Ән өнері

Мәтіндегі оқиға желісін анықтайсың.

1. Жаттап ал. Пікір білдір.

Құлақтан кіріп, бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй.

                                   Абай

Орфографиялық Сөздік

жақсы ән
тәтті күй
музыка өнері
әннің құдіреті

2. Мәтінді тыңда.

Аққұс туралы аңыз

  Шәмшiнiң шырқап салатын әдемi дауысы болмаса да, әннiң табиғатын түсiнiп, оны тыңдаушысына жеткiзе бiлетiн әсем үнi бар едi. Оның дауысы кейде қырылдай шығып, биiктей алмаса да, тыңдар құлақты ерiксiз елiтiп, қай жүректi болмасын баурап әкететiн.
  – Саған қай қасиет бұрын дарыды – ән салу ма, әлде ән шығару ма? – деп сұрағанымда, Шәмшi сәл ойланып:
  – Бетховен тас керең болса да, ғажап музыка жазған. Байқадамов қазақ әндерiн айтуға олақ болғанымен, нағыз қазақи әндер жазған. Өйткенi бәрiнiң көкiрегiнде сайрайтын бiр-бiр Аққұс бар, – деген едi ол. – Анамнан естiген хикая едi. Сол Аққұс туралы әңгiмемдi тыңда.
  Алыстағы бiр асқар таудың басын армандай сұлу Аққұс мекендесе керек. Ол төгiлте ән шырқағанда тау мүлгiп, көл тынып, аспан егiледi екен дейдi. Оның әсем әнiн аңсаған пенделер осы тауға ағылып, Аққұстың ұядан ұшуын апталап, айлап күтiп жатады. Өзiнiң әнiне ынтық болған жұрт мол жиналған шақта Аққұс аспандап ұшып, тау асып, бел асып, махаббат жайлы мұңлы да қуанышты әнiн шырқайды. Ол небiр қайғылы жүректiң мұңын басып, сөнуге айналған үмiтке от жағады екен дейдi.
  Аққұстың ел-жұртты тамсандырған осы даңқы Қарақұсқа жетiптi. Өзiнен басқаның жақсы болуын қаламайтын Қарақұс кәрiне мiнiп, оның көзiн жоюға бел байлапты. Аққұстың аңғырт, бейбiт шағын аңдыған ол бiр күнi шап берiп ұстай алып, қанды тырнағымен бүрiп өлтiруге айналады.
  Ақтық шағы тақалғанына көзi жеткен Аққұс: «Ең болмаса бiр ән айтып өлейiн», – деп жалынған екен дейдi. Қарақұс сәл ойланып: «Бiр әнде тұрған не бар дейсiң, айтсаң, айт», – деп рұқсат бередi.
  Аққұс екi иығынан ауыр дем алып, биiк аспанға мұңая көз салып, бұл дүниеде бұрын-соңды ешкiм естiмеген бiр әндi шырқай жөнеледi. Бұл әндi естiгенде азынаған жел де тына қалады. Қаратаудың көкiрегi қарс айырылып, аһ ұрады. Өзен ағысын тоқтатады. Ағаштар жапырағын жайып, қайғыға оранады. Бар дүниенi түн басады. «Бұл не боп қалды?» деп, Қарақұс жан-жағына қараса, өзi де егiлiп, еңкiлдеп жылап отыр екен дейдi.
  – Бар, ұш! Сен азатсың! – деп айқай салыпты ол Аққұсқа. – Бiрақ ендiгәрi тырнағыма iлiксең, ән айтқызбай
өлтiруге ант етемiн.
  – Әннiң құдiретi, мiне, осында, – дейтiн Шәмшi сөзiн аяқтап, сәл күрсiнiп.

Оразбек Бодықов

Тау мүлгiп – тау ұйқыға кетiп.
Көл тынып – көл тып-тыныш күйге түсiп.
Аспан егiледi – аспан жылағандай күйге түседi.

3. Мәтіндегі негізгі ойды анықта.

  Оқиғаның басталуы …
  Жалғасуы …
  Аяқталуы …

4. Мәтінге сүйеніп, әннің құдіреті туралы айт. Алдында оқығаныңмен салыстыр.

5. Мәтіндегі өнер адамдары туралы берілген мәліметтерді түсініп оқы және өз бетіңше толықтыр.

  Людвиг ван Бетховен – немістің ұлы композиторы әрі дирижёрі.

  Бақытжан Байқадамов – композитор әрі дирижёр. Қазақ мемлекеттік хор капелласы Бақытжан Байқадамовтың есімімен аталады.

  Шәмші Қалдаяқов – қазақтың халық композиторы. Қазақтың музыка өнерінде оның орны ерекше. 300 әннің авторы.

6. Суретке зер сал. Осы сурет саған «Шәмшінің әндері» деген тақырыпта сөйлеуіңе көмектесе ме? Өзің не салар едің?

7. «Шәмшінің әндері» деген тақырыпта сөйлеуге дайындал.

  • Шәмші Қалдаяқов кім?
  • Оның қандай әндерін білесің?
  • Халық композиторды неліктен жақсы көреді?
  • Өз сөзіңді «Шәмшінің әндері мәңгі жасайды. Ән де, әнші де туған елінде құс сияқты қалықтап, биікке ұша береді» деген пафоспен аяқта.
×
×

Корзина