Халық поэзиясының алыбы

Мәтіннен қажетті ақпаратты табасың.

1. Түсініп оқы. Жамбыл Жабаев туралы әңгімеле.

Жамбыл Жабаев – қазақ халқының көрнекті ақыны, жыршы, жырау

  Жамбыл Жабаев (1846–1945) қазіргі Жамбыл облысының Хан тауы мен Жамбыл тауының етегінде туған. Жамбыл Жабаевты нағыз ақын ретінде байтақ елге танытқан – айтыс өнері.

2. Естелікті түсініп оқы.

Жәкем

  Бір күні кешкілік есік алдына мәшине келіп тоқтады. Мәшинеден қимылы ширақ адам түсті. Ол амандықтан соң, Жамбыл атамды тез киіндіріп алып кетті. Біз ешнәрсе түсінбестен, үнсіз қалдық.
  Ертеңінде ұйқыдан сергек ояндым. Екі-үш жігіт бағаналарға түсіп-шығып жүр. Ауыл адамдары лезде жиналып қалды.
  – Ал енді құлақтарыңызды тосыңыздар, – деді. Кішкентай қара қорап радио екен. Арғы жағынан Жәкем жырларын төгуде. Атамды асығыс алып кеткен ақын Әбділда Тәжібаев екен. Алматыда өткен ақындар айтысына қатыстырылыпты. Жәкем жүйрік шығып, Мәскеуде өтетін Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне қатысатын болыпты…
  Кейіннен Жәкемді қарсы алуға Алматыға келдік. Пойыз тоқтағанда, өнер адамдарымен бірге атам да түсті. Адамның көптігі сонша, мен топтың арасында қалып қойдым.
  Атам сондағы адамдарға:
  – Осында менің бір қара қызым болуы керек. Оны маған жіберіңдерші, – депті. Көпшілік екіге бөлінгенде атам мені іздеп, жан-жағына қарап келеді екен.
  – Ата! – дедім. Дауысымды естіген Жәкем мені көтеріп алды. Маңдайымнан иіскеп, еркелеткен соң, қасына ертіп жүрді.

Ділдахан Жамбылова «Мөлдір бұлақ» журналынан

Естелік – өмірде шынайы болған атақты тұлғалар мен оқиғалар жайында көзбен көріп, куәгер болған адамдардың баяндап беруі.

3. Берілген мәтіннің естелікке жататынын дәлелде. Естелікті жазған кім? Ол кімді есіне алады?

4. Мәтіннен әке сүйіспеншілігі айтылған тұстарды тауып оқы.

5. Жамбыл ата сендерге де мейірімді сөздерін арнаған. Тыңда.

Шәкірт балаларға

Балдырған балғын балалар,
Жасынан білім ойлаған.
Айналам сендей жеткіншек,
Қарасам – көзім тоймаған.

Мәуелі сендер бәйшешек
Өмірдің жазын тойлаған.
Ұялы мен бір бәйтерек
Ортаңда көктеп бойлаған.

Сендерді қоссам жырыма,
Саңқылдап үнім сайраған.
Қаздаңдап кәрі саусағым
Ішекте бойлап ойнаған.

Мектептен сендер келгенше,
Тағы да бір жыр ойланам,
Келген соң айтып бермесем,
Балалар, кінә қой маған!

Жамбыл Жабаев

6. Суретке сай келетін өлең жолдарын тап. Мағынасын түсіндіріп айт.

×
×

Корзина