Алып Ер Тұңға – түркі мемлекетін басқарған көсем. Ол замандағы түркілер Енисей мен Ертіс, Дунай бойлары, Ауғанстан мен Иран, Сирия, Түркия жерлерін мекендеген.
Қазақ халқына көп ғасырдан бері мұра болып келе жатқан ғажайып аңыздарды, мазмұны ертегіге айналған терең мифтерді, жай-күйін көкке сермейтін асқақ ерлік жырларын тереңнен алып қарасақ, онда бүкіл дүние мәдениетіне қосылатын сәулетті сыр бар.
Әлкей Марғұлан
Тұран әскері қолбасшысының атына қосылып айтылатын «алып» сөзі сол заманда «күшті», «батыр», «қаһарман», «ержүрек» деген мағынаны білдірген. «Алып» – сақтар мен ғұндар заманынан бері ел қорғаған батырлардың, қолбасшы ерлердің мәртебелі есімі. Алып Ер Тұңға – Иранның ұлы ақыны Фирдоусидің «Шаһнама» кітабына кейіпкер болған. Онда Афрасиаб, яғни Алып Ер Тұңға Тұран патшасы болып суреттеледі. «Тұран» – Тұр елі – түркілер елі деген сөз. Иран патшалары мен Афрасиабтың соғысы Сейхұн (Сырдария) – Жейхун (Әмудария) шегарасында өткен.
Бұл б.з.б. VII–VI ғасырда болған оқиға. Бұл дерек бізге қайдан келді дегенде, ирандықтардың «Авеста» деген кітабы бар. Ирандықтар күнге табынған. Ол кезде түркілер көк тәңіріге табынған. Жырда Иран мен Тұран арасындағы соғыс кезіндегі оқиға суреттеледі…
Мекемтас Мырзахметов
Алып Ер Тұңға – тарихи адам. Ақыл-айласымен, күшімен, айтса сөзін өткізіп, тірессе жеңіп, елді ел қылған батыр. Ол қайтыс болғанда, артында қалған елі жоқтау шығарған. Сол жоқтау ауыздан-ауызға тарап, одан ХІ ғасырда түркі ғалымы Махмұт Қашғаридің «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегі («Түркіше сөздік») арқылы біздің дәуірімізге жеткен.
Афрасиабтың аңыздағы бейнесі Қорқытқа ұқсас. Ол өмірінің ақырында адам бойынан мың есе ұзын, есік-тесігі түгел бекітілген қорған салып алып, тығылып жатыпты. Алтын мен күмістен бірі – Ай, бірі – Күн, екі шам орнатыпты. Қорғанның іші асыл тастардың жарқылынан күндізгідей жарық болып тұрады екен. Бірақ ажалдан құтыла алмапты. Ажал адам кейпіне еніп келіп, жанын алыпты. Афрасиаб сияқты, Қорқыт ата да ажалдан қашқан. Өздері өлсе де, жасаған жақсы ісі, даналық сөздері қалды. Өлмеудің жолы сол екен.
Алма Қыраубаева
«Алып Ер Тұңға» жырының негізгі идеясы – Тұран елін сыртқы жаудан қорғау, түркі жұртын ішкі ынтымақ-бірлікке үндеу, туған жердің абырой-даңқын арттыру.
Шеңгелін ажал салды ма,
Ер Тұңғаны алды ма,
Сұм дүние артта қалды ма…
Қайғылы жүрек жыртылды-ау.
Сұм ажал бүгін жылатты,
Құрығын салып құлатты,
Бектердің бегін сұлатты.
Қыршын да ғұмыр қырқылды-ау.
Өмірдің күні зырлайды,
Адамның күшін ұрлайды,
Ғұмыр да мәңгі тұрмайды,
Құтылмас ешкім ажалдан.
Тәңірім торын құрғанда,
Тұтылмай адам тұрған ба,
Кертілер алып шыңдар да,
Тағдырдың оғы қадалған.
Ажалмен тәңірім сынаған,
Тұра алар қарсы кім оған,
Құздар да одан құлаған,
Құтылып ешкім кетпедің.
Аш арландай аларып,
Қадалғаннан қан алып,
Нұрлы жүздер қабарып,
Тұр қайғыға қамалып
Жауға шабар бектерім.
Ерлікті қаза сынады,
Бектерім жасын бұлады,
Бөрідей ұлып жылады,
Жоқтады жыртып жағасын.
Көңілімді қайғы жандырды,
Жазылмас жара қалдырды,
Кешегі күнге зар қылды,
Кеткенді қайдан табасың?
Жалғанның туып заманы,
Жауыздар қаптап барады,
Ашылды сұмның араны,
Сиреді қайран бектерім.
Біліктілер қалмады,
Заман оны жалмады,
Сүрінді бектің тарланы,
Салды жанға жараны.
Ажал жұтып ағаны,
Жауыз жайлап барады,
Жақсының өшіп жанары,
Дүние азып барады.
1-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріңдер.
1. Әдебиеттің кезеңдері деген ұғымды қалай түсінесіңдер?
2. Түркілік дәуір әдебиеті қай уақыт аралығын қамтиды?
3. Қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге қандай ғалымдар үлес қосты?
2-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріп, тапсырмаларды орындаңдар.
1. «Алып Ер Тұңға» жырында не баяндалады?
2. Тұран әскері қолбасшысының атына қосылып айтылатын «алып» сөзі қандай мағынаны білдірген?
3. Алып Ер Тұңғаға мінездеме беріңдер.
4. Берілген мәліметті негізге ала отырып, бүгінгі күні онда кімдер тұратынын картадан көрсетіңдер.
«Тұран» – Тұр елі – түркілер елі деген сөз. Иран патшалары мен Афрасиабтың соғысы Сейхұн (Сырдария) – Жейхун (Әмудария) шегарасында болған.
3-тапсырма. «Алып Ер Тұңғаны жоқтауды» мәнерлеп, үзіндісін жатқа оқыңдар.
4-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріңдер.
1. Жыр шумақтарының идеясы неде?
Көңілімді қайғы жандырды,
Жазылмас жара қалдырды,
Кешегі күнге зар қылды,
Кеткенді қайдан табасың?
2. Жоқтау жыры қазақ әдебиетінде қандай шығармаларда кездеседі?
5-тапсырма. Берілген тапсырмаларды орындаңдар.
1. Шумақта қандай көркемдік тәсілдер бар?
Шеңгелін ажал салды ма,
Ер Тұңғаны алды ма,
Сұм дүние артта қалды ма…
Қайғылы жүрек жыртылды-ау.
2. Алып Ер Тұңғаға портреттік мінездеме беріңдер.
6-тапсырма. Шығармадан көріктеу-айшықтау құралдарын тауып, дәптерге жазыңдар. Өлең құрылысына талдау жасаңдар.
7-тапсырма. Сұм дүние, қайғылы жүрек, қыршын ғұмыр, тәңірдің торы, аш арлан сөздерін пайдаланып, Алып Ер Тұңғаның дүниеден өтуі туралы әдеби эссе жазыңдар.
8-тапсырма. «Алып Ер Тұңға» жырының тарихи және көркемдік құндылығы неде? Дәлелдеп, кестені дәптерге толтырыңдар.
«Алып Ер Тұңға» жыры
Тарихи құндылығы
Көркемдік құндылығы
9-тапсырма. Шығармашылық жұмыс.
1. Жырдағы көк түріктердің адамды ақтық сапарға шығарып салған кездегі жағдайын білдіретін сөздерді дәптерге теріп жазыңдар.
2. Көнеден жеткен ұлттық дәстүрлеріміздің ерекшеліктеріне баға беріп, «Салт-дәстүрін құрметтемегенді ешкім құрметтемейді» тақырыбында сыни хабарлама жазыңдар.
10-тапсырма. Мәтінді тыңдаңдар. Берілген уақыт ішінде тапсырмаларды орындаңдар.
Уақыт мөлшері: 15 минут.
Жыр жолдарын тыңдай отырып, бунақ, шумақ санын жазып, ұйқасын табыңдар.
– Әл-Фараби – ғылымның алуан түрлі саласымен, оның ішінде әдебиет теориясымен
де жан-жақты шұғылданған ғалым. Әдебиет теориясы бойынша көптеген зерттеулер жазғанын Фараби шығармаларының сақталып қалған мұраларынан білеміз. Араб ғалымы ибн Әби Усайбаның (1203–1270) айтуы бойынша, Фарабидің өлең құрылысын зерттеуге арнаған «Өлең және ұйқас туралы сөз», «Өлең ырғағы туралы» деп аталатын еңбектері болған.
– Бұл салада әл-Фарабидің бізге толық күйінде жеткен екі кітабы бар. Олардың бірі «Өлең өнері» деп аталады. Кітапта араб поэзиясының теориялық мәселелері айтылады. Мұнда өлеңнің мазмұны мен формасы арасындағы үндестік мәселесі т.б. жазылған. Екіншісі – «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат» деп аталатын зерттеу. Онда грек поэзиясының жанрларына, терминдеріне, өлең өлшемдеріне талдау жасаған.