МЕНІҢ ОТБАСЫМ ЖӘНЕ ДОСТАРЫМ

Үлкендерді тыңдаймын

1. Берілген ақыл сөздерді қалай түсінетініңді айт.

1. Сен үлкенді сыйласаң, кіші сені сыйлайды.
2. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет.

2. Мәтінді түсініп оқы.

Мысық пен тышқандар

(Ертегі)

  Мысық пен тышқан ежелден-ақ бір-біріне өш болыпты. Бір күні мысық іздеп барып, тышқандарға жар салады.
– Бұдан былай араздықты қоялық, тату-тәтті өмір сүрелік! Сол үшін біздің ауылға келіңдер! Құшақ жайып қарсы аламыз! Сый-сияпат көрсетеміз…
  Көбік сөзді судай сапырып, тышқандардың делебесін қоздырған соң, мысық кетіп қалады. Тышқандар жиналады. Өзара кеңеседі.
  Сонда мысықтың сөзіне елігіп алған жас тышқандар:
– Мысықтар жаулық райынан қайтып отыр. Расында да, тату болғанымыз жөн. Шақырып кетті ғой, көңілін қалдырмай, барайық, – деп құлшынады.
  Тіс қаққан кәрі тышқандар күмәндарын айтып:
– Қойыңдар, әлі де артын күтіңдер. Мысықтардың алдарқатқан айласы шығар… Тіл алсаңдар, бармаңдар! – дейді.
  Жас тышқандар тыңдамайды. Қонақ болып, сый-сияпат көру үшін саусылдап мысықтардың ауылына барады. Бұлардың алдынан қонаққа шақырып кеткен қара мысық шығады.
– Қош келдіңдер, ағайындар! Мына үңгірге кіре беріңдер. Бұл – біздің үйіміз! – деп, өзі бастайды. Тышқандардың бәрі кіріп болғаннан кейін мысықтар үңгірдің аузын бекітіп тастайды.
– Е, аңқаулар, амалымызды асырдық па?! – деп тепсінеді де мысықтар лап қояды.
  Сол арада тышқандарды қырып салады… Ал кәрі тышқандар аман қалады.
  Содан бері «Бәрі таппаған ақылды кәрі табады» деген сөз қалыпты. Үлкенді тыңдаған ұтылмаса керек.

«Ертегілер» жинағынан

3. Ертегіден нақыл сөзді тап. Ертегідегі оқиғаға сүйеніп, мағынасын түсіндір.

4. Берілген суреттерді ертегідегі ретімен орналастырып, оқиғаны әңгімеле.

5. Қарттарға қандай тілек айтасың?

6. Қағазға үлкендердің саған айтар үш ақылын,
кішілерге өзіңнің айтар үш ақыл сөзіңді жаз.

Атамұра

×
×

Корзина