МЕНІҢ МЕКТЕБІМ

Аламын білім кітаптан

1. Суретке зер сал.

– Суреттен не байқадың?
– Мектебіңде осындай орын бар ма?
– Сен ол жерге не үшін барасың?
– Қандай кітап оқығанды жақсы көресің?
– Суретті қалай атар едің?

2. Мәтінді түсініп оқы.

Кітап

– Мен саған көп кітап алдым, – деп қуантты қарт немересін.
  Атасы алған кітаптарды көріп шыққан Сәлім:
– Әттең, бір кітап есіңізде болмаған екен! – деді.
– Ол – қандай кітап еді? Мүмкін, мынау шығар? – деп қарт төсқалтасынан алып, манағы жұқа кітапшаны көрсетті.
– Нақ өзі! – деді бала қуанып, – мұны неге бөлек алып қалдыңыз?
– Бұл – саған емес, өзіме алынған кітап.
  Бала атасының бетіне таңдана қарады.
– Неге қарайсың?
– Сізге өзім оқып бермеймін бе?
– Оқуын оқып бересің, ал сақтауын өзім сақтаймын…
– Ал менде тұрса қайтеді?
– Бұл – өте қасиетті кітап қой, балам. Сенде тұрса – әркім ұстап, кірлетіп, тоздырып тастауы мүмкін.
– Ой, қызық екенсіз, ата! Бізге бүгін осы кітап бойынша сабақ басталды. Ал сіз «сақтап қоям» дейсіз…
– Әрине, оқуыңа болады. Тек ықтияттап, кітапты тоздырмай ұстау керектігін айтып отырмын.
– Оқымай, құр сақтағаннан не пайда?! – деп қалды Сәлім.
  Қартқа немересінің мына аңғал айтып қалған сөзі түрпідей тиді.
– Өзім оқымасам, оқытпаймын ба саған, оқытпаймын ба басқаға?!
  Атасының жаратпай қалғанын аңғарған бала да өз ойын айқындауға асығып:
– Біреу оқып берген, қанша дегенмен, адамның өзі оқығандай болмайды ғой. Мен соны айтам, – деді атасының қас-қабағына қарап.
  Қарт бұл сөзге жауап іздеп әуре болмады. Қаршадай немересі – Сәлім айтса да, тауып айтылған пікір сияқтанды.

Мұқан
Иманжанов
(1916-1958)

3. Әңгіменің авторын ата. Сызбаны пайдаланып әңгімеле.

4. Мәтінде сөз етілген кітап қандай кітап деп ойлайсың?

5. «Кітапханада» деген ойынға дайындал. Кітапханашы,
оқырмандар қатысуы керек. Диалог құрастыр.

6. Кітапханадан кітап алу ережесін құраңдар.

1. Қалаған кітабыңа тапсырыс беру.
2. …
3. Картотекасын толтыру.
4. …

Атамұра

×
×

Корзина