Дыбыстардың үндесуі

1. Ертегіні тыңда.

Таңды іздеу

  Бір адам өз жұмысымен алыс сапарға аттанады. Қараңғы түсе бастағанда бір үйге жетіп, қонуға рұқсат сұрайды. Үй иелері қонақты құшақ жая қарсы алады. Алайда олар кешкі тамақтан соң бір жаққа жинала бастайды.
  – Мына қараңғы түнде қайда барасыздар? – деп сұрайды жолаушы.
  – Біз таңды іздейміз, – дейді үй иесі.
  Олар қолдарына бір-бір бос қап ұстап, үйден шығады. Соңдарынан қонақ та кетеді.
  Бірнеше сағат өткенде алаулап таң ата бастайды. Бір кезде әлгілер қаптарын ашып, таңның жарығын қапқа салған сияқты қимыл жасап, артынша аузын буып, кері қайтады. Олар үйге қайтып оралғанда таң да атады. Үй иелері қаптарының аузын ашып, оны сілкіп-сілкіп жібереді. Таңдана қараған жолаушыға:
  – Біз таңды алып келдік. Өзіңізге айтып едік қой, – дейді олар.
  Қайтар жолында әлгі қонақ инабатты* үй иелеріне бір әтеш алып келеді.
  – Бұл құстың аты – әтеш. Оның бірінші шақырғаны – «таң әлі алыс» дегені, екінші шақырғаны – «таңның жақындағаны», ал үшінші шақырғанда, таң өзі аулаға кіріп келе жатады, – дейді жолаушы. Сол кезде әтеш «ку-ка-ре-ку» деп шақырып жібереді. Үй иелері оны қабылдап алып, жолаушыға алғыстарын айтады.

Бразилия ертегісі
Аударған Шәкен Күмісбаев

Ертегі не туралы? Ондағы негізгі ойды анықта.
Ертегі неліктен «Таңды іздеу» деп аталған деп ойлайсың? Өз пікіріңмен бөліс.
«Қараңғы түн», «таң» сөздерінің мағынасын дереккөздерден қарап біліп ал.
Төмендегі суреттердің қайсылары ертегі мазмұнына сай келеді? Өз ойыңды дәлелде.

Орфографиялық Сөздік

қараңғы

2. Жұмбақты оқып, шешуін тап.

Секунды жоқ
«Тық-тық» еткен.
Есесіне
«Қыт-қыт» еткен.
Қанаты бар,
Сағаты бар.

Ескен Елубай

3. Сөздерді оқып, көшіріп жаз.

Басшы, теңізші, түнгі, көкжиек, сөнбеді, жанбады, орынбасар.

Сөздердің айтылуы мен жазылуын салыстыр.
Үлгі:

Жазылуы басшы

 Айтылуы башшы

  Қатар тұрған дауыссыз дыбыстар бір-біріне әсер етіп, айтылуда өзгереді: жауынгер – жауыңгер, сенбі – сембі.

4. Тыйым сөздерді көшіріп жаз.

  Күн батар алдында ұйықтауға болмайды. Өйткені бұл жаман ырымға саналады. Үйге кешке немесе түнде «Кеш жарық!» деп ену керек.

5. Өлеңді оқы.

Дүйсенбіде –
басы ауырып жатты,
Сейсенбіде –
іші ауырды қатты.

Сәрсенбіде –
аяғы ақсады.
Бейсенбіде –
азу тісі қақсады.

 

Жұма күні –
жөтел қысып,
Сенбі күні –
тобығы тайыпты…
Ал жексенбіде–
құлан-таза айықты.
Сонда оның сырқатын
қалай атау лайықты?

Марат Нұрқалиев

Өлеңде қандай бала суреттелген деп ойлайсың?
Ол неліктен жексенбі күні ауырып калмады? Ойыңды бөліс.
Өзің жексенбі күнді қалай өткізесің?
Өлең кейіпкері туралы өз пікіріңді айт.
Өлеңдегі қарамен жазылған сөздерге назар аудар. Олардың айтылуы мен жазылуын салыстыр.

6. Кестені толтыр.

Дүйсенбек, Жұмагүл деп ат қою себебі неде деп ойлайсың?

7. Ойлан, тап.

1. Жарты жылда неше ай бар?
2. Неше айдың аты «р» әрпіне аяқталады?
3. Қай айда 28 күн бар?
4. Сенбінің алдында келетін апта күнін ата.
5. Сенбіден кейін үш күн өтті. Ол қай күн?

Тапқан жауаптарыңды жаз.

8. Жұмбақты оқып, шешуін тап.

Ағайынды жетеуінің
Жұмысы бар бесеуінің,
Жұмысы жоқ екеуінің.

Сызбадағы апта күндерін ата және сол күндері не істегеніңді әңгімеле.

×
×

Корзина