МЕНІҢ ОТБАСЫМ ЖӘНЕ ДОСТАРЫМ

Мәпелейсің мені, анам!

1. Жаттап ал.

Ақ сүт берген ананың
Балада хақы көп болар.
Ана деген мейірлі,
Сыйлай гөр, балам, анаңды!
Ата деген қадірлі,
Сыйлай гөр, балам, атаңды!

«Алпамыс батыр» жырынан

мұнда: еңбегі.

2. Түсініп оқы.

Ақ шаш

  Миша анасының басынан үш тал ақ шаш көрдi.
– Ана, басыңда үш тал ақ шаш бар екен, – дедi.
  Анасы езу тартып күлдi де қойды.
  Бiрнеше күн өткен соң Миша анасының басына тағы бір тал ақ шаш түскенiн байқады.
– Ана, – дедi Миша таңданып, – басыңда ақ шаш төртеу болыпты… Бұрын үшеу ғана едi ғой. Неге тағы бiреуi ағарып кеткен?
– Ауырғаннан, – дедi анасы, – ананың жүрегi ауырса, шашы ағарып кетедi.
– Жүрегiң неден ауырады?
– Есiңде ме, сен өте биiк ағаштың басына өрмелеп шықтың ғой… Мен оны терезеден көрiп тұрғанмын. Сенiң жiп-жiңiшке бұтақта тербелiп тұрғаныңды көрiп, жүрегiм ауырып кеттi. Содан шашым да ағарды.
  Миша үнсiз ойланып, ұзақ отырды. Содан соң анасына келiп, құшақтады да:
– Ана, мен жуан бұтақта отырсам, шашың ағармас па едi? – деп сұрады. 

Василий Сухомлинский (орыс жазушысы)
Аударған – Қ. Мұсағалиев

3. Мәтiндегi негiзгi ой қандай мәселеге құрылғанын белгіле.

1) Ананың шашының ағаруы.
2) Ананың баласын жақсы көруі.
3) Баланың ағашқа өрмелеуі.

4. «Ананың көңiлi балада, Баланың көңiлi далада»
деген нақылдың мәтiнге қатысы бар ма? Әңгiмелеп көр.

5. Қағазға анаңды қуантатындай бес нәрсе ойлап жаз.

Атамұра

×
×

Корзина