Ахмет шыр етіп жарық дүниеге келген Сарытүбек – жердің шеті дерлік бір түкпір. Ақкөл атты көлі бар. Сол сайын далада дүниеге нәресте келді. Атын Ахмет деп қойған. Бала өсіп жатты, қабілетті болып өсті. Айтқанды қағып алады. Зерделі бала. Ол өз бетінше сан алуан кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысады.
Ахметтің дамып, өсуіне Торғай өңіріндегі ақындық мектебі де әсер етті. Ол Жұмабай, Есенжол, Сейдахмет ақындардың жырларын тыңдап өсті. Домбыраны әрі ақын, әрі композитор Есенжол Жанұзақұлынан үйреніпті. Сейдахмет ақын бала Ахметті ерте-ақ танып:
Елетпей көк өрімдей болғандығын,
Танытқан таңғажайып алғырлығын.
Әдейі Ахметке өлең арнап,
Қолыма домбырамды алдым бүгін.
Бақ қонды оннан жаңа асқанында,
Асарсың өнердің сан асқарын да.
Жарқырап әлі бір күн тұрарсың сен,
Жұлдыз боп қазағымның аспанында, –
деген. Дана ақын бала ақынның болашақта қазақ аспанында жұлдыз боп жанатынына сенген.
Ахметтің ұстаздық жолға түсуіне Ыбырай Алтынсариннің әсері мол болды. Ол Ыбырай мектебінің үздік әрі жүйрік шәкірті атанды. Ұлы ұстаз қалдырған өнеге мен тәлімді көрді, оған еліктеді.
Қоғабай Сәрсекеев. «Ұлт ұстазы» кітабынан