Күн ұзарған, түн қысқарған көкектің кәрі қыздай қылтың- сылтың басы. Өскеменнен түсте шыққан автобус Ұлан арқылы Самарға тікелей асып, Ертіс түсіп, Күршімнен бір-ақ шығуға бел байлаған. Көкек келсе де, наурыз жылымығының қайырма қызыл шұнағы қала ішін дірдек қақтырып, Ұлан асуына қарай созылған ұзақ жол беті сиыр жалағандай. Жып-жылмағай көк мұз. Алды-арты бірдей тартатын шағын сары автобус ішіндегі азғана жолаушыларды селкілдете ұрып, соқтырып келеді. Күн аяздан шаңытып тұр. Автобустағылар өзді-өзімен шүйіркелесіп, қайсыбірі жорта қалғып отыр. Жолаушылар арасында нәресте құшақтаған жас келіншек қыңқылдаған сәбиін уатумен әлек. Ең артқы орындықта отырған Архат олардың іс-әрекетіне көз жіберіп, көңілсіздеу күйде көзін жұмған.
Суыр малақайын көкжелкесіне ысырып, автобустың қабырғасына шалқая отырып, Архат ойға батты. Жолаушылар автобус іші жылы болса да қымтана түсіп, күбір-сыбырлары азайған. Кедір-бұдыр сүргіленген тақтайдай тасжол іші-бауырды солқылдатып, адамның зықысын кетіре лоқ-лоқ ұрып қояды. Жол ұзақ. Кемінде алты сағат жүру керек. Адамды отыра беруден қажытып-ақ жіберді. Жеткенше зарығып боласың!.. Бұл Күршімге асығып та келеді. Туған жеріне жеті жылдан астам уақыт өткенде оралды-ау, бұл. Әне келем, міне келем деп жүріп өмірдің ағымымен келе алмаған. Жол түскені – бүгін. Онда да төрт ай бойы сергелдеңге түсіріп, құрдастары «Сергелдең Сері» атаған паспортқа отыру мәселесі болмаса, әй, келе қоймас еді. Тірлік деген – сол.
Мұнда бірақ ұзақ болмас. Әрі кетсе – үш ай. Екі қолға бір жұмыс: табылса – жеңіл-желпі қызмет, табылмаса – қара жұмыс. Көңілге демеу – Шірікаяқта тұратын үлкен ағасы, соның үйінде тұрмақ. Ол да ауру: әйтеуір, ептеп-септеп елмен бірге күн кешіп жүр. Жеңгесі орысша өскен, шайпау болатын. 1979 жылы жазда әкесі қайтыс болғаннан кейін, бұл аға-іні, жалғыз анасымен Алматыға көшкеннен бері тұңғыш көргелі отыр. Қазір екі баланың анасы, бәлкім өзгерген де шығар. Араласпай кеткелі де қай заман: аттай жеті жыл… Аға-жеңгесі бірақ сыртқа теппес. Бауыры ғой. Басына іс түсіп келеді ғой, басқа қайда барады? Қаны емес пе?! Қайдам, ондай қылық танытуы да ғажап емес. Қазір екі туып, бір қалғанына да қиғаш қарайтын болып кетті ғой. Егер ауырсынып жатса, бір сыныптасының үйінде пәтерге тұрар. Ер жігітке сол да сын болып па! Ең бастысы – паспортқа «пропискаға» отырып, бес жүз сом ақша тауып, Алматыға қайту. Ағасы, әрине, бес жүз сомды бере алмайды. Ол – анық… Осы бір бес жүз сом болмағанда, қызметке орналасып-ақ кетер еді. Бәрінен де төрт ай бойы сергелдеңге салынғанын айтсаңшы. Сол бір желтоқсанның бұрқағы болмағанда, құда да тыныш, құдағи да тыныш, Алматыға іргелес ауылға паспортқа отыра қояр еді. Сол бір сұмдық көтеріліске тайқы маңдайы тап келіп, қызуқандылықпен килікпегенде, қалың тұманда адасып қалған адамдай сандалмас па еді… Желтоқсанның ызғары әскерден «запастағы офицер» болып оралған мұны да қарыды ғой. Ақыры, астана түгілі, маңындағы өзі тұрған ауылға да тұрақтай алмады.
Тұрақтатпады ғой… көрші-қолаң «желтоқсаншы» екен деп шығармағанда, ал Николай бригадир мұның туған ағасы Дәуреннен өшін бір алуға қолайлы сәт туды деп: «Інісі әскерден келе салып, 17-ші желтоқсаннан 21-іне дейін үйінде қонған жоқ. Ел декабристермен бірге Алматыда болыпты деп жүр… Анық-қанығын анықтаңыздар! Ағасы коммунистік партия мүшелігіне кандидат болса да «сенімсіз адам», інісінің іс-әрекетін жасырып отыр. Тексеріңіздер!» – деп «донос» жазып, Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер орнына жазбағанда… Өкініш жоқ бірақ, көтеріліске 18-і күні дәрігер жездесін әдейілеп ертіп барып тұрып қатысты. Таяқты да жеді… жегізді де! Көңілде ғана әлдеқандай алаң, шарасыздығына налу ғана бар. Ал органдағылар Қаскелеңде тергеп-тексеріп үш сағат ұстады. Дәлел болмағандықтан, қоя берді. Ана бір Базиев деген капитан, өзінің ұлты балқар екен, сол қол ұшын берді…
Тыста суырып соққан жел қаңтардың аяғында қағынған бурадай бұрқырап, көлікті жүргізбеуге айналған. Осыдан бір-екі жыл бұрын ғана бір автобус жолаушы осы Ұлан асуында шала-шарпы үсініп қалған. Қазір де кей жолаушылардың есіне сол жай түскен-ді. Абырой болғанда, ешқайсысы бір-біріне тіл қатпады. Боранның аужайын әркім өзінше түюде.
Аздан кейін автобус тоқтауға айналды. Наурызда ғана жауған қалың күпсекті көтеріп, борап жауған жылбысқымен араласқан аласапыран аруақтанып-ақ алғандай. Қыстай қанша күресе де, қабақ-қабақ көтерілген күрежолдың үсті дәл қазір адам айырғысыз. Шофер жігіт талай жүріп жүрген жолы болғандықтан, ой жобамен қарды бұза-жара сылбыр қозғалып келеді. Кенет сары автобус бір жағына қиқаң ете лықси беріп, бір жамбасына қарай ошарыла құлады. Бағанадан бері сыр білдірмей шыдап отырған жұрт у-шу болған күйде сол жақтағылардың үстіне ауды. Сол қабырғасына қисая құлаған автобустың моторы өшіп, едені көтеріліп кеткен. Үлкендер мен қыз-келіншек әйелдердің улап-шулаған дауысын баса, капот үстінен мойнын созған шофер ақырып жіберді: «Тоқтатыңдар, паниканы! Жігіттер, мен есікті ашамын қазір, басқалардың шығуына көмектесіңдер! Автобусты тезірек тұрғызып алуымыз керек. Қар басып қалса, қайран болмай қалады. Давай, жігіттер!»
Артқы есік ашылған бойда тыстағы боран ішке лап қойып, аждаһадай ұйтқып ала жөнелді. Есіктен құйылған қар Архаттың да ашық өңіріне сау етіп, мойны мен алқымын мұздай қарыды. Архат бірінші болып қырынан жатқан автобустың үстіне көтерілді. Ат құлағы көрінбес боран орай да борай борап, екпінімен қаңбақ құрлы көрмей жұлып түскісі бар. Тысқа тағы бір жігіт шықты. Қалғандары іште. Іштегі жігіттер көмектесіп, жолаушылар көкке қарап қалған жылы автобустың есігінен біртіндеп шыға бастады. Ең соңынан шофер көрінген.
Жас балалы келіншек пен үш-төрт қартаң әйелдерден басқалардың бәрі де, шофердің айтуымен, автобусты аяғынан тік тұрғызуға кірісті. Алдымен оң жақ дөңгелектер көтеріліп кеткен жолдың сорабы екі тік күрекпен жанталаса тазаланды. Бұған төрт жігіт тартылған. Автобустың ұзына бойы белуардан ойылды. Ондағы мақсат: бір қырынан жатқан автобусты түзеген кезде төрт дөңгелегі тең басуы үшін. Іле-шала қисая қырындаған автобустың сол жағынан омбы қарды тізеден кешкен отыз шақты адам жабыла ырғып, шофердің айтқанындай өз орнына дік еткізді. Қожанасырдың моласындай қисайған көлік қалыпқа келісімен, бәрі де қуаныса қауқылдасып, жабық есік аузына жақындады. Шофер есікті ашып, жолаушылар ішке өткен. Машина оталмаса да, шофер Архат пен тағы бір жігітке автобустың алдын аршуды бұйырды. Ол екеуі лып ете түскен. Әп-сәтте ұйтқыған боранмен арпалыса тазалаған болып, қайта ішке енді. Шофер автобусты оталдыра қоймапты. Капотты ашып тастап, әлденені шұқылап жатыр. Іші бағанағы ұжмақ жылуынан айырылыпты. Кейбіреулер аяғын резеңке төселген еденге сатырлата соғады.
Үш жас жігіт жиналмалы есікті айқара аштыра бере тыста құтырынған қарлы құйын ішке қарай қотарыла құйылсын. Бірақ ана үшеуі ештеңені елемегендей іле-шала шығып кетті. Олар кетісімен іштегілер жолдарының оң болуын тілесіп, аз уақыттан кейін үндемей қалысты. Боран бақсыдай автобусты айнала асыр салып үйіріледі. Шофердің қасында егделеу бір адам мен тағы бір жігіт көмектескен болып жатыр. Басқалар күдікпен күтулі, ішінде өзі де бар…
Далада бөрідей ышқына ұлыған боран, іште ызғарлы аяз. Архатты үзік-үзік ойлар жайлаған.
– …Асығыспын, ауданға кетіп барам. Ертең келерсің деген өзіңіз емес пе едіңіз, – деп Архат Жетісу ауылының ауылсоветі Қақатаевтың алдында әскери формамен сымша тартылып тұрып еді-ау!..
– Айтсам, айтқан шығармын. – Қақатаев үстелге салбыраған қабағын көтерген. – Дәл мына жағдайға байланысты РОВД-дан инструкция алатынымды қайдан білейін?!
– Инструкцияның маған қандай қатысы бар, аға? Отан алдындағы борышымды өтеп келдім…
– Өз басыңа ештеңе деп тұрғаным жоқ. Әзірге күте тұр. Армиядан енді келсең, әлі «пропискаға» уақыт бар. Астананың іргесіндегі ауылмыз. Декабристердің дүрбелеңі… – деп Қақатаев күмілжи берді. – Сондықтан да сондай инструкция берілген… Тоса тұр.
Одан Алматыға ат басын бұрды ғой бұл. Мұнда да дүңк-дүңк дүрсіл дауыс қарсы алған.
– …Төрт ай жүрсең қайтейін! Ауылың паспортқа тұрақтандырмаса, кімнен көресің, өзің де кінәлі, – деп орнынан тұрды қара торы келген подполковник.
– Жолдас подполковник, ауылсовет көлеңкесінен қорқып отыр. Анадағы оқиғадан кейін қала маңындағы колхоз-совхозда бүкіл паспортқа тұрақтанушылардың тізімін жергілікті совет арқылы алып, тексеру жүргізіліп жатыр. «Көбісінің адресі жоқ, үйді-үйде «жоғалған» пропискалылардың әрқайсысына 300 сомнан штраф салып жатырмыз. Мен сені бұл іс бітпей отырғыза алмаймын, өйткені өзің түсінесің ғой, заманның кең-мол кезінде ауылда тұрақтанғандар қаңғып-қаңғып кеткен. Қайда жүргені белгісіз. Оларды түгелдей тауып, шығарғанын шығарып, шығармайтынын тізімге алып болмай, ешкімді де пропискаға ала алмаймын! Жеп отырған нанымнан айырылар жайым жоқ. Нұсқауды бұзуға хақым тағы жоқ!» – деп жолатпайды. Жұмысқа «пропискасыз» алмайды. Мамандығыммен ауылда да, Қаскелең ауданында да орын жоқ. Қалада орын бар екен, бірақ алдымнан «прописка» шықты тағы да. Үйдің көлеміне тұратын адамдармен қосқанда, мен сыйып тұрмын, аға. Жақын туысымыз ғой.
Архаттың сөзін орнынан атып тұрған ұзын бойлы подполковник бөліп жіберді:
– Легендаңның түкке де қажеті жоқ мен үшін. Отырмайсың! Қалаға кіргенше – қараспан алған сорлысыңдар, кірсеңдер – басбұзар бұзақысыңдар… Сенсіз де қаладағы кердеңдердің лаңы аз емес.