ӘЛЕМДІК МӘДЕНИ МҰРАЛАР

«Әлемнің жеті кереметі» туралы не білесің?

1-тапсырма. Мәтінді мұқият тыңда. Мәтіннің тақырыбын анықта.

2-тапсырма. Тыңдалым мәтініндегі жеті санына байланысты қосымша мәлімет жинап, өз бетіңше болжам жаса.

3-тапсырма. Өлеңде айтылған ойға сәйкес өз жеті атаңды кестеге жаз.

Жеті ұрпақты білмейміз,
Әлі күнге көбіміз.
Және бізге беймәлім
Біздің ататегіміз.
Ең алдымен сөз етем,
Бірінші ата – өз әкем.
Екіншісі – атамыз,
Үшіншісі – арғы ата,
Төртіншісі – бабамыз,
Бесіншісі – түп ата.
Қалай тыныш жатамыз,
Маған да, ата, бата бер!
Алтыншысы – тек ата,
Жетіншісі – ұлы ата.

Жеті ұрпақты сөз етсек,
Қателікті түзетсек,
Бірінші ұрпақ – ол бала,
Ұрпағыңды қорлама!
Екіншісі – немере,
Үшіншісі – шөбере,
Төртіншісі – шөпшегің,
Бесіншісі – немене.
Алтыншысы – жүрежат,
Жетіншісі – туажат.
Тұқым солай өседі,
Бірін-бірі қуалап.
Жеті атаның тілін ал,
Жеті ұрпақты біліп ал!

(Ө. Ақыпбекұлы)

4-тапсырма. Мәтінді екпінді дұрыс қойып оқы. Негізгі ақпаратты анықта.

Әлемнің жеті кереметі

   Адамзат тарихында сәулет және мүсін өнері шеберлерінің қолымен жасалған асыл мұралар – әлем кереметтерінің саны жетеу.
   Біздің заманымыздан бұрынғы VI ғасырда Вавилонда сәулет өнері жаңа дәрежеге көтеріледі. Вавилонның көшелері таңның атысы, күннің батысы жан-жақтан келген саяхатшыларға толады. Саяхатшылар әңгімесінің басты тақырыбы – патша сарайындағы таңғажайып тамаша аспалы бақ болған. Оны Вавилон патшасы Навуходоносор сүйікті әйелі Семирамидаға арнап салған деседі. Патша әмірімен отырғызылған бұл әсем бақ өз заманында талайдың таңдайын қақтырып, «Әлемдегі жеті кереметтің» бірі аталды.
   Біздің дәуірімізге жеткен жеті кереметтің бірі – Мысыр (Египет) пирамидалары. Хеопс пирамидасын нағыз керемет десек қателеспейміз. Оның биіктігі – 147 метр. Әр қырының ұзындығы – 235 метр, пирамиданың алып жатқан алаңы – 55 мың шаршы метр. Көне тарихтың мызғымас куәсі болған пирамидалар уақыт сынынан өтіп, әлі де талай ұрпақтың тамашалап қарайтын сәулет ескерткіші ретінде қала береді.
   Көне грек мүсіншісі Фидий биіктігі 17 м, көз тартатын Зевс мүсінін піл сүйегін алтынмен қиыстырып жасаған. Алтын тақта еркін отырған Зевстің қабағы қатулы, жүзі ызғарлы. Бірақ үңіліп қараған адамға көз жанарынан адамдарға деген мейірбандық ұшқындағандай … Кейінірек Зевс мүсінін Грекиядан Константинопольге (қазіргі Стамбұлға) көшірген. Мүсін сонда өртеніп кеткен.
   Артемида ғибадатханасы – Ежелгі Грекия сәулет өнеріндегі шоқтығы биік үлгілердің бірі. Оның атағы ел ішіне кең тарап, аңызға айнала бастайды. Грекияда осы ғибадатханаға ұқсас құрылыстар бой көтереді. Алайда Артемида ғибадатханасының ғұмыры ұзаққа бармаған. Қараңғы түндердің бірінде белгісіз біреу сәулетті сарайдың төрт бұрышынан от қояды.
   Эгей теңізінің Родос аралында IV ғасырларда жүзге тарта ірі ескерткіштер салынады. Солардың ішінде ең көрнектісі – Родос алыбы. Родос тұрғындары күн құдайы Гелиосқа ерекше табынғандықтан, оның бейнесін күміс ақшалардың бетіне салып, дәріптеген. Қоладан құйылған алып мүсіннің биіктігі 35 метр болған. Алайда аралда болған қатты жер сілкінісінен кейін ескерткіштің күл-талқаны шыққан.
   Әлемнің жеті кереметінің бірі – Галикарнас кесенесі. Оны грек еліне белгілі әйгілі қолөнерші, мүсіншілер тұрғызған. Кесене екі қабатты, бірақ айтарлықтай биік болған. Биіктігі 40–45 метрлік кесене көптеген мүсіндермен көркемделген.
   Көне дәуірде Александрия маягінен (бағдаршырақ) ірі құрылыс ешбір жерде, ешбір елде бой көтермеген болатын. Тұтас мәрмәр тастан қашалған, қалыптан шыққандай қаланған маяктың биіктігі 150 метр болған. Ол өлім мен өмір, от пен оқ арасында жанын шүберекке түйген теңізшілерге үміт шырағындай еді. Тастай қараңғы түндерде шексіз-шетсіз теңіз үстіндегілерге талай-талай жол сілтеп, бағыт берген.

(Б. Мекішов. «Әлемнің жеті кереметі»)

• Неліктен бұл мұралар «Әлемнің жеті кереметіне» жатады?
• Жеті саны киелі ұғым екенін қалай дәлелдеуге болады?
• Мүсіндердің атауында қандай сыр бар?
• Мысыр пирамидаларына ұқсас нысандар біздің елімізде бар ма?

5-тапсырма. Мәтін мазмұны бойынша өз ойыңмен бөліс.

6-тапсырма. Оқылым мәтінінен бірге, бөлек, дефис арқылы жазылатын сөздерді теріп жаз. Қойылу себебін түсіндір.

7-тапсырма. Сөздерді мәтін бойынша сәйкестендір.

8-тапсырма. Суреттердегі жеті кереметті салыну кезеңдерін ғаламтор мен энциклопедиядан тауып, сызбаға түсіріп жаз.

9-тапсырма. Әлемнің жеті кереметінің біріне саяхат жаса. Шағын мәтін жаз. Мәтіндегі емле заңдылығы туралы жұбыңмен пікірлес.

10-тапсырма. Әлемнің жеті кереметінің үлгісін жасасаң, сен оны еліміздің қай мекеніне орналастырар едің? Жауабыңды төрт сөйлем арқылы жаз.

11-тапсырма. Сабақта алған әсеріңді, ойыңды төмендегі кестеге сәйкес жаз.

×
×

Корзина