Ана тілі
Ана тілі – атаңның, анаңның тілі, туған халқыңның тілі. Ана тілін біз кішкентай кезімізден әке-шешемізге, әжеміз бен атамызға, айналадағы ересектерге еліктеп жүріп біле бастаймыз. Ананың ақ сүтіндей бойымызға біртіндеп сіңіреміз. Өзіміз өскен сайын халықтан, мектептен, кітаптан, газет-журналдардан, радио-теледидар мен кино, театрдан үйреніп, ана тілін тереңірек біле береміз. Ол – біздің өмір бойы өзгелермен ұғынысатын негізгі қатынас құралымыз.
Әр халықтың басынан кешкен тарихы, ерлік істері, аңыз-ертегілері, шығарған өлең-жырлары, жазған кітаптары, табиғат пен қоғам құбылыстары атаулары, көрген-білген жалпы дүние жайындағы ұғымдары, ойы, сезімі – бәрі де ана тілінде сақталады. Ана тілі арқылы атадан балаға ауысып отырады.
Тіл – бүкіл халықтың игілігі, халықпен бірге жасап, бірге дамиды. Ана тілін жетік білу үшін жас кезіңнен халық ауыз әдебиетін – ертегілерді, аңыздарды, өлең-жыр, дастандарды, мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаштарды естіп, тыңдап, көп оқуың керек, халықтың өзінен, ұлы ақын-жазушыларымыздың шығармаларынан үйренуің керек.
(«Ол кім? Бұл не?» кітабынан)