Қаратпа сөз

1. Кестедегі сөйлемдерді салыстыр. Олардың мазмұнына, тыныс белгілеріне назар аудар.

  Арайлым, сен кітапханаға бардың ба?
  Әже, ертегі айтып беріңізші.
  Дүкеннен керек заттарды алуды ұмытпа, қызым.

  Арайлым кітапханаға барды.
  Әжем ертегі айтты.
  Қызым дүкеннен керек заттарды алып келді.

Сөйлемдерді салыстыру барысында не байқадың?

2. Мәтінді мұқият тыңда.

  Нұржан кішкентай ағаштың артық бұтақтарын қия бастады. Байқамай, қабығымен қоса діңін* кертіп тастады.
  – Балам-ау, мұның не? Ағашты жарақаттадың ғой, енді ол жылайтын болды.
  Нұржан қалт тұрып қалды.
  – Қалайша, ағаш та жылай ма?! – деді таңданып.
  – Әрине, оның да жаны бар, ол да тіршілік иесі. Оны сезіне білулерің керек, – деді бағбан.

«Балдырған» журналынан

Мәтін не туралы? Мәтінге ат қой.
Мәтіндегі негізгі ойды білдіретін сөйлемді тауып оқы. Оған өз ойыңды білдір.
Мәтін мазмұны бойынша жоспар құр және оны жаз.
Мәтіндегі қарамен жазылған сөзге назар аудар. Бұл сөз не үшін қолданылып тұр деп ойлайсың?

Орфографиялық Сөздік

діңі

  Тілде біреудің назарын аудару үшін қолданылатын сөздер болады. Ондай сөздерді қаратпа сөздер дейді: Дана, сен зообаққа барасың ба?

3. Мәтінді тиісті дауыс ырғағымен оқы. Қаратпа сөздерді тап.

  – Шырағым, Кәмаш, мына Қарасақаудың баласы саған бүлдірген әкеліпті. Өзі бұрын есік ашпаған бала екен. Жақсылап көйлек тігіп кигіз.
  – Иә, балам, оқып жүрсің бе?
  – Оқып жүрмін, Абай ата.

Мұхтар Әуезов

Мәтінді көшіріп жазып, қаратпа сөздердің астын сыз.
Қаратпа сөздің тыныс белгісіне назар аудар.

Орфографиялық Сөздік

бүлдірген

  Қаратпа сөз үтір арқылы ажыратылады: Марат, үйдесің бе? Иә, Марат, мен сені күтіп тұрмын. Көп кешікпе, Марат.

4. Орны ауысқан ашықхат бөліктерін қалпына келтір.

Сізге денсаулық, ұзақ өмір тілеймін.
Қымбатты әже!
Сізді туған күніңізбен құттықтаймын!

Ашықхатты жазып, қаратпа сөздің астын сыз.

5. Өлеңді тыңда.

              Балақай

– Бүлдірген тереміз, балақай.
– Алақай!
– Ат жарыс көреміз, балақай.
– Алақай!
– Айға ұшып барамыз, балақай.
– Алақай!
– Кел, ағаш жарамыз, балақай.
– Әй, ата-ай!..

Қадыр Мырза Әли

Өлең мазмұнына сәйкес келетін қаратпа сөзі бар сөйлем сызбасын тап.

6. Сөйлемдi қаратпа сөзбен толықтырып жаз.

1. …, мені көшеден өткізіп жіберші.
2. Терезені дұрыстап жапшы, ….
3. Иә, …, оқып жүрсің бе?

7. Мәтінді түсініп оқы.

  Кәкеннің демалысы кезінде әкесі:
  – Ертең жолға шығамыз, балам, тағы да тауға шығып кетпе, – деді.
  – Қайда барамыз, көке? – деді Кәкен.
  – Ауылға барамыз, бабаңа сәлем беріп, батасын алып қайтамыз.
  – Баба деген кім ол, көке?
  – Бабаң – әкеңнің атасы, атаңның әкесі.

Әдібай Табылды

Мәтіндегі негізгі ойды анықта. Соған байланысты өз ойыңды білдір.
Мәтіннен маңызды ойды білдіретін сөйлемді тап.

 

8. Сұхбатты оқып, одан әрі жалғастыр.

– Ата, ең қымбат нәрсе не?
– Туған жеріңнен қымбат еш нәрсе жоқ.
– Неге?
– …

Сұхбаттағы екінші сөйлемді қаратпа сөзі бар сөйлемге айналдыр.

×
×

Корзина