Өнер алды – қызыл тіл

Билерше толғап, нақыл сөз құрастырасың.

1. Нақыл сөзді түсініп оқы. Тіл сөзін сөз деп қайталап оқы. Өз ойыңды айт.

Ең тәтті де – тіл,
Ең ащы да – тіл. 
Ең қатты да – тіл,
Ең жұмсақ та – тіл.

2. Мәтінді тыңда.

  Қаздауысты Қазыбек би – қазақтың үш биінің бірі. Ол Сыр бойында дүниеге келген. Жасынан шешендігімен, ойлы да әділдігімен, батыл да батырлығымен көзге түскен. Халық «Қазыбек қазып айтады» деп құрметтеген.

3. Аңызды түсініп оқы.

Бала – бауыр етің
(Аңыз-әңгіме)

  Қазыбек бидің елге белгілі болған кезі екен. Бірде бір бала үшін дауласып, екі әйел алдына келіпті. Әйелдердің бірі:
  – Мынау баламды мен есін білмейтін жас күнінде жоғалтып алып едім. Соны мына әйел тауып алды ма, әлде ұрлап алды ма, білмеймін, әйтеуір асырап алыпты… Бүгін баламды танып, тауып алдым. Бірақ мына әйел «өз балам» деп бермейді, – дейді.
  Екінші әйел тұрып:
  – Мынау босқа жармасып тұр. Бұл – менің балам, – дейді.
  Қазыбек екі әйелді мұқият тыңдайды. Сосын ойланып отырып қалады. Сәлден кейін:
  – Бірің балаңды жоғалттым, енді бірің таптым дейсіңдер. Бірақ оның шын-өтірігін білетін куә жоқ. Сондықтан мынадай билік еткім келеді, – дейді Қазыбек би.
  Ол баланың екі қолынан екі әйелге ұстатып қояды да, өзі алдаспанды жоғары көтереді.
  – Екеуіңе баланы қақ бөліп берейін, осыған ризасыңдар ма? – дейді.
  Сонда балаға ие болып жүрген әйел:
  – Біреуге тірі бергенше, жартысы болса да, өзімде қалсын. Бөлсең, бөл! – дейді безеріп. Ал баланы таныған әйел:
  – Ойбай, биеке-ай! Қайда жүрсе де, тірі болсын, шаба көрмеңіз! – деп безек қағады.
  Сонда Қазыбек би:
  – Бала мына жоғалтқан әйелдікі екен. Өйткені баланың амандығын тілеп тұр. Баласын өзіне бер, – деп билік айтыпты.

Серік Негимов. «Шешендік сөздер» кітабынан

Орфографиялық Сөздік

тіл
төрелік
шешендік сөз
тапқырлық

Алдаспан – қылыш.
Безеріп – қатігезденіп, жек көріп.
Безек қағады – жаны ауырады, қиналады.

4. Қазыбек биге келген екі ананың сөзін салыстыра сипатап жаз.

5. Қазыбек бидің шешіміне өз көзқарастарыңды білдіріңдер. Жауаптарыңды үлгіге сүйене отырып дәлелдеңдер.

6. Қазыбек бидің шешендік сөзін оқып, жатқа айт.

Адал болса – досың жақын,
Еркелейтін – немерең жақын.

7. Осы шешендік сөздегі жақын сөзінің орнына жақсы, ыстық сөздерін қойып оқы.
Өзің де Қазыбек бише толғап, шешендік сөз құрастырып көр.

×
×

Корзина