МЕН – БАЛАҢ, ЖАРЫҚ КҮНДЕ СӘУЛЕ ҚУҒАН...

   – Біз осы бөлімде алаштың ардақты ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров өлеңдерімен танысамыз. Оның рухты жырлары әр қазақтың баласына өнеге, терең тәрбие береді.

– Шындықтың ауылын іздеп түстім жолға,
Разымын не көрсем де осы жолда.
Шаршармын, адасармын, шалдығармын,
Бірақ бір табармын деп, көңілім сонда.

   Бұл – қазақтың аса көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңі.

– Алаш туы астында,
Біз – алаштың баласы.
Күніміз туып көгерді,
Сарыарқаның даласы, –

деп жырлағақ жалынды ақын аз ғұмыр сүрсе де, артына мол мұра қалдырды. Ақынның «Таныстыру» поэмасы халқымыздың біртуар перзенттері – Алаш зиялылары туралы жазылған.

!

   Метонимия (алмастыру) – бір-бірімен өзара байланысатын екі құбылыстың, заттың атын бірінің орнына бірін ауыстырып қолдану. Мысалы:

Күшік асырап, ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, мені атты.

(Абай)

   – Сонымен қатар Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», Оралхан Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз ат», Қалқаман Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» шығармаларын оқимыз.

   Қазаққа ілгерілеу керек болса, мұны аз қалыпта қалдырмай, көбірек тұрсын, бәріне таныс жетілген жұрттардың қатарына қосу керек; олармен бірге адам баласының жеңіл күн көруіне, тегіс бақытты болуына жол табу керек, іздесіп, атсалысу керек… Бізге керегі – қайткенде солардың білімін тез үйреніп, қайткенде сол қатарға тез қосылу …

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Сұлтанмахмұт Торайғыров

(1893–1920)

   Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысында кедей шаруаның үйінде туған. Белгілі ақын, ағартушы. Бір жасында анасы қайтыс болады. Әкесі Шоқпыт (Әбубәкір) кедей болса да, әрі балажан, көзі ашық, көңілі сергек, бірбеткей, өжет, ақпейіл, жомарт адам еді. Ол Сұлтанмахмұтты тәрбиелеп өсіруге бар күшін салады.
   Сұлтанмахмұт 1912 жылға дейін ауылда өседі. Әкесінен, ауылдағы молдалардан сабақ алып, хат танып, көзін ашады. 1912 жылы Троицк қаласына барып оқи бастайды. Дәл осы кезден әдебиетпен айналысуы, өлең жазуы басталады.
   1915 жылы ол Семей қаласына барады, оқуға түспек болады. Бірақ оқуға түсе алмайды. Бір жағынан, жасы, білімі келмейді. Екінші жағынан, қаржысы тапшы болады. Сондықтан 1915–1916 жылдары Зайсан жақта бала оқытады. 1916 жылдың қысында Сұлтанмахмұт Томскіге барып оқуға түседі. Бірақ сырқаттанғандықтан, оқи алмайды. 1917 жылы Семей қаласына қайта оралады.

   Ол өмірінің соңғы жылдарында өзінің «Айтыс», «Адасқан өмір», «Кедей» сынды поэмалары мен өлеңдерін жазып қалдырды. Сұлтанмахмұттың артында қалдырған мәңгі өлмес жарқын, бай әдеби мұрасын біз бүгінгі күні барынша қадірлеуіміз керек.

Бейсенбай Кенжебаев

?

   1-тапсырма. Сұлтанмахмұт Торайғыров кім? Ол қайда білім алды?

   2-тапсырма. С. Торайғыровтың қандай шығармаларын білесіңдер? Мұғалім берген ақпарат көмегімен өз түсінгендеріңді кестеге түсіріп, айтыңдар.

   3-тапсырма. «Алаш ұраны» шығармасынан алынған үзіндіні мәнерлеп, жатқа айтып беріңдер.

Алаш туы астында,
Біз – алаштың баласы.
Күніміз туып көгерді,
Сарыарқаның даласы…
Жасасын, алаш, жасасын!
…Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз,
Енді ешкімнің алашты,
Қорлығына бермейміз!
Адамдықтың жолына,
Бастаған ерлер соңында,
Басқаға көңіл бөлмейміз.
..Бұл заманға жеттік біз,
Жасасын, алаш, өлмейміз!
Жасасын, алаш, жасасын!

   4-тапсырма. «Сұлтанмахмұт және қазақ халқы» тақырыбында пікір алмасыңдар.

   5-тапсырма. Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы белгілі қаламгерлердің ойын іздеп тауып, дәптерге жазыңдар.

   6-тапсырма. Ақынға мінездеме беріңдер.

   7-тапсырма. Сұлтанмахмұттың өмірбаянын, шығармашылығын кімдер зерттеді?

?

   8-тапсырма. С. Торайғыров туралы Б. Кенжебаев қандай мақала жазды?

   9-тапсырма. «Сұлтанмахмұт Торайғыров – қазақтың ойшыл ақыны» тақырыбында эссе жазыңдар.

   10-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріңдер.

1. «Алаш» деген ұғымды қалай түсінесіңдер?
2. Ел есінде қалған қандай алаш азаматтарын білесіңдер?
3. Сұлтанмахмұт өлеңінде нені үндейді?

Шығамын тірі болсам адам болып

Шығамын тірі болсам адам болып,
Жүрмеймін бұл дүниеде жаман болып,
Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,
Жүргенше өмір сүріп надан болып.

Мен – балаң, жарық күнде сәуле қуған,
Алуға, күнді барып, белді буған.
Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін,
Болмасам толған айдай балқып туған.

Бұл сөзім асып айтқан асылық емес,
Ойында оты барлар асылық демес.
Тебем деп, тірі болсам надандықты,
Серт етіп, өз-өзіме еткем егес.

   1-тапсырма. Шығарманың идеясын түсіндіріңдер.

   2-тапсырма. Өлеңдегі автордың ішкі сырына назар аударыңдар. Ақынның мақсаты мен арманын талдап, дәптерге жазыңдар.

   3-тапсырма. «Мен – балаң, жарық күнде сәуле қуған, Алуға, күнді барып, белді буған» деген өлең жолдарындағы ақынның айтпақ ойына мән беріңдер. Аталған өлең жолдарының мағынасын өз ойларыңмен жеткізіңдер.

   4-тапсырма. Өлеңді мәнерлеп, нақышына келтіріп, көтеріңкі, рухты дауыспен жатқа айтыңдар.

   5-тапсырма. «Сұлтанмахмұт шыңы» деген сөзжұмбақ құрастырыңдар.

   6-тапсырма. «Шығамын тірі болсам адам болып, Жүрмеймін
бұл дүниеде жаман болып» өлең жолдары негізінде ойларыңды тұжырымдап, айтып беріңдер.

   7-тапсырма. Төмендегі ұғымдарды негізге ала отырып, өлеңге әдеби талдау жасаңдар.

   8-тапсырма. С. Торайғыров еңбектерінің құндылығы неде?

   9-тапсырма. «Адамның арманы алдамайды» тақырыбына сыни ойтолғау жазыңдар.

   10-тапсырма. Мәтінді тыңдаңдар. Берілген уақыт ішінде тапсырмаларды орындаңдар.

   Уақыт мөлшері: 10 минут.

Өлең жолдарынан түсінгендеріңді қарасөз түрінде дәптерге жазыңдар.

Шәкiрт ойы

Қараңғы қазақ көгiне
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың кегiне
Күн болмағанда, кiм болам?

Мұздаған елдiң жүрегiн
Жылытуға мен кiрермiн!

Еңбек, бейнет тарауы
Рақатқа сарқылар.
Қыздырып күннiң қарауы,
Надандық теңiзi тартылар.

Орны отайып көгерер,
Қызығын жайлап ел көрер…

   Отайып – қаулап, көктеу, бұл жерде: жайнайды.
   Жайлап – біртіндеп.

   1-тапсырма. «Қазақ көгі» деген тіркеске назар аударып, шығарманың тақырыбы мен идеясына талдау жасаңдар.

   2-тапсырма. Берілген тапсырманы орындаңдар.

Мұздаған елдiң жүрегiн
Жылытуға мен кiрермiн! –

деген жолдардағы ақынның мақсаты қандай? Осы өлең жолдарының мағынасын ашатын үш мақал-мәтелді дәптерге жазыңдар.

   3-тапсырма. «Білім – жарық нұр» тақырыбында ой бөлісіңдер.

   4-тапсырма. Өлеңді мәнерлеп, жатқа айтыңдар.

   5-тапсырма. Білім, ғылым, мәдениет, биіктік, мақсат сөздерін пайдаланып,

Еңбек, бейнет тарауы
Рақатқа сарқылар.
Қыздырып күннiң қарауы,
Надандық теңiзi тартылар, –

деген өлең жолдарын төмендегі сызбаны негізге ала отырып, талдаңдар..

Бейнет

Еңбек

Рақат

   6-тапсырма. Үзіндідегі автор бейнесіне мінездеме беріңдер.

Қараңғы қазақ көгiне
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың кегiне
Күн болмағанда, кiм болам?

   7-тапсырма. Берілген суреттегі ұғымдар арқылы өлеңге әдеби талдау жасаңдар

   8-тапсырма.

«Қараңғы қазақ көгiне
Өрмелеп шығып, күн болам!» –

деген өлең жолдарын пайдаланып, ақын өмір сүрген қоғамға сипаттама беріңдер.

   9-тапсырма. Шығармашылық жұмыс.

Өлең жолдарын аяқтап, өздерің шумақ құраңдар.

Тәуелсіз қазақ көгінде,
Самғаймын мен қырандай.
………………………………..
………………………………..

   10-тапсырма. «Білімсіздің күні қараң…» тақырыбына сыни ойтолғау жазыңдар.

   11-тапсырма. Мәтінді тыңдаңдар. Берілген уақыт ішінде тапсырмаларды орындаңдар.

   Уақыт мөлшері: 10 минут.

Өлең жолдарынан түсінгендеріңді дәптерге жазыңдар.

×
×

Корзина