпаны қырлы ұңғылы, қазынадан оқталып, бір зарядты унитарлық патронмен ататын мылтық түрі.
Бәкене – аласа, тапал деген мағынада.
Каратель отряд – орыс-казактардан құралған жазалаушы отряд.
Тас метім – артық қимыл жасай алмайтындай, қатты.
1. Жазушы, сыншы, драматург Асқар Сүлейменовтің қандай шығармалары бар?
2. Асқар Сүлейменов не себепті повесті «Бесатар» деп атаған?
3. «Түркістанның босағасын … 16-жылдың шілдесі аттады» деген сөздің астарында қандай тарихи шындық жатыр? Шығармаға арқау болған тарихи оқиғалар туралы не білесің?
4. Шығарманың тақырыптық-идеялық тұтастығы неде?
5. Повесть құрылымында қандай ерекшелік бар?
6. Иноземцев кім? Ол қолға түскенде қандай соңғы үмітке сенді?
1. Шығарманың композициялық ерекшеліктерін топпен бірге талдаңдар.
2. Үзіндідегі кейіпкерлер бейнесін анықтаңдар.
3. 1-жұп шығарманың көркемдік жүйесі (монолог, диалог, пейзаж, көркем деталь), ал 2-жұп шығарманың тілдік-стильдік ерекшелігі туралы бір-біріңе екі сұрақ қойыңдар. Жауаптарың дәлелді болсын.
1. Жүсіпбек Қорғасбек жүргізген «Кітапхана» бағдарламасын (https://www.youtube.com/watch?v=PciAzDMd0Iw) көріп, бағдарламаға арқау
болған Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» повесі туралы пікірлерді зерделеңдер.
2. «Бесатар» повесінің құндылығы туралы зерттеушілер пікірлерін жинақтап, ерекше ұнаған бір пікірге дәлелдеріңді ұсыныңдар.
Ү л г і :
Өзіндік пікір:
Дәлел:
Өз пікіріңді айғақтайтын мысал:
Өз пікіріңе қарсы дәлел:
Қарсы дәлелді жоққа шығаратын мысал:
Қорытынды:
«Бесатар» повесі қазақ әдебиетінде қай шығармаға ұқсас болып келеді? Өздерің білетін шығармалармен салыстыра талдап, шағын сыни мақала жазыңдар.
Кері байланыс.«3-2-1».
Тақырыптан түйген 3 ой.
Осыған дейін таныс болған 2 ақпарат.
Түсініксіз 1 сұрақ.
1916 жылғы 25 маусымда 19–43 жас аралығындағы барлық бұратана халықтың ер адамдарын тыл жұмыстары мен әскер үшін қорғаныс құрылыстарын салу жұмыстарына шақырған патша үкіметінің Жарлығы шықты. Тыл жұмысына алу қазақ және Орта Азияның басқа халықтарының Ресей отаршылдығына қарсы қуатты қозғалысының басталуына түрткі болды. Қозғалыс стихиялы түрде басталып, 1916 жылғы шілденің аяғы мен тамыз айының басында барлық Қазақстанды қамтыған көтеріліске ұласты.