МЕНІҢ ТУҒАН ӨЛКЕМ

Өз мекенім жақсы

1. Жұмбақты шеш.

Қылдай белі бүгілген,
Өзінен де жүгі үлкен.

2. Жұмбақтың шешуі болған жәндік туралы не білетініңді әңгімеле. Мәтінді оқы.

Кімнің мекені жақсы?

  Бір күні құрбақа, тышқан, құмырсқа – үшеуі кімнің жақсы мекені, жайлы қонысы бар екенін білмекші болып жолға шықты.
  Құрбақа секіріп, тышқан жорғалап, құмырсқа қыбырлап ұзақ жүрді. Талай шұңқыр, талай төмпешік артта қалды.
  Ақыры олар кішкентай шалшық суға кез болды. Шалшықтың маңынан борсыған иіс келеді. Шет жағында жалғыз аяғымен қаздиып тұрған көкқұтаннан басқа бұл маңда ештеңе көрінбейді.
– Дүниедегі ең бір қолайсыз жер осы болар-ау, иісі қандай сасық еді, қолқаңды атады, – деп тышқанмұрнын тыржитты да, көкқұтанның қасынакелді.
– Көкқұтан, көкқұтан, жер бетінде кімнің мекені жақсы, кімнің қонысы жайлы? – деп сұрады.
Көкқұтан мойнын паңдана бұрды да, тышқанды сөге бастады:
– Соны да сөз деп сұрап тұрмысың? Ең жақсы мекен, жайлы қоныс осы жер емес пе!? Иісі қандай жақсы – көкірегіңді ашады. Суы қандай тәтті – жер татиды. Батпағы қандай жұмсақ – нағыз май батпақ, – деді де, ұшып барып шалшықтың екінші жағына қонды.
  Құрбақа, тышқан, құмырсқа тағы да ілгері қарай жүре берді. Олар сәске түсте ол шеті мен бұл шеті көз жеткісіз жазық далаға келіп жетті. Нағыз ми қайнатар ыстық басталды.
  Қалың көдеден басқа көлеңке болар пана жоқ. Құрбақаның тамағы бүлкілдеп, таңдайы кепті:

– Дүниедегі ең бір қолайсыз қоныс осы жер болды-ау, қандай ыстық еді, – деп, ауыр дем алды. Көденің түбінде бұғып отырған бозторғай мұны естіді де, «пыр» етіп аспанға көтерілді.
– Дүниежүзінде менің мекенімнен жақсы, менің қонысымнан жайлы еш жер жоқ, менің мекенімнен, менің қонысымнан! – деп әнге салып, биіктей берді, биіктей берді.
  Құрбақа, тышқан, құмырсқа тағы да ілгері қарай жүріп кетті.
  Әлден уақытта аспанға қара бұлт үйіріліп, артынша-ақ қатты жауын жауды. Жердің миы шығып, батпаққа айналды. Тышқан бауыры суға малынып, жүні сабалақтанып, дірдектеп тоңа бастады. Ал құмырсқа болса, мүлдем әлі құрып, жүруден қалды. Ол шаршап, қалжырап отырып:
– Дүниедегі ең қолайсыз қоныс осы жер болды-ау. Жауыны қандай қатты еді, – деп қамықты.
  Бұл уақытта жердің жарықшақтарынан тысқа жыбырлап шыққан жауынқұрттары:
– Шіркін, жауынды жерге не жетсін! Жер бетінің үнемі ылғал тартып тұрғаны қандай рақат! – деп, мәз-мейрам болып жатты.
  Құрбақа, тышқан, құмырсқа бұдан әрі ілгері жүрмеді. Кейін қайтты. Арып-ашып, іңір қараңғысында өз мекен, өз қоныстарына әрең оралды.
  Тышқан жып беріп өзінің ініне еніп кетті де, түбіне қарап жатып:
– О, шіркін! Дүниеде менің інімнен артық жақсы мекен, жайлы қоныс бар ма екен? Өзі тар, өзі қараңғы, өзі қауіпсіз, – деді.
Құмырсқа да өз илеуіне келіп кірді де:
– О, шіркін! Дүниеде менің илеуімнен жақсы мекен, жайлы қоныс бар ма екен? Өзі жайлы, өзі биік, өзі жұмсақ, – деді.
  Ал құрбақа да өзінің орнына секіріп түсіп:
– О, шіркін! Дүниежүзінде менің орнымнан жақсымекен, жайлы қоныс бар ма екен? Өзі салқын, өзі дымқыл, өзі көлеңке, – деді.
  Сонымен дүниедегі ең бір жақсы мекен, жайлы қоныс – әркімнің өз мекені, өз жері екен.

Сәкен Жүнісов

3. Сызбаны пайдаланып автор туралы әңгімеле.

4. Сонымен, бізге таныс үш кейіпкер жақсы мекен, жайлы қоныс тапты ма?

5. Мәтіндегі соңғы сөйлемді дауыстап, қайталап оқы.

6. С. Жүнісовтің «Кімнің мекені жақсы?» мәтініндегі негізгі ойдың басталуын, жалғасуын, аяқталуын тап.

7. Мәтін неше бөлімнен тұрады? Әр бөлімге ат қой.

8. Төмендегі суреттерге сәйкес топқа бөлініңдер. Әр топ өз мекенінің жайлы екенін айтып, рөлге еніп көрсетіңдер.

Атамұра

×
×

Корзина