Х, һ дыбыстары

43. Кестедегі сөздерді оқы.

Қ

Қала, құрал, қырман, қағаз, қайық.

Х

Халық, хикая, хан, хат, хабар.

Һ

Қаһарман, жиһаз, Гауһар, жиһангер.

Қ, х, һ дыбыстарының айтылуын өзара салыстыр. Олардың айтылуындағы ерекшелікті байқа.
Х, һ әріптері бар сөздерді көшіріп жаз. Олардың жазылуын есте сақта.

  Х, һ – қатаң дауыссыз дыбыстар. Х сөздің басында және ортасында кездеседі: хан, саяхат.
  Һ сөздің ортасы мен соңында кездеседі: гауһар, мәшһүр, моһ-моһ.

44. Мәтінді тыңда.

Ізет

  Сәбира әжей немересі Хадишамен көшеде келе жатқан. Алдарынан бір жас жігіт шыға келді. Сәбира әжей оны күтіп тұрды.
  – Әже, өте беріңіз, – деді жігіт.
  – Жоқ, сен өт, балам. Жол сенікі.
  Жігіт өтіп кетті. Хадиша әжесіне ренжіді: «Өзінен кіші жігітке жол бергені несі?»
  – Әйел адам ер кісінің жолын кесіп өтпес болар, қызым. Ата-бабадан қалған салт солай, – деді әжей немересінің ойын сезгендей. Хадиша ойланып қалды.

«Жыл он екі ай» кітабынан

Мәтін неліктен «Ізет» деп аталған деп ойлайсың? Өз ойларыңды айт.
Өзіңнің үлкен адамдарға жол бермеген кезің болды ма?

45. Сөздерді көшіріп жаз.

Жаһан, жиһанкез, мархабат, халық, хоккей, ханталапай, қала, қырман, қағаз.

Сөздердің мағынасын түсіндір. Түсініксіз сөздердің мағынасын түсіндірме сөздіктен қарап біліп ал.
Өзің қалаған сөздерді қатыстырып сөйлем құра.

46. Көп нүктенің орнына керекті сөзді қойып, жаңа сөздер жаса.

Бұл сөздердің мағынасын түсіндір.

47. Өлеңді мәнерлеп оқы.

Ғылым жолын таңдаған,
Мұратынан танбаған.
Қараңғыда халқына
Жарық іздеп талмаған.

Сан өлкені барлаған,
Тарих төрін шарлаған.
Ақылы мен білімін
Туған елге арнаған.

Несіпбек Айтов

Шоқан туралы не білесің?
Х әрпі бар сөздерді теріп жаз.
Өлеңнен өзіңе мағынасы түсініксіз сөздерді тауып көр. Сол сөздердің мағынасын түсіндірме сөздіктен қарап біліп ал.

48. Мақалдарды жатқа жаз.

1. Халықтың ортақ үйі – Отаны.
2. Қаһарлы ел қамал бұзады.

Мақалдардың мәнін түсіндір.

49. Суреттерге қара.

Кітапханада кітапты не арқылы табасың? Кітап авторларының көрсеткішін пайдаланасың ба? Бірлесіп талқылап көріңдер.

50. Жаңылтпашты жатқа айт.

Хакім хат ашып отыр.
Хат ашып, шатасып отыр.

Бейсебай Кірісбайұлы

×
×

Корзина