ХХ ғасырда елімізде ғылым қарыштап дамыды. 1946 жылы Қазақстанның Ғылым академиясы ашылды. Оның алғашқы президенті болып ғалым Қаныш Сәтбаев сайланды. Ғылымдағы жетістіктер өндіріске енгізілді. Биология, медицина, тарих, археология, тіл, әдебиет, өнер және экономика салаларында ғылыми зерттеулер жүргізілді.
ХХІ ғасырда еліміздегі ғылымға үлкен мән берілуде. Ондаған ғылыми институттар жұмыс істейді. Еліміздің шаруашылығы үшін техника үлгілері дайындалуда. Бидай, күріш, арпа тәрізді пайдалы дәнді-дақылдардың жаңа сұрыптары жасалуда. Аталған дәнді дақылдар жоғары өнімділігімен ерекшеленеді әрі жергілікті табиғат жағдайларына да жақсы бейімделген. Жылқы, қой және тағы басқа үй жануарларының жаңа тұқымдары шығарылуда. Біздің елімізде өсірілетін жаңа тұқымды қойлардың бірі – қазақстандық меринос. Осындай тұқымды әр қойдан 15 кг-нан сапалы жүн қырқуға болады. Жаңа Мұғалжар тұқымына жататын жылқылар аса өнімді. Олардан тәулігіне 16 литрге дейін сүт сауылады.