ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Суреттер бойынша тақырыпты болжа.

1-тапсырма. Мәтінді мұқият тыңдап, тақырыбын анықта.

Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарыңа, туған-туысқандарыңа деген сүйіспеншіліктен басталады.

(Н. Ә. Назарбаев)

2-тапсырма. «Кім жылдам?» ойыны бойынша қойылған сұрақтарға жауап беріңдер.

1. Балдан тәтті? (…)
2. Қара шаңырақ иесі кім? (…)
3. Балаға кім сыншы? (…)
4. Әкеден балаға берілетін зат. (…)
5. Үйдегі алтын адам кім? (…)
6. Адам бойындағы ең асыл қасиет. (…)

3-тапсырма. Екпін түрлерін қолдана отырып, мәтінді оқы. Негізгі және қосымша ақпаратты анықта. Бірінші сөйлемді ой екпіні ережесіне сай бірнеше рет оқып, жұбыңмен талда.

Дастарқан

   Қазақ халқы асты өте жоғары бағалаған әрі қастерлей білген. Ел-жұрт жадында мәңгі жатталып қалған «ас – адамның арқауы» деген қағида осындай терең ұғымның қалтқысыз түсінігі болып қалыптасқан. Халқымыз адам өмірінде тамақтың орнын тіршілікке қажетті құндылықтардың бәрінен де жоғары қойған. Бұған «астан үлкен емессің» немесе «арпа, бидай ас екен, алтын, күміс тас екен» деген ескертпелер мен мақал-мәтелдер де куә бола алады. Қалай айтылса да, қай заманда айтса да, халық асты құрметтеу мен бағалаудың жолын да, жөн-жосығын да, оны дәмді етіп әзірлеудің де көзін, кезін, ретін таба білген. Ел мен елді татуластыру да, жақсылар мен жайсаңдарды құрметтеу де, өздерінің мырзалық, мәрттік, үлгілі, өнегелі қасиеттері мен артықшылықтарын білдіру де, ел дәулеті мен қарым-қабілетін, түсінігін танытуды да қазақ кең дастарқан арқылы, яғни ас, қонақасы арқылы көрсеткен. Осы жолда тұшымды сөз айтып, дәмді тағам берумен бірге оның таза, бүтін ыдыстарына дейін ерекше назарда болған. Сырттан келген кісілер де елді осы қонақасы берудің жолы мен жөні арқылы сынап, бағасын берген. Демек ұлт мәдениетінде тамақ, дәм татыру – экономикалық, дипломатиялық және тәлім-тәрбиелік қызмет атқарған. Қазақ қонақасы беруде қонақ таңдауды, басқа ұлт, дін өкілдері деп бөлуді білмеген, төрге шығарып, ашық қабақ танытқан, достық көңілін көрсеткен. Шаршағандарына, мұқтаждарына ат, ас, көлік сыйлай да білген.

(«Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабынан)

4-тапсырма. Мәтін мазмұны бойынша өз ойыңмен бөліс.

5-тапсырма. Мәтіндегі ең қажетті ақпараттарды анықта. Сұрақтарға жауап бер.

• Халқымыз үшін дастарқанның маңызы қандай?
• «Ас – адамның арқауы» дегенді қалай түсінесің?
• Дефис арқылы жазылатын сөздер мәтінде қандай маңызға ие?

6-тапсырма. Жоғарыдағы мәтіндегі ақпараттарды өз пікіріңмен дәлелде.

   Бірінші сөйлем. «Менің ойымша, …»
   Екінші сөйлем. «Себебі, мен оны былай түсіндіремін …»
   Үшінші сөйлем. «Оны мен мына фактілермен, мысалдармен дәлелдей аламын …»
   Соңғы сөйлем. «Осыған байланысты мен мынадай қорытынды шешімге келдім …»

7-тапсырма. Берілген сөздерден мақал-мәтел құрастырып жазыңдар.

1. Ұя, ұшу.
2. Әке, ұл, ана, қыз, өсу.
3. Әке, тау, ана, бұлақ, бала, құрақ.

8-тапсырма. Төмендегі шағын мәтінге сүйене отырып, оқылым мәтінін құра. Сөйлемдер ауызекі және көркем сөйлеудің стильдік ерекшеліктеріне сай болсын.

   Отбасы – тек ошақ қасы ғана емес, ол ең алдымен, Отанның ошағы. Отан, отбасы деген сөздердің түбірі «от» деген киелі ұғымнан бастау алған. От бар жерде өмір бар. Өмір болған соң, отбасы құрылады. Мың, миллиондаған отбасы Отан деген ұғымды құрайды. Отаның болу үшін жерің, үйің, елің, мемлекетің, дінің, тілің болуы шарт. Мемлекет отбасынан құрылса, отбасы туыс адамдардан құрылады.

(Балалар энциклопедиясынан)

9-тапсырма. Мәтіндегі өзің таңдаған сөйлемді екпін түрлеріне сәйкес оқып бер.

   Балаға жаратылыс сұлулығынан ләззат алғызу. Жаратылыста неше түрлі сұлулықтың бәрі бар. Бала бұлақтың былдырын, судың сылдырын, жапырақтың сыбдырын, орманның күңіренгенін, теңіздің гүрілдегенін естісін. Жымыңдаған жұлдыздар себілген көк шатыр көкті, түрлі түсті кемпірқосағын, буыны жоқ бұраңдаған қайыңды көрсін. Жаратылыс сұлу. Бала сол сұлу жаратылыстың құшағында болсын. Балада сұлулық сезімдері еріксіз оянады. Тәрбиеші жаратылыстағы түрлі сұлулықтарға баланың іскерлігін аудара білу керек.
   Баланың маңайындағы нәрсенің бәрі жинақы, ретті, таза болсын. Таза деген сөзді қымбат деп ұғу қате. Тегінде қымбаттың бәрі сұлу деп ұғу қате ғой.
   Баланың маңайындағы нәрсе қымбат болмасын, таза, ретті, тәртіпті болсын. Үйдің іші, киім-кешек, ыдыс-аяқ – бәрі таза болуға тиіс.

(М. Жұмабаев)

10-тапсырма. Кестені сөйлет. Ережелерді айт. Үзілістегі оқиға бойынша ережеге сай мысал келтір.

11-тапсырма. Өз отбасыңда сақталып келе жатқан дәстүрлерді екпіннің түрлерін қолдана отырып баянда. Солардың ішінен өзіңе қандай отбасылық дәстүрлер ұнайтынын айт.

12-тапсырма. «Менің отбасымның мүшелері» тақырыбында ата-анаңа немесе іні-қарындасыңа құттықтау сөз жаз.

13-тапсырма. Сабақта алған әсеріңді, ойыңды «Төрт сөйлем» тәсілі арқылы жаз.

Пікір. Оқыған мәтін бойынша өз пікіріңді бір сөйлеммен жаз.
Дәлел. Өз пікіріңді бір сөйлеммен дәлелде.
Мысал. Пікіріңді өмірмен байланыстырып бір мысал келтір.
Қорытынды. Тақырып бойынша қорытынды жаз.

×
×

Корзина