Тағы бiр жай ойыма оралады…
Киiз үйдiң төрiнде бiр топ ауыл ақсақалдары жамбастай жайғасып, баппен қымыз iшiп отыр екен. Әкем дастарқан шетiнде қымыз құйып отыр. Ол менi ымдап шақырды да құлағыма: «Сен, немене, «аталарыңа сәлем берудi ұмытпа дегенiм қайда?» – деп сыбырлады.
Мен қатты қызарақтап, үйден шыға жөнелдiм.
Сыртта бiраз тұрдым да нық басып үйге қайта кiрдiм. Көпшiлiкке қол қусырып тұрып:
– Ассалаумағалейкүм, аталар! – деп әр сөздi қадап-қадап айттым.
Бұған, әрине, бәрi күлiсiп жатыр. Әйткенмен менi өкпелетiп алмас үшiн, бәрi де бiрауыздан «Әлейкүмсалам!» – дестi.
Сонан соң әрқайсысы маңдайымнан сипап мақтайды. Жақсы сөзге мәз болып, мен әкемнiң тiзесiне жайғасамын.
Ол басымнан сипап отырып:
– Жарайсың, балам! Үйге кiргенде әрқашан үлкендерге сәлем берудi ұмытпа! Әдептi бала сөйтедi, – дейдi.