«ТАУЛАРДАН ӨЗЕН АҒАР САРҚЫРАҒАН»

1. Еліміздегі қандай өзен, тауларды білесің?
2. Сен тұратын мекенде қандай өзен бар?
3. Әлемге әйгілі тауларды ата.

1-тапсырма. Үнтаспадан өлеңді мұқият тыңда.

2-тапсырма. Өлеңде не туралы айтылады? Алғашқы бөліктегі айтылған ойды болжап, түсіндір. Бірге, бөлек жазылатын сөздерді айт.

3-тапсырма. Мәтінді оқы.

   Есіл!..
   Шілденің шымырқанған сарша тамыз кезінде Есіл өзені адамның көзіне күндік жерден шалынады. Күн сәскеден жоғары көтеріле аққан мөлдір толқынды сағым Есілдің алабына сыймай, аппақ күміс көбігін кең кемерден көпіршіте төгеді. Төгілген сағымның толқыны тулап, шиыршықталып аспанға шапшиды. Шапшыған толқынды сағым сайларды өрлеп, қанатын кең жазады. Шілдеде Есіл өлкесінің желі баяу еседі. Тоғай да бұл кезде кемеліне келіп толықсып тұрады. Жібек шалғынды табиғаттың байлығына көзің тойған кезде оның иесін іздейсің. Ол әрине, Есіл!
   Сен Есілді іздейсің де, көпке шейін ұшырата алмайсың. Бұл кезде Есіл сабасына сарқылып, ағар арнасымен моп-момақан боп жылжиды да жатады. Сол түріне қарағанда, егер тасыған кездерін көрмесең, оның сонша кең өлкені сусындатқан өзен екеніне сенбейсің. Есіл ағысының жасырын күшін сен суына сүңгігенде ғана көресің. Моп-момақан боп, тұнып тұрған сияқтанып, оның суы тізеңнен аспай-ақ сені қабықтай қалқытып ала жөнеледі. Сен малтымпаз болмасаң, суға кеттім деп үрейленесің. Есілдің суында тек аяғың мен қолыңды қимылдата білсең болғаны. Көтеріп ала жөнеледі!.. Тәттілігі қандай сол судың!.. Салқындығы қандай!.. Мөлдірлігі қандай!..

(С. Мұқанов)

4-тапсырма. Мәтін мазмұны бойынша сөйлемдерді ретімен орналастыр.

5-тапсырма. Мәтіндегі көркем сөйлеудің стильдік ерекшеліктеріне сәйкес айтылған ойды кестеге салып жаз.

6-тапсырма. Қазақстан таулары мен өзендері туралы мәліметтің дұрыс-бұрыстығын анықтап, өзіңді тексеріп көр.

7-тапсырма. Өзен-көл, тау туралы мақал-мәтелдерді сәйкестендіріп жаз.

Өзен талымен көрікті,
Таулы жер бұлақсыз болмас,
Тау мен тасты су бұзады,
Адам елінде көгерер,
Өзен жағалағанның

Қоға көлінде көгерер.
Адамзатты сөз бұзады.
Сулы жер құрақсыз болмас.
Өріс малымен көрікті.
өзегі талмас.

8-тапсырма. «Тау» сөзіне бес жолды өлең құра.

1. Зат есім. Не?
2. Сын есім. Қандай?
3. Етістік. Не істейді?
4. Синоним.
5. Сөйлем …

   Керекті сөздер: тау, тамаша, биік, мұнартады, жаңғырады,
шақырады, асқақтайды, жота, шың, құз.

9-тапсырма. Сөйлемдердің дұрыс-бұрыстығын «Иә-жоқ» ойыны бойынша дәлелде.

1. Ертіс, Есіл, Тобыл Арал теңізіне барып құяды.
2. Каспий теңізі алабына Сырдария өзені жатады.
3. Елордамыз Есіл өзенінің бойында орналасқан.
4. Сырдария – Қазақстан Республикасындағы ең таза өзен.
5. Іле өзені Көкшетауда орналасқан.

10-тапсырма. Еліміздегі өзен-көл, таулар туралы жұбыңмен диалог құра. Диалогте дефис арқылы жазылатын сөздерді қолданыңдар.

   Диалог – сөйлесу, әңгімелесу деген сөз. Көркем шығармаларда екі я одан да көп адамның бір-бірімен тікелей сөйлескен сөздері беріледі. Екі кісінің бір-бірімен тікелей сөйлескен сөзін диалог деп атайды. Диалог көркем шығармада ғана емес, ауызекі сөйлеу тілінде де қолданылады. Диалогте әрбір кісінің сөзі жаңа жолдан басталып, алдына сызықша қойылады.

11-тапсырма. «2030 жылы Қазақстан суы мөлдір, ауасы таза, жасыл желекті, гүлденген ел болады» деген Елбасының сөзін қолданып, шағын мәтін құрап жаз.

   2018 жыл дегенде дефис қойылмайды, ол уақытты білдіреді. 8-жыл десек, белгілі бір оқиғаның немесе әрекеттің болғанына, басталғанына кеткен мезгілдің ретін білдіреді.

12-тапсырма. Төмендегі мәліметтерге сәйкес тауларды көлеміне қарай диаграммаға салып көрсет. Солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс, оңтүстік- шығыс, Тянь-Шань сөздеріндегі дефистің қойылу себебін жұбыңмен бірге талда.

   Көкшетау – Сарыарқаның солтүстігінде, Көкшетау қыратының солтүстік-шығыс бөлігінде оқшау орналасқан, жақпартасты, орманды, көлді тау. Оңтүстіктен солтүстікке қарай 20 км-ге доғаша иіле созылып жатыр, ені 5 км-дей.
   Алатау таулары Қазақстан мен Қырғызстан жерінде. Орташа биіктігі 4000 м, ең биік жері Манас шыңы (4484 м).
   Баянтау – Сарыарқаның солтүстік-шығыс бөлігіндегі тау. Абсолюттік биіктігі – 600–1000 м, ең биік жері – Ақбет тауы (1026 м).
   Қаратау – Тянь-Шань тау жүйесінің солтүстік-батысында орналасқан тау жотасы. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 420 км-ге созылып жатыр, енді жері – 60 – 80 км (оңтүстік-шығысындағы Боралдай жотасы). Ең биік жері – Бессаз тауы (2175 м).

13-тапсырма. Түрлі түсті стикерлерге сабақта алған әсеріңді жаз. Бір-біріңнің стикерлеріңмен алмасыңдар. Жазылған сөздерді оқыңдар.

×
×

Корзина