ҒАЛАМШАРДАҒЫ ЖАҺАНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР

1. Сұрақтарға жауап бер.
1. Өнер деген не?
2. Өнердің қандай түрлері бар? Диаграмманы толтыр

2. Сұрақтарға жауап бер.

1. Адамзат өмірінде өнердің қандай маңызы бар деп ойлайсың?
2. Жоғарыдағы өнер түрлерінің ішінде қайсысын өзіңнің болашақ мамандығың үшін өте қажет деп санайсың?
3. Сәулет туындылары не себепті өнер түріне жатқызылады?
4. Мына ғимараттарды өнер туындысы деуге бола ма? Пікіріңді дәлелде.

3. Мәтінді тыңда. Мазмұны бойынша конспект жаз.

4. Мәтіндегі мақсатты аудиторияға арналған терминдер мен ұғымдарды анықтап, олардың мағынасын түсіндір.

5. Тыңдалған мәтіндегі ақпаратқа сүйеніп, «Сәулет өнерінің ерекшелігі» тақырыбында өзің қалаған ортаға сай монолог құрап айт. Онда көпшілік алдында тиісті сөйлеу әдебін сақта.

   Тыныс белгілері (не пунктуация) – тіл білімінде жазуға тән шартты белгілер жүйесі. Тыныс белгілері жазба мәтінде айтайын деген ойды нақты, дәл, түсінікті етіп жеткізу үшін қолданылады. Бұл – тыныс белгілерінің басты қасиеті.
  Тыныс белгілері жазба мәтіндегі сөз тіркесі мен сөйлемдерді оқығанда тілде байқалатын кідірісті де, дауыста аңғарылатын әркелкі құбылысты да білдіреді. Бұл – тыныс белгілерінің қосымша қасиеті.
Тыныс белгілері қойылу орнына қарай сөйлем ішінде келетін және сөйлем соңында келетін тыныс белгілері болып екіге бөлінеді.
   Сөйлем ішіндегі тыныс белгілері: үтір, қос нүкте, сызықша, нүктелі үтір, жақша, жарты жақша, тырнақша.
   Сөйлем соңында келетін тыныс белгілері: нүкте, көп нүкте, сұрау белгісі, леп белгісі.

6. Төмендегі мәтінді көшіріп жазып, тиісті тыныс белгісін қой. Оны не себепті қойғаныңды түсіндір. Жазған мәтініңді дауыс ырғағын сақтап оқып, ондағы тыныс белгілерінің қандай қызмет атқарып тұрғанын айт.

    Ежелгі Мысырдағы пирамиданың құрылысын бастау үшін 10 жыл бойы блоктарды жеткізуге арналған жол төселген Геродоттың жазбасында 100 мың адам пирамиданы 20 жыл бойы салғандығы айтылады пирамидаға 2,3 млн тас блок жұмсалған пирамиданың төменгі бөлігі жылтыратып өңделген әктас тақталармен ал жоғарғы бөлігі алебастр тақталармен қапталған төменгі бөлігіт қызыл гранит тақталармен жабылса керек
   Тас Нілдің оң жақ жағалауындағы тас қашау орнынан жеткізілген блоктарды судан ісінген ағаш қазықтардың көмегімен бөліп алып май немесе балшықпен майланған салмалармен сондай-ақ жұмыр бөренелермен жеткізген тасты Ніл арқылы салмен ағызған.

7. Мәтінді оқы.

   Сәулет өнерінің тарихы өте терең. Ежелгі тас дәуірінің соңында-ақ сәулет туындыларының алғашқы қадамдары байқала бастаған. Үңгір қабырғаларында алғашқы қауым адамдарының саусақтарымен жүргізілген ирек жолақтар пайда болды. Ал адамның ең алғашқы «өнер туындысы» саусақтарын кең жайып, оны бояумен айналдыра жүргізіп, шеңбермен қоршаған қолдардың таңбалары еді. Бұл қолдың кездейсоқ қозғалысы емес, саналы әрекеті сияқты. Кейін ғимарат қабырғаларында жануарлардың, аң бетперделерін киген аңшылардың, дөңгелек мүсіндердің алғашқы бейнелері көрініс тапқан. Бұл кезеңнің мәдениет ескерткіштері Испаниядан табылды (Санта Изабель үңгірі).
  Сәулет өнерінің дамуына адамдардың тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық-әлеуметтік құрылымы, әдет-ғұрыптары ықпал етті. Бұрын адамдар бір ғана баспанада қауымдасып тұрса, бірте-бірте отбасылық баспаналар пайда болды. Сол сияқты адамды жерлеу рәсімдеріндегі өзгерістер де сәулет өнерінің дамуына елеулі әсерін тигізді. Мысалы, неолит дәуірінде Солтүстік Қара теңіз жағалауында атақты адамдардың моласының басына алғашқы қорғандар – дөңгелек және трапеция пішінді жер төбешіктер тұрғызылған.
   Неолит дәуірінде тотемизм – белгілі бір хайуанат түріне мінажат ету пайда болды. Соған байланысты бейнелеу өнерінде жаңа белгілер: символдар, абстракциялар, стильдеу дами бастады. Кеңінен тараған петроглифтерге жартастағы кескіндер мен тастағы ойма суреттер жатқызылады.
   Қола дәуірінде қола құралдарды пайдаланудың нәтижесінде құрылыс мәдениеті дамыды. Құрылыс үшін ағашты өңдеп, тасты қашаған. Көшпенді тайпаларда құрастырмалы-жималы тұрақжайдың әмбебап конструктивтік түрлері мен тұрақтарды жоспарлаудың орталықтандырылған жүйесі болды.
   Темір дәуірінде б.з.д. ІХ–VІІ ғасырларда көшпенді тұрақ-жайлардың алуан түрі – құрастырмалы киіз үйлер, мата және былғары палаткалар пайда болды. Темір дәуіріне Еуропада, Азияда белгілі сәулет мәдениеті қалыптаса бастады. Ежелгі Грекия құрылысында металл алғаш рет қалау бөлшектері ретінде қолданылды.
Мысыр мәдениетінің ежелгі патшалық кезеңінде пирамидалар мен ескерткіштер салына бастады. Кейінірек бағаналарда, төбелерде (аспан) сәулет, мүсін өнері мен кескіндеменің үйлесімі, қабырғаларда иероглифтік мәтіндер ерекше айқын көрінді.
   Қосөзен мәдениеті деген атпен белгілі кезеңде Шумер, Вавилон, Ассирия және т.б. сәулет мұралары дами түсті. Одан берідегі ежелгі Үнді, Қытай мәдениетіне тән ғимараттардың да өзіндік ерекшеліктері мол.
    Ал антикалық сәулет – адамзат өркениетінің жаңа дәуірі. Грек, Рим стилінің айқындалған уақыты да осы кез. Бұл кезеңде салтанатты сарайлар, мәдениет орындары бой көтерді. Италияда реалистік тенденцияның дамуы Ренессанс сәулетінің гүлденуіне жол ашты. Одан кейінгі сәулет өнерінің дамуы да орасан зор тарих болып есептеледі.
   Қорыта айтқанда, сәулет өнер ретінде қоғамға, оның арман- мұраттары мен мақсаттарына, экономика мен техниканың даму деңгейіне тәуелді. Десе де, сәулетшілік бүкіл қарама-қайшылық, жеңістерімен әлем тарихының куәгері болып саналады.


(Р. Бирюковадан)

8. Мәтіннің құрылымы бойынша кесте түрінде күрделі жоспар құрып жаз. Әр бөлікке негізгі тірек сөздерді орналастыр.

9. Мәтіндегі тілдік құралдарға сүйеніп, оның стилі мен жанрлық түрін ажырат. Пікіріңді дәлелде.

10. Мәтіндегі өзің қалаған бір сөйлемдегі тыныс белгілерінің түрлерін анықтап, қандай қызмет атқарып тұрғанын түсіндір.

11. Мәтін мазмұны бойынша сәулет өнерінің тарихы туралы қысқаша ақпарат жаз. Онда мәтіннің ішінен өзің қалаған екі сөйлемді дәйексөз ретінде қолдан. Еңбекке сілтеме бер, оны пайдаланылған әдебиеттер тізімінде көрсет. Мәтінде тиісті тыныс белгілерін қолдан.

Назар аудар!
1) Еңбекке сілтеме тік жақша арқылы беріледі.
2) Пайдаланылған әдебиеттер тізімін рәсімдеу жолдары: алдымен еңбектің авторының аты-жөні (тегі толық, ал атының басқы әрпі жазылады), еңбектің аты, оның шыққан орны (қаласы мен баспаның атауы); еңбектің шыққан жылы; еңбектің жалпы бет саны жазылады.

12. Мәтіннің қорытынды бөліміндегі ойдың негізінде пікіралмасу өткізіңдер. Пікіралмасудың тақырыбы мен жоспарын өз қалауларың бойынша анықтаңдар.

13. Суретке қара. Ондағы сәулет туындысына тән үштаған бойынша баға бер. Киіз үйдің сәулет ерекшелігіне талдау жаса.

14. Қазақстандағы өздерің қалаған бір сәулет туындысының жасалу тарихы мен құндылығы, эстетикалық сипаты бойыншаттұсаукесер жасаңдар. Онда ғылыми-көпшілік стильге тән сөйлеу талаптарын сақтаңдар. Тыңдалым, оқылым мәтіндеріндегі қажетті сөз орамдарын талғап жұмсаңдар.

15. Сабақ тақырыбы бойынша кестені толтыр.

×
×

Корзина