Тоқтар Әубәкіров – қазақтың тұңғыш ғарышкері

СЕН:
– Тоқтар Әубәкіровтің ел дамуына қосқан үлесі туралы білетін боласың.
– Қазақстанның ғарышты игеру саласындағы жетістіктерін түсіндіре аласың.

Есіңе түсір!

  «Адам баласы неге жұлдыздарға ұмтылады?» Бұл – ақын Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын, Жер, енді» поэмасының бір жолы. Сен бұл сұраққа қалай жауап берер едің?

  Әрдайым көкке ұмтылған адам баласы ерте замандардан-ақ ғарышқа ұшуды армандады. Бұл арман тек ХХ ғасырдың ортасында ғана жүзеге асты. 1961 жылдың 12 сәуірінде Юрий Гагарин алғаш рет ғарышқа жол ашты.
  Гагариннен кейін ғарышқа жүздеген адам барып қайтты. Солардың қатарында қазақ халқының Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов сынды ұлдары да болды.

Юрий Гагарин

Тоқтар Әубәкіров

Талғат Мұсабаев

Айдын Айымбетов

  Тоқтар Әубәкіровтің өмірі – алдына қойған мақсатына жете алатын батырдың айқын үлгісі. Тоқтар бала кезінен ұшқыш болуды армандаған. Ол атақты ұшқыштар Талғат Бигелдинов пен Нұркен Әбдіровты үлгі тұтқан.
  Ол 15 жасында парашютшілер үйірмесіне жазылып, парашютпен секіруді үйренген. Ал 16 жасында Қарағандыдағы аэроклубқа барып, ұшқыштар үйірмесінде жаттыққан. 1965 жылдың маусымында алғаш рет ұшақты басқарып көкке көтерілген. Қатты қуанған ол: «Мен көкке ұштым – менің қанатым бар!» – деп айғайлаған екен.
  1969 жылы ол Армавирдегі жоғары әскери авиация училищесін аяқтады. Содан 10 жыл өткенде Мәскеудегі авиация институтында оқып білім алды. Сөйтіп, сынақшы-ұшқыш болды. Ол көптеген ұшақтарды сынақтан өткізді. Жылдамдығы дыбыстан асатын ұшақтарды да басқарды. Тоқтар әлемдегі ең үздік сынақшы-ұшқыштардың ондығына қосылды.
  1991 жылы Юрий Гагарин атындағы ғарышкерлерді дайындайтын орталықта жаттығулар өткізді. Тоқтар Әубәкіров 1991 жылдың 2 қазанында «Союз» ғарыш кемесі экипажының құрамында ғарышқа ұшты. Бұл кезде ол Кеңес Одағының Батыры атағының иегері болатын. Жаңа авиация техникаларын сынақтан өткізу барысында көрсеткен ерлігі үшін оған 1988 жылы осындай жоғары атақ берілген.

Халықаралық экипаж құрамында:
Тоқтар Әубәкіров,
Александр Волков және
австриялық ғарышкер
Франц Фибек

«Мен ғарышқа атақ үшін ұшқан жоқпын. Менің халқым ғарышқа барып келген ұлым бар деп мақтанса екен дедім. Осы сезім маған жігер берді. Ғарыш кемесі бұйрық бойынша орнынан қозғалған сәтте мен: «Халқым менің, сен үшін бәріне дайынмын!» – дедім».
Осы эпизодтан Тоқтардың бойындағы қандай асыл қасиеттерді білдің?

  Республикамыздағы Қызылорда облысының аумағында «Байқоңыр» ғарыш айлағы бар. Адам баласы ғарышқа алғаш рет осы жерден ұшқан. Ғарыш кемелері мен жасанды Жер серіктері де осы айлақтан ғарышқа көтеріледі.
  Ғарышты игеру еліміздің дамуы үшін аса маңызды. Ол Қазақстанның әлемдегі ғарыш державаларының қатарына қосылуына жол ашады.

Жұппен жұмыс істей отырып, Тоқтар Әубәкіровтің өздеріңе ұнаған адами қасиеттерін айтыңдар. Сендер оған ұқсағыларың келе ме? Неге екенін түсіндіріңдер.

Жұптық жұмыс

Топтық жұмыс

  1. Адамның арманға апаратын жолын биік шыңға шығумен салыстыруға болады. Өзінің арманына жету үшін Тоқтар қандай қадамдар жасады? Тоқтар Әубәкіровтің өмірбаянындағы кезеңдерді сызба түрінде бейнелеңдер.
  2. Өзіңнің болашақта кім болатыныңды сен де армандайсың.
  «Өз арманыңа жету жолындағы бес қадам» жолкөрсеткішін құрастыр. Арманыңа барар жолдағы баспалдақтарды анықта. Осы жолда сен нені үйреніп, қандай қасиеттеріңді жетілдіруің керек?
  3. Жұлдызды аспан қызықтырып өзіне тартады. Ғарыштан қарағанда біздің Жеріміз сондай әдемі! Бірақ адамдар ғарышқа сол әдемілікті қызықтау үшін ұшпайды. Сендер қалай ойлайсыңдар, адамдар не үшін ғарышты зерттейді және игереді?

Бақылау,
зерттеу

Ғарышкерлердің арасында сенің де жерлестерің бар-жоғын анықта. Олар жайлы мағлұмат дайында.

×
×

Корзина