ӨЗІМ ТУРАЛЫ

Мен ұнататын жан-жануарлар

1. Күшікке қатысты мына үш сұраққа жауап беріп көр.

  Қайда? – Күшік сөзін қайда, қандай мағынада
кездестірдің?

  Қалай? – Күшік сөзі көз алдыңа нені елестетеді?

  Қандай? – Суреттегі күшікті сипатта. Алда оқитын мәтіннің не туралы екенін болжа.

2. Өзің сипаттаған күшік пен төменде берілген мәтіннің
арасындағы байланысты анықта. Түсініп оқы.

Өкiнiш

  Аңсардың сабалақ жүндi ақ бауыр күшiгi бар едi. Өзi иiсшiл. Жасырынбақ ойнағанда Аңсарды демде iздеп таба қояды. Үнемi соңынан ерiп жүредi.
  Қазiр де соңынан келе жатыр. Аңсар ойнап жүрген көп балаға қарай келедi. Ол бiр шикi сары баланы көрiп қалды. Әлгi бала қолына қолқылдатып әкесiнiң сағатын тағып алыпты. Сәлден соң бала шынжыр баулы алтын теңгедей сағатымен ойнай бастады. Ойыншық мәшинесіне салып алып шапқылады кеп.
  Аңсар бiраз қызықтап қарап тұрды. Қасына келiп: «Сағатыңды менiң күшiгiме айырбастайсың ба? Бұл – ақылды күшiк», – дедi.
  Күшiк, шынында, әдемi едi. Әлгi бала келiсе кеттi. Күшiгiн Аңсар да жақсы көретiн, бiрақ күшiгiнiң қайтып келетiнiне кәмiл сендi.
  Ол сағат қолына тиiсiмен, қуанышы қойнына сыймай, өз ауласындағы балаларға жеттi. Күн батуға таяп қалған едi. Сағаттың тiлi он екiде тұр. Балалар бұрап едi, – бұралмады. Құлағына тосса да, былқ етпедi.
– Бұзылған сағат, бұны қайдан алып жүрсiң? – дедi олар.
– Күшiгiме айырбастап алдым.
– Бұзылған ескi сағатқа ма?!
– Бұзық болса, мейлi. Күшiгiм үйге қазiр-ақ қайтып келедi, – деп жұбатты Аңсар өзiн.
  Бірақ күшiгi қайтып келмедi.

Дәулет Қасенов

3. 2-тапсырмада берілген мәтіннің қалай аталғанына мән бер.
Неліктен осылай аталған деп ойлайсың? Дәлел келтір.

4. Сен қалай атар едің? Ойыңды дәлелдеп көр.

5. Аңсардың қылығына өз көзқарасыңды білдір.

6. Өзіңе ұнайтын жан-жануар туралы өлең құрастыр.

1-жолда бір сөз ғана беріледі (зат есім).
2-жолда тақырыпты екі сөзбен сипаттау (сын есім).
3-жолға тақырыпқа қатысты 3 қимыл атауын жазу (етістік).
4-жолға 4 сөзден тұратын сөйлем жаз.
5-жолға тақырыппен мәндес бір сөз (синоним).
Үлгі: Ит
        Ақылды, жүйрік
        Қорғайды, күзетеді, үреді
        Ит – адамның сенімді досы
        Жануар

Атамұра

×
×

Корзина