§57. Табиғатты қорғауға арналған елiмiздiң заңнамалары. Қазақстанда қорықтандыру ісінің тарихы және қазіргі жағдайы
(Қосымша оқу үшін)

  Қазақстандағы табиғатты қорғауға арналған заңнамалық база. Қорғау, ұтымды пайдалану және табиғи ресурстарды ұдайы өсiру – флоралар және фауналар, су ресурстары, атмосфера ауасы және т.б. түрлiк саналуандықты сақтауға бағытталған шаралардың барлығы елiмiздiң Конституциясының әртүрлi заңдары, жарлықтары және қаулыларымен реттеледi.
  «Қазақ КСР-iнде табиғатты қорғау туралы» бiрiншi заң 1963 жылы қабылданды. Онда тек қана табиғатқа қамқорлық жасау және оның байлығын сақтау қажеттiгi туралы бiрнеше жалпы тараулар болды. Қазақстанда 1981 жылы бiрден екi заң: «Атмосфералық ауаны сақтау туралы» және «Жануарлар әлемiн қорғау және пайдалану туралы» заңдар қабылданды.
  Егемен Қазақстанның ұлттық заңнамасының негiзi 1995 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясы болып табылды. 31-бапта былай делiнген: «Мемлекет адамның өмiрi мен денсаулығы үшiн қоршаған ортаның қолайлы болуын мақсат етедi». Сөйтiп, мемлекет өз халқы үшiн қоршаған орта жағдайларының қолайлылығын қамтамасыз етудi өз мiндетiне алады.
  Мемлекеттiк тәуелсiздiк жылдарында Қазақстан Республикасында қоршаған ортаны қорғау мәселелерiн ретке келтiретiн мынадай заңнамалық актiлер қабылданды:
  • Қазақстан Республикасының Орман кодексi (1993);
  • Қазақстан Республикасының Су кодексi (1993);
  • «Жануарлар әлемiн қорғау ұдайы өсiру және пайдалану» туралы Қазақстан Республикасының Заңы (1993);
  • «Мұнай туралы» заң күшiндегi ҚР Президентiнiң Жарлығы (1995);
  • «Жер қойнаулары және жер қойнауын пайдалану туралы» заң күшiндегi ҚР Президентiнiң Жарлығы (1996);
  • «Экологиялық сараптама туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (1997);
  • «Қоршаған ортаны қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (1997);
  • «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.
  • «Қоршаған ортаны қорғау туралы» Заңның базалық заң екенiн атап айтқан жөн.
  Қазақстанның мемлекеттiк тәуелсiздiк кезеңiнде көптеген нормативтiк актiлер қабылданған. ХХ ғасырдың соңы «Биологиялық әралуандықты сақтау және теңдестiре пайдаланудың ұлттық стратегиясы және жоспарының әрекетi» үкiметтiк деңгейде жасалып, қабылдануымен әйгiлi.
  Жаңа ғасырдың басында жаңа заңдар: «Атмосфералық ауаны қорғау туралы» (2002), «Жануарлар әлемiн қорғау, ұдайы өсiру және пайдалану туралы» (2004) және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» (2004) заңдар қабылданды. Соңғы екi заң қабылдана салысымен, бұрын қабылданған ұқсас заңдар күшiн жойды. Соңғысы – ҚР-ның Экологиялық кодексi (2007).
  Қорықты аймақтар. Түркістан облысында 1926 жылы Батыс Тянь-Шань табиғатының эталоны ретiнде республикада бiрiншi рет Ақсу-Жабағылы қорығы құрылды.
  Қостанай облысында (1931) Наурызым қорығы екiншi қорық болды. Мұнда тың дала үлескiсi, нағыз оңтүстiктiк шоқ қарағай және фаунаға бай бiрнеше әдеттегi далалық көлдер қорғалады (56-сурет).

56-сурет. Қостанай облысындағы Наурызым шоқ қарағайы

57-сурет. Iле Алатауындағы Үлкен Алматы көлі

  Үшiншi болып Алматы қорығы (1931) құрылды. Ол Солтүстiк Тянь-Шань табиғатының эталондық үлескiсiн көз алдыңа келтiредi. Оның тiк белдеулiгi тап осы жерде – Iле Алатауы жоталарының орталық бөлiгiнде бәрiнен жақсы көрiнедi (57-сурет).
  Бурабай қорығы даланы, граниттi бұйраттағы қарағай-қайың ормандары мен орманды көлдердi (Бурабай, Шортанды, Шабақты) эталондық үйлесiмде көрсете алды. Ол Көкшетау облысында 15 жыл тұрды да, 1951 жылы таратылды, сөйтiп, қайтадан қалпына келтiрiлген жоқ.
  Барсакелмес қорығы Арал теңiзiнiң аттас аралында 1939 жылдан берi өмiр сүруде.
  Қорғалжын қорығы 1958 жылы құрылған. Ол негiзiнде Орталық Қазақстандағы (Ақмола облысы) Теңiз және Қорғалжын көл айдынын алып жатыр және тың даланың шағын үлескiсi ғана қоса тiркелген. Мұны нағыз суда жүзетiн құстардың дүниесi десе де болады, оның iшiнде азиялық құрлықтың қиыр шығысында қоқиқаздар шоғырын көруге болады.
  Марқакөл қорығы аттас көлде және Оңтүстiк Алтайдың таулы тайгасында орналасқан (58-сурет). Жиырма жылдай уақыттан соң дерлiк ұйымдастырылған (1976).
  Шөлдегi Үстiрт қорығы Үстiрттiң Батыс шыңдарының ең биiк бөлiгiн алып жатыр. 1984 жылы пайда болды.
  Батыс Алтайдың қол тимеген сол қалпындағы тайгалық үлескiсiнде, тап сол жердiң атауымен 1992 жылы қорық құруға мүмкiндiк болды.

58-сурет. Марқакөл тау аралығындағы теңіз деңгейінен 1500 м биік қазаншұңқырда орналасқан. Сондықтан да оны қоршаған жоталар аласа болып көрінеді

  Алакөл қорығы Қазақстанның оңтүстiк-шығысында Алакөл көлiнiң аралдарында және Терек өзенiнiң атырауында 1998 жылы құрылды. Оңтүстiк Қазақстандағы Қаратаудың ежелгi тауларында 2004 жылы Қаратау қорығы орын тептi.
  Қазақстан сүтқоректiлерiнiң 178 түрiнен қазiргi бар қорықта 140 түрi (78,6%) қорғалуда. Солардың арасынан 22 түр Қазақстан Қызыл кiтабына (1996) тiркелген. Қорықтар аумағында 38 түр (21,3%), оның iшiнде Қызыл кiтапқа тiркелген 13 түр мүлде кездеспейдi. Бұларға жұпар, ормандық сусар, еуропалық қаракүзен, алып соқыртышқандар жатады. Қорықтар аумағынан тыс көптеген шөл териофаунасының типтiк өкiлдерi: бессаусақты ергежейлi қосаяқ және үшсаусақты ергежейлi қосаяқтың 3 түрi, сарыала қоржын, тiптi Қазақстан эндемигi жалманды көруге болады. Бұл түрлердiң барлығы Қазақстанның Қызыл кiтабына тiркелген. Ал Батыс Тянь-Шаньның қызылкiтаптық эндемигi көксуыр жағдайы шытырман, түсiнiксiз оқиға. Көксуырлардың өмiр сүретiн жерiнен онша қашық болмаса да, олар Ақсу-Жабағылы қорығының аумағынан кездеспейдi.
  Жалпы қорытынды: әр алуан типтi шөлде (құмды, сазды, ашық сары түстi жұмсақ таужыныс (лес), ұсақтасты – тасты, сортаң) сенiмдi қорғалатын сақтыққор құру қажет. Олардың әрқайсысына тән сүтқоректiлер жиынтығы болады. Әсiресе батыс өңiрге, соның iшiнде Жайық өзенiнiң аңғарына ерекше назар аударылуы қажет.
  Қазақстандық қорықтарда құстардың 346 түрi ұя салады, бұл республикада ұялайтын құстардың 87,4%-ын құрайды. Олардың арасында 39-ы – сирек кездесетiн және жойылып кету қаупiндегiлер. Олар Қазақстанда ұялайтын барлық қызылкiтаптық құстардың 76,5%-ын құрайды. Алайда тек аздаған мөлшерi қорғалатын аумақпен жеткiлiктi қамтамасыз етiлген деп есептеуге болады. Бұларға бүркiт және үкiнi жатқызады, олар қазақстандық тоғыз қорықтың алтауында ұялайды. Сондай-ақ Қорғалжын қорығында қоқиқаздардың жалғыз ғана шоғыры қорғалады.
  Бұйрабiрқазан, қалбағай, қарабай, дуадақ, жорға дуадақ, безгелдек, орақтұмсық, қарабауыр бұлдырық және бiрқатар басқа қызылкiтаптық құстардың қорғалатын аумақтары жеткiлiктi емес. Мәселен, бұйра бiрқазан тек қана Қорғалжын және Наурызым қорықтарында ұялайды, онда өмiр сүретiндерi бар болғаны он шақты жұп қана. Ал қазақстандық бiрқазандардың негiзгi бөлiгi Iле өзенiнiң аңғарында өмiр сүредi және күнi бүгiнге дейiн онда қорық ұйымдастырылмаған.
  Балықтардың 148 түрiнен қазақстандық қорықтар суында тек қана 23-i өмiр сүредi. Бұл Қазақстанда теңiз қорықтарының, жалпы гидроценоздарды сақтайтын арнаулы қорықтардың жоқ екенiн көрсетеді. Мұндай қорықтарды құруды ихтиофаунаның аборигендiк құрамның сақталған орны бар суқоймалардың жоқтығы қиындата түседi. Қазақстанда балықтарды жерсiндiру (соның iшiнде өз бетiмен, заңсыз) орасан зор ауқымға жеттi. Көптеген суқоймаларда жерсiнген, ихтиофауна 50–80%-ды құрайды. Қорығы бар суқоймаларда тiптi сiбiрлiк қалжырақ және сеңкүт тәрiздi бағалы аборигендiк түрлермен бiрге жерсiндiрiлген оңғақ, табан, сазан (жезей) т.б. қатар кездеседi. Сеңкүт – Марқакөл көлiнде мекен ететiн түрше. Бұл балық көбiнесе сең жүрген кезде көбiрек көзге iлiнетiндiктен «сеңкүт» аталған.
  Әсіресе Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген балықтардың қорықтары бар суқоймаларда іс жүзінде толық болмауы көзге айқын көрінеді. Тек қана ілелік шармай Алматы қорығының таулы өзеніне кіріп-шыға алады. Қазақстан Қызыл кітабына тіркелген түршелер және популяциялар балықтарының қалған 15 түрі қорығы бар суқоймаларда жоқ. Олардың арасында сырдариялық тасбекіре, аралдық популяциядан пілмай, кәсіпшілік және аралдық албырт, еділдік майшабақ, ақбалық және басқа да бірқатар балықтар бар. Осы түрлердің көршілігін сақтауға арналған ең маңызды шаралар – Арал теңізі алабының гидроценоздарын қалпына келтіру және Каспий теңізінде ірі теңіз қорығын құру.
  Жаңа қорғалатын аумақтарды құрудағы негізгі проблемалар:
  • ЕҚТА рөлін жете бағаламау;
  • қаржыландырудағы кемшілік;
  • ЕҚТА бағынысты мекемелердің жиі ауыстырылуы;
  • өңірлердің тұрақты даму жоспарларының жоқтығы;
  • маманданған кадрлардың жоқтығы.

×
×

Корзина