Қазақстан мәдениетінің дамуы. Күләш Байсейітова – «қазақтың бұлбұлы»

СЕН:
– Қазақстанның мәдени жетістіктері туралы білетін боласың.
– көрнекті мәдениет қайраткерлерінің еліміздің дамуына қосқан үлестерін білетін боласың.

Мәдениет дегеніміз – бұл адам баласының материалдық және рухани құндылықтарды қалыптастыру жолындағы іс-әрекеті.

Сызбаны қара. Материалдық және рухани мәдениетке мысалдар келтір.

  Түсірдірме сөздіктегі «балет» және «опера» сөздерінің мағынасына қараңдар. Бұл сөздердің бір-бірінен қандай айырмашылығы бар?A

Сұхбат, талқылау

  ХХ ғасырда Қазақстанда өнердің жаңа түрі – опера мен балет пайда болды.
  Әйгілі балетмейстер Болат Аюханов Академиялық би театрын ашты. Бұл театрдың әртістері еліміздің аймақтарына жиі шығып өнер көрсетеді. Сол арқылы олар балет өнерін Отанымыздың түкпір-түкпіріне насихаттайды.
  Әбілхан Қастеев – алғашқы қазақ суретшілерінің бірі. Өнер тарланының «Талас даласы», «Жайлауда» тәрізді картиналарын көргенде біз табиғаттың сұлулығына сүйсінеміз. Ол Абай мен Шоқанның портреттерін салған.
  Бүгін кескіндемеде, кино өнерінде, театр мен әдебиетте жаңа есімдер пайда болуда.

  Ғаламтор ресурстарын пайдалана отырып, қазақстандық жас суретшілердің, жазушылардың, ақындар мен актерлердің есімдерін анықта. Олардың шығармашылығы бойынша слайд жаса.

Бақылау, зерттеу

  Енді біз Күләш Байсейітованың шығармашылық өнерімен танысайық.
  Әйгілі қазақ әншісі Күләш Байсейітова (1912–1957) өнегелі өмір сүрді.
  1933 жылы ол «Айман – Шолпан» музыкалық комедиясында Айманның рөлін сомдаған. Сөйтіп, Күләштің есімі бүкіл елге танымал болды. Тамаша өнеріне тәнті болған халық оны «қазақтың бұлбұлы» деп атаған.

Күләш Байсейітова
«Қыз Жібек» операсында

Сұрақтар мен тапсырмалар

Сен бұлбұлдың дауысын естіп көрдің бе? Не себепті Күләшті бұлбұл атады?

  Композитор Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы алғаш қойылғанда Күләш Жібектің ариясын орындады. 1936 жылы Мәскеуде қазақ өнерінің онкүндігі болған кезде Байсейітованың орындау шеберлігі жоғары бағаланды.
  Сөйтіп, 24 жастағы Күләш КСРО-ның халық әртісі атағына ие болды.
  Күләш Байсейітова – қазақтың тұңғыш опера әншісі. Күләштің арқасында біздің халқымыз әлемдік классикалық операмен және түрлі елдердің халық музыкаларымен танысты. Оның сыңғырлаған әсем де ашық дауысы опера өнерін қазақ халқына барынша жақын әрі түсінікті етті.
Әнші әлемнің көптеген елдеріне барып өнер көрсетті. Соның арқасында Қазақстанның аса бай музыкалық өнерін бүкіл әлем таныды.
Қазақ халқы әйгілі әншінің есімін құрметтейді. Астана және Алматы қалаларының көшелеріне және Алматы музыка мек- тебіне оның есімі берілді.

…Оның күмістей сыңғырлаған таза дауысы сайраған құстың үніне ұқсайды. Сондықтан Күләш Байсейітова лайықты түрде «қазақтың бұлбұлы» деген атқа ие болды. Ол – тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл кеңестік өнердің мақтанышы.
                                                                                                                             Валерия Барсова,
                                                                                                                             КСРО халық әртісі

Сұрақтар мен тапсырмалар

Мәдениет саласында көптеген мамандар еңбек етеді. Сен олардың мамандықтарын атай аласың ба? Сыныпта өнер саласындағы маман иелерінен танымал болғандардан кімдерді көп атайсың, жарыс ұйымдастыр.

Сен тыңдармансың!

ХХ ғасырда біздің республикамызда сенің ата-әжелеріңді ғана емес, көптеген елдердің көрермендерін өнерлерімен таңғалдырған әншілер болған. Олар – Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Бибігүл Төлегенова тәрізді өнер қайраткерлері.

Ғаламтор материалдарын пайдалана отырып, олардың үздік әндері жазылған электрондық диск дайындаңдар. Сынып сағатында солардың орындауындағы шағын концертті тыңдаңдар. Тамаша әншілердің әндерін тыңдағанда қандай сезімге бөленіп, әсер алатындарыңды айтып беріңдер.

«Біздің қаламыздың (ауылымыздың) мәдени орындары»
атты тақырыпта жарнамалық плакат құрастыр.

Шығармашылық жұмыс

×
×

Корзина